Алтынбек Сәрсенбайұлының сотында Бауыржан Мұхамеджановтың берген жауабы
Осыдан тұп-тура 15 жыл бұрын саясаткер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Бұл іске қатысты 2006 жылы Талдықорғанда және 2014 жылдың қаңтарында Қаскелеңде сот процесі өтті. Қаскелеңде Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қараған сот саясаткерді өлтіруге Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев тапсырыс берді деп Талдықорғандағы сотты терістегендей еді. Алайда бір аптада асығыс-үсігіс өте салған Қаскелеңдегі сот та бұл істің түбіне жетіп, шындықты аша алмады, сотқа қатысып жауап беруі тиіс адамдар сол бойы сотқа шақыртылмады.
Қаскелеңдегі сотта жәбірленуші тарап 2006 жылы ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджановты сотқа шақыртып жауап алуды талап еткен. Бірақ судья Бейімбетов бұл талапты қанағаттандырмай, Бауыржан Мұхамеджановтың 2012 жылдың 8 маусымында Астанада ҰҚК тергеушісіне куәгер ретінде берген жауабын оқып берді. Назарларыңызға Б.Мұхамеджановтың сотта оқылған тергеуге берген жауабын ұсынып отырмыз.
Бауыржан Мұхамеджанов, бұрынғы ішкі істер министрі:
– 2006 жылы мен ішкі істер министрі едім. 2006 жылдың ақпанында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісіне қастандық жасалғанын маған көмекшім мәлімдеді. Өлтірілген адамның Сәрсенбайұлы екеніне нақты кімнің көз жеткізгенін анықтамақ болдым. Мәйіттер екпетінен жатқан, оларды әлі тексеруде. Өлтірілгендердің кім екенін нақты анықтамай алмай жатып қаза болған адамның Сәрсенбайұлы екенін хабарлағаны менің жүйкеме тиді. Алматы қалалық ІІД қызметкері Козлов Сәрсенбайұлын танитынын, қаза болғандардың бірі сол екенін анықтады.
Бас прокурор Р.Түсіпбеков екеумізді президент әкімшілігіне шақыртты. Ол кезде мемлекет басшысы елде жоқ еді, бізбен М.Тәжин әңгімелесті. ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары В.Божко да сонда екен. Бізге бұл істі тексеруді тапсырды.
ІІМ-ге келген соң тексеру ұйымдастыруды және оны бақылауды бірінші орынбасарым генерал Қ.Қасымовқа тапсырдым. Ол бірден Алматыға ұшып кетті. Мемлекет басшысы елге оралған соң жауапкершілік маған және Р.Түсіпбековке жүктелді.
Тапсырма алған соң Түсіпбеков екеуміз Алматыға бардық. Істі тексеру үшін прокуратура қызметкерлерімен бірге тергеу тобы құрылды. ІІМ тарапынан оған Қ.Қасымов басшылық етсе, прокуратура тарапынан Е.Мерзадинов жетекшілік жасады.
Бір күні маған Сәрсенбайұлында болған телефондардың бірі қосылғанын мәлімдеді. Ол кезде жедел іздестіру шараларына ІІМ және ҰҚК қызметкерлері тартылған болатын. Телефон арқылы мейрамханада жұмыс істейтін, әлде қожалық ететін қыз анықталды. Сол қыз арқылы ҰҚК қызметкері ұсталды. Оның айтуынша, телефонды оған "Арыстанның" қызметкері дастархан басында сыйлапты. Бұдан әрі "Арыстанның" іске қатысы бар бірнеше қызметкері белгілі болды. "Арыстанның" қызметкерлерін ұстау мәселесі туындағанда Р.Түсіпбековке ҰҚК төрағасы Н.Дүтбаевты шақыру керектігін айттым. Түннің бір уағында Түсіпбеков, Дүтбаев және мен "Арыстан" шоғырланған жерге бардық. "Арыстанның" қызметкерлерін бірінен соң бірін аты-жөнін атап шақырттық, оларды ІІМ қызметкерлері бірден тұтқындады. "Арыстандықтардың" бірі жауынгерлік постта тұр екен, командирдің қатысуымен қарусыздандырып, оны да тұтқындадық.
"Арыстандықтар" ұсталған соң ұлты ұйғыр, қылмыстық топтарға қатысы бар әрі мінезі шалт, бұрынғы полиция қызметкері Ибрагимовтің аты аталды.
Оның қалай тұтқындалғаны маған белгісіз, ол кезде Түсіпбеков екеуміз Алматы қалалық ІІД басшысының орынбасары Бугаевтың кабинетінде едік. Ибрагимовтің ұсталғанын бізге Қасымов пен Мерзадинов мәлімдеді.
Түсіпбеков екеуміз болған жағдайды талқылап, бұған байланысты бірқатар құқық қорғау органдарын, негізінен ҰҚК қызметкерлерін айыптадық. Сол себепті де ұсталғандармен тергеу барысында өзіміз әңгімелесеміз деген шешім қабылдадық.
Түсіпбеков екеуміз Ибрагимов отырған жертөлеге түскенде оны алғаш рет көрдім. Ибрагимов бізден кім екенімізді сұрап, қызметтік куәлігімізді көрсетуді талап етті. Біз өзімізді таныстырып, оған министрдің куәлігін көрсеттім. Ибрагимов бізбен сөйлескісі келмейтінін айтып, "қандай іске кіріскендеріңді білмейсіңдер, мені босатқандарың өздеріңе жақсы" деді. Оның не үшін тұтқындалғанын ескерткенімізде, ол тек Дүтбаевтың қатысуымен сөйлесетінін айтты.
Дүтбаевты қайдан таниды деген сұрақ пайда болды. Ибрагимов ІІД-де терроризммен күрес жүйесінде қызмет етіпті. Өстеміров те (адвокат Нұрлан Өстеміров, сотта Р.Ибрагимовтің адвокаты болған - ред.) осы салада жұмыс істеген, жұмыстан кеткен соң адвокаттықпен айналысқан. Бұл жерде мығым топ құрылған екен деген ой келді маған. Бұған қоса, Ибрагимовтің үстінен әлдебір іс қозғалып, кейіннен қысқарып қалған. ҰҚК-нің ықпалына түскен себебі сол. Бірақ мұны тексеру керек. Бұл – Ибрагимовтің айтқаны.
Ибрагимовтің Дүтбаевпен таныстығына сенбедік, алайда ол ҰҚК-нің орналасқан жерін айтып берді. Соңында Ибрагимов "егер маған сенбесеңдер, Дүтбаевқа телефон соғып, маған тұтқыны беріңдер" деді. Әрине, біз оған телефон бергеніміз жоқ, нөмірін айтуды сұрадық. Ол әлдебір нөмірді айтты, қандай нөмір екені есімде жоқ. Бұл – біздің Ибрагимовпен алғашқы сөйлесуіміз.
Түсіпбеков екеуміз жағдайды талқыладық, бір жағынан "Арыстан" қызметі, екінші жағынан полицияның бұрынғы қызметкерлері, оның үстіне жоғары шенділердің аты-жөні айтылды. Бұдан соң Түсіпбеков екеуміз баяндау үшін Астанаға ұшып кеттік.
Түнде Алматыға қайта оралдық. Келесі күні Түсіпбеков Ибрагимовті прокуратураның ғимаратына әкелу туралы Қасымовқа бұйрық берді. Және де Ибрагимовтің күзетін күшейтуді тапсырды. Өйткені прокурордың кабинетінің терезесі торланбаған екен. Түсіпбеков әңгімені жасырын жазып алуды да тапсырды.
Ибрагимовті бас прокурордың кабинетіне әкелді. Әңгіме барысында Ибрагимов сұрақ қойған адамның құлағына сыбырлап жауап берді. Менің сұрағыма менің құлағыма сыбырлап жауап берсе, Түсіпбековтің сұрағына Түсіпбековтің құлағына сыбырлап жауап берді. Түсіпбековтің құлағына не сыбырлағанын естігенім жоқ. Ибрагимов қылмысқа қатысы барын мойындамады. Сөз арасында тағы да "қандай іске араласып отырғандарыңды білмейсіңдер, мені босатыңдар" деді. Түсіпбеков екеуміз Ибрагимовтің өздігінен Сәрсенбайұлын өлтіре алмайтынын түсініп, мұның артында кім тұрғанын білмек болдық.
Бір мезетте прокуратураға оппозиция жетекшілері – Әбілев, Тұяқбай, Жандосов келді. Оппозиционерлер Ибрагимовті көрмесін деп, Түсіпбеков екеуміз оларға шықтық, ал Ибрагимовты конвоймен төсегі бар демалыс бөлмесіне кіргізіп, кісендеп қойды.
Ибрагимовпен әңгімемізді жалғастырғанда ол өзін ұстаған бөлмедегі газетте тапсырыс берушінің суреті барын айтты. Қай газет екені есімде жоқ. Онда президенттің және оны қаумалап тұрған адамдардың суреті басылыпты. Газетті әкелгенде ол суреттегі нақты адамды көрсетуден, атын атаудан Ибрагимов бас тартты. Түсіпбеков сол кезде кезекпен фотодағыларды нұсқағанда Ибрагимов "жоқ, жоқ" деп келді де, Өтембаевты нұсқағанда "иә" деді.
Өтембаевты жақсы танығандықтан, Ибрагимовтің сөзіне сенген жоқпын. Оның кім екенін білесің бе деп сұрағанымда, Ибрагимов "Ержан Өтембаев – Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі" деп жауап берді. Біздің сенбей тұрғанымызды көріп ол тағы да: "Маған телефон беріңдер, оған хабарасамын" деді. Аз-кем ойланған соң тексеру үшін Ибрагимовке телефон бердік.
Біздің бақылауымызбен Ибрагимов Өтембаевтың нөмірін терді. Бұл қоңырау да жазылған болуы керек. Тұтқаны Өтембаевтың көмекшісі көтерді де, Ибрагимовтен қайда жоғалып кеткенін сұрады."Шеф сені іздеді" деді. Ибрагимов пен Өтембаев арасында байланыс бары анықталды. "Өтембаев қайда?" деген сұраққа көмекшісі: "Ауруханада" деп жауап берді.
Содан кейін өз байланыстарым арқылы Өтембаев расында да аурухана жатқан-жатпағанын анықтауға тырыстым. Бас дәрігер Абай Қабатайұлы арқылы Өтембаевтың денсаулық сақтау министрінің сұрауымен шынымен де ауруханаға түскенін анықтадым. Өтембаев қатты мас күйінде түскендіктен, әрең дегенде бетін бері қаратыпты.
Түсіпбеков менен "Өтембаевтың атына қару тіркелген бе?" деп сұрады. Оның атында наградалық тапанша бар екен. Өтембаев өзіне-өзі қол жұмсамауы үшін Астана қалалық ІІД басшысы Досымовқа оны ұстап, уақытша оқшаулау изоляторына қамау бұйырылды. Сол күні түнде Өтембаев қамалды. Ұстау кезінде Өтембаевтың реакциясы қандай болғанын сұрағанымда, Досымов оның саспағанын, изоляторға әкеле жатқанда иіні түсіп кеткенін айтты. Мен оған Өтембаевтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бұйырдым.
Таңертең бас прокурор екеуміз Астанаға ұшып бардық. Жағдай ушығып тұрғанын, жоғары шенділердің қатысы барын ескеріп, тергеуге дейін Өтембаевпен Түсіпбековтің өзі сөйлеспек болды. Мен бұған қатысқам жоқ. Түсіпбековпен сөйлескенде Өтембаев кінәсін мойындап, өз қолымен қағазға жазып берген.
Бұдан әрі тергеу жұмыстары жүргізілді. Федералдық тергеу бюросы мамандары Ибрагимов пен Өтембаевты детектордан өткізді. Ол кезде де ФТБ-ны қатыстырамыз ба, жоқ па деп көп ойландық. Ақырында полиграфтан өткізуді шештік, бұған қазақстандық құқық қорғау органдарының ешқайсысы қатысқан жоқ.
Бізді Сенат аппаратының жетекшісі Өтембаевтың Ибрагимовпен қалай танысқаны қызықтырды. Бұған қатысты Өтембаев өзінің түсініктемесінде айтты. Оны Ибрагимовпен ұлты бурят, әлде қалмақ, Ресей азаматы болса да, ҚР президенті әкімшілігінде бөлім бастығы болып қызмет істеген Алексей Кекшаев таныстырған. Кекшаев Ибрагимовті қандай да бір мәселе туындаса, шешіп беретін "боевик" ретінде ұсынған. Таныстық барысында Ибрагимов пен Өтембаев бизнеспен айналысып, коттедж қалашығын салмақ болған. Күндердің-күнінде Өтембаев Ибрагимовке А.Сәрсенбайұлы өзін ренжіткенін айтқан. Әлдебір мейрамханада әйелінің көзінше оның арына тиіпті. Сол кезде Ибрагимов Сәрсенбайұлын соққыға жығып, артынан өлтіру туралы тапсырма алған. Сәрсенбайұлын өлтіру туралы тапсырма берген-бермегені Өтембаевтың есінде жоқ, ол бұған келісімін берген болуы мүмкін. Сәрсенбайұлын аңду үшін Ибрагимов сырттай бақылау қызметкерін тартқан. Мирошников ұсталған соң Сәрсенбайұлын қалай ұрлап әкеткені белгілі болды. Мирошниковтың сөзінен Ибрагимовтің ұрланған адамдарды бір-бірлеп шығарып атқаны, соңғы адамды атқанда оның қасында болғаны анықталды. Жолай Ибрагимов тапаншаны бөлшектеп лақтырып тастаған. Бұл айтқандары тергеу кезінде дәлелін тапты.
Тергеуші: Ибрагимов алғаш рет Өтембаевты нұсқағандағы газеттің форматы мен атауын айта аласыз ба?
Б.Мұхамеджанов: Есімде жоқ. Жоғары шенділердің аты аталып жатқан бейберекет кез еді ол.
Тергеуші: Сіздің айтуыңызша, Ибрагимовпен әңгіме барысында жедел тергеу шаралары жүргізіліп, әңгіме таспаға түскен. Ол қайда?
Б.Мұхамеджанов: Білмеймін. Ол таспаны мен алғаным жоқ. Мүмкін, ол тергеуге беріліп, қылмыстық іске қосылған шығар.
Тергеуші: Ибрагимовпен Алматы қалалық прокуратурасында сөйлескенде оған қандай да бір кепілдік берілді ме?
Б.Мұхамеджанов: Иә. Алдымен ол бізді "мені босатқандарың дұрыс" деп қорқытқысы келді. Кейіннен қауіпсіздігіне кепілдік сұрады. Ибрагимов адам өлтіргенін мойындамады. Оның өзі мұндай әрекетке бара алмайтынын түсіндік. Бізге тапсырыс берушіні анықтау керек болды. Сөйтіп, ойын жүргізіп, Ибрагимовпен тапсырыс беруші туралы түсініктеме берсе, кепілдік беру туралы шешім қабылдадық. Ибрагимов тергеуге көмектессе, оның қауіпсіздігі қамтамасыз етеміз деген құжат толтырдық. Ол құжатты кімнің дайындап, қол қойғаны есімде жоқ. Сондай кепілдік берілген соң, Ибрагимов гаеттегі Өтембаевты нұсқады.
Тергеуші: Сіз өзіңіз тергеу кезінде Өтембаевпен кездестіңіз бе?
Б.Мұхамеджанов: Өтембаевпен алғаш рет Түсіпбеков уақытша тергеу абақтысы ғимаратында сөйлесті. Ал мен тергеу кезінде әлдебір жайттарды анықтау үшін Түсіпбековпен бірге Өтембаевқа бардым. Алайда не үшін екені есіме түспей тұр.
Тергеуші:Е.Өтембаев сотталған соң колонияда жүрген кезінде оған қатысты қандай да бір іске қатысыңыз бар ма? Атап айтсақ, 2007 жылдың сәуір айында.
Б.Мұхамеджанов: 2007 жылдың сәуір айындағы іске қатысты жайтты тек бас прокурор А.Дауылбаевтың келісімінен соң ғана айта аламын.
Тергеуші: Р.Әлиевпен ара қатынасыңыз қандай еді?
Б.Мұхамеджанов: Әлиевті білетінмін, бірақ жақын байланысымыз болған жоқ. Әлиевті өзім жақсы қарым-қатынас жасайтын Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның бұрынғы күйеуі ретінде танимын. Онымен достығым жоқ. Әлиевпен "Нұрбанк" менеджерлерінің ұрлануына байланысты 2007 жылы көктемде кездестім. Прокуратура тексеру жүргізіп жатқан, ІІМ-де бұған Әлиевтің төңірегіндегі адамдардың қатысы жөнінде ақпарат болды. Мен мұны баяндағанда Әлиевпен осы жөнінде сөйлесу тапсырылды. Әлиевке телефон соғып,сөйлесуіміз керек екенін айтқанымда, ол қатты ашуланды. Мен мұны басшылық тапсырғанын айттым. Әлиев кездесу орнын белгілеп алып, кейін бірнеше мәрте бас тартты. Ақырында біз Фурманов көшесі бойындағы Совмин ауруханасының жанында бір дәмханада кездестік. Ол мені дәмхананың ішіне шақырды, мен келіспедім. Өйткені Әлиев әңгімемізді жазып алып, кейін өзіне пайдалануы мүмкін. Сол себепті көшеде сөйлестік. Мәселені айтқанда, ол ештеңе білмейтіндей кейіп танытты.
Тергеуші: Өтембаевтан өзге тапсырыс берушілердің аттары аталды ма?
Б.Мұхамеджанов: Ибрагимов сотта Дүтбаев пен Әбіқаевтың қатысы барын мәлімдеді.
Тергеуші: Ибрагимов не үшін бұлай деді?
Б.Мұхамеджанов: Жалпы, Ибрагимов тергеу барысында шенді тұлғалардың атына сүйеніп, шалт мінез көрсетті.
Тергеуші: Сөзіңізде әлдебір Кекшаев туралы айттыңыз. Ол туралы не білесіз?
Б.Мұхамеджанов: Ол Ресей азаматы бола тұра, бас айналдырарлық карьера жасады. Менің ойымша, бұл істе оның рөлі де осал емес. Мүмкін, ол арнайы жіберілген адам шығар, онымен ҰҚК айналысуы керек.
Тергеуші: Мақашовты (Аман Мақашов, Рахат Әлиевтің бизнес серіктесі, Р.Әлиевке жақын адамдардың бірі - ред.) танисыз ба? Ара қатынастарыңыз қандай?
Б.Мұхамеджанов: Аман Мақашовты танимын. Университетте жұмыс істеп жүргенімде, оны маған бауыры Камардин ертіп әкелген. Оны бітірген соң ол кеденде қызмет етті. Ол кезде әлдеқандай жолмен Әлиевтің ықпалына түскен. Соңғы рет Мақашовпен Дубайда кездестім. Мақашов ойда жоқта сап ете қалатын. Мүмкін, оған ақпарат жеткізіп тұратын адамдар бар шығар. Сол кезде Мақашов Дербас Адонис дегеннің Әлиевке қарсы түсініктеме беретінін айтты. Адониспен кездескенімізде ол Әлиевке бар кінәні үйіп төкті. Кейіннен оны ҰҚК-ге тапсырдық.
Тергеуші: Мақашовты Өтембаев және Түсіпбековпен таныстырдыңыз ба?
Б.Мұхамеджанов: Мақашовті Өтембаев немесе Түсіпбековпен таныстырғаным есімде жоқ.
Тергеуші: Ибрагимов Өтембаевты газеттен нұсқаған кезде сіз және Түсіпбековтен басқа адам болды ма? Ол газетті кабинетке кім алып келді? Қай жерде отырдыңыздар?
Б.Мұхамеджанов: Есімде жоқ.
Оқи отырыңыздар: Алтынбек Сәрсенбайұлының сотында Рашид Түсіпбековтің берген жауабы
Редакциядан: Бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов 2018 жылдың мамырынан бері Грузиядағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі. Бұрынғы бас прокурор Рашид Түсіпбеков 2015 жылдың тамызынан 2019 жылдың тамызына дейін сенат депутаты қызметін атқарған. Одан кейін қандай да бір қызметке барғаны жайлы мәлімет жоқ. Экс-президенттің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев 2015 жылдың ақпанында Австрия түрмесінде өлі күйінде табылды. Австрия билігі Әлиев өзіне-өзі қол жұмсап өлген деп мәлімдеген.