Өскеменде куәгерлер видеоға түсіріп алған оқиғада Lada автокөлігінің жолаушысы жол үстінде қозғалып келе жатқан көліктің терезесінен аяғын шығарып, өзіне де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндірген, деп хабарлайды Malim.kz Altainews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл видео әлеуметтік желілерде таралып, полицияның назарына іліккен. Тексеру нәтижесінде тәртіп сақшылары жүргізуші мен жолаушының жеке тұлғаларын анықтады.
Жүргізуші жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылса, жолаушы көлік қозғалысы кезінде салоннан тыс жерде болғаны үшін жауапқа тартылды.
ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, жолда әсерлі кадр түсіру немесе ермек үшін жасалған мұндай әрекеттер ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Оқиғаға қатысушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, оларға жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі ескертілді.
Ведомство жолдағы қауіпсіздік әрбір қатысушының жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.