Әлеуметтік желімен күрес. Ерлан Саиров не дейді?
Мәжілістің бірінші оқылымда мақұлданған Балалар құқығын қорғау мәселелеріне арналған заң жобасына қатысты дау әлеуметтік желіде басылар емес. Қарсы тарапқа уәждерін енді депутаттардың өздері әлеуметтік парақшаларында айта бастады. Мәселен, депутат Ерлан Саиров Facebook парақашсында «мен желідегі әлімжеттілік, буллинг жөнінде, әлеуметтік желінің мәдениеті жөнінде жүйелі түрде жазып жүрмін» деп сөз бастап, кибербуллинге қалай қарсы тұру мәселелерін көрсетіпті. Келтірген деректері мен айтқан уәждерін қабылдау, қабылдамау әркімнің өз еркі, дегенмен депутат атап айтқан кей деректер адам шошытады. Мәселен, 2021 жылдың бірінші жартысында 105 суицид, 105 талпыну тіркеліпті. Жалпы, бізде суицид оқиғаларының барлығы қоғамға айтыла бермейді. Ресми орындар ондай ақпаратты тарату керек десе ғана, баспасөзде көрінеді, ал тараптпау керек десе, былайғы жұрт ондай қасірет бар екенін білмейді. Білмеген соң ондай дерттің қайдан, қалай келгенін, онымен қалай күресу де талқыланбайды. Талқыланбаған соң, дер кезінде айтылмаған соң, оның алдын алуға жасалған кез келген амалды, қандай да бір әрекетті қоғам дұрыс түсінбейді. Содан кеп билік өкілдері жағдай былай ғой деп жыртылып жүреді. Ерлан Саировтың жазбасын оқып көріңіз.
«Кибербуллингтің балаларға ғана емес, ересектерге де қатысты екендігін барлығымыз жақсы білеміз.
Қаншама өкінішті, жазатайым жағдайдар біздің көзімізше болып жатыр!
Балаларға қатысты нақты цифрларды келтірген дұрыс:
- 2020 жылы бала мен жасөспірімдер арасында 143 суицид тіркелсе, 193 суицидке талпыну тіркелген.
- 2021 жылдың бірінші жартысында 105 суицид, 105 талпыну тіркелген.
Сарапшылардың есебіне жүгінсек, 2018 жылы ғана
- балалардың 60 пайызы өмірінде бір рет /кибер/ буллингке ұшыраған;
- 17 пайызы /кибер/ буллинге бірнеше рет ұшыраған.
Кибербуллингпен күресу әлеуметтік желіні реттеумен тікелей байланысты.
Елімізде тек 2021 жылы ғана желіде 140 мың заң бұзу /фейк, кибербуллинг, экстремизм/ фактісі тіркелген!
Ақпарат министрлігі Желі Платформаларына 1700 хат жазылған, соның 20-30 пайызы ғана қанағаттандырылған, яғни алып тасталған.
Осы саланы реттеудің халықаралық тәжірибесін қарастырайық.
1. 2017 жылы Германияның Бундестагы «Әлеуметтік желі жөнінде» заң қабылдады. Бұл заң бойынша, 2 млн. қолдаушысы бар Әлеуметтік желі Платформалары Германияда азаматтық істер мен айыппұлмен айналысатын өкілді тағайындауы керек.
Әлеуметтік желі Платформасы түскен арыз-шағымдарды 24 сағаттың ішінде қарап, контентті тексеріп, адамды балағаттау, жек көру экстремистік бағыттағы жазба болса шағым түскеннен кейін бір жетінің ішінде алып тастауы керек.
Заңды бұзғаны үшін 50 млн евро айыппұл қарастырылған!
2. Францияның Ұлттық жиналысы да осындай заң қабылдаған. Бұл заң бойынша, Онлайн-Платформа Франция территориясында заңды өкілін тағайындауы тиіс. Онлайн-Платформа арыз-шағым жасаудың электронды түрін енгізуі тиіс.
Заңды орындамағаны үшін 112 500 евро айыппұл қарастырылған.
3. Оңтүстік Корея, Сингапур, Ресей, Түркия, ЕО басқа да елдері өзінің заңдарын осы мәселе бойынша күшейтіп жатыр.
4. Жаңа Зелландия, АҚШ-тың 50 штатының 44 штатында кибербуллинге қылмыстық қатаң жауапкершілік қарастырылған.
Бүгінде, Әлеуметтік Платформаларды реттеудің халықаралық тәжірибесі осындай.
Америка Құрама Штаттары, әзірше, кибербуллинге қарсы заң қабылдаған Германия, Франция, Сингапур, басқа да елдерге, өзінің штаттарына ешқандай санкция қабылдаған жоқ.
Өйткені, әлеуметтік желінің ішіндегі фейк, буллинг, экстремизм проблемасы АҚШ тың қоғамын да толғандырып отыр. Өздері де Әлеуметтік Платформаны реттеп отыратын заңдарды ойластырып жатыр.
Қазақстандағы кибербуллинг мәселесінің «күйіп» тұрғанын есепке алсақ, Ауғанстанға байланысты діни экстремизм мәселесінің өзекті екендігін ескерсек, осы проблемамен айналысатын мемлекеттік өкілетті органның болғаны дұрыс.
Мемлекет бүгінде экономика, әлеуметтік қорғау, қаржы салаларын күнделікті реттеп отырады.
Оған біздің көзіміз үйреніп кеткен.
Сондықтан назар аудармаймыз.
Ал енді, Әлеуметтік Платформалармен қарым-қатынас мәселесіне келетін болсақ, бұл жөнінде әлі талқылаулар болары сөзсіз.
Менің ойымша, Әлеуметтік Платформалардың біздің еліміздегі өкілеттілігі «виртуалды» түрде де болуы ықтимал. Яғни, сол Платформалардың штаб-квартирасында қазақ- орыс тілін еркін меңгерген біздің жастар «әлеуметтік желінің ұлттық модераторы» рөлін атқарып, біздің мелмекеттік өкілетті органмен Әлеуметтік Платформа арасында «дәнекер» рөлін атқарса да артық-кемі болмауы ықтимал.
Еркіндік, тәуелсіздік пен басбұзарлық, зорлық-зомбылықты шатастыруға болмайды.
Демократия дегеніміз норма, процедура, этика және мораль!
Адамның ар-ұжданын сыйлайтын, заңның ала жібін аттамайтын, мәдениеті жоғары, парасаты биік азаматтарға бұл өзгерістерден қорқатын, үркетін ештеңе жоқ.
Керісінше, бұл өзгерістер сондай азаматтарды басбұзар, экстремисттерден қорғайтын норма және процедура».