Ақ үй: Ресей шетел әскерін соғысқа қатыстырғаны үшін жауап береді
Мен бұл сұрақты Ресейге қоя едім – отқа кім май құйып жатыр? Мен мұның бәрін Украина жасап отыр деп ойламаймын
Фото: Коммерсант
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің ресми өкілі Джон Файнер Кореядағы жағдайды шиеленістіргені және Солтүстік Корея әскерінің соғысқа араласқаны үшін Ресейге тиісті жауап болатынын ашық айтты. Бұл туралы «Америка дауысы» хабарлады.
Рио-де-Жанейрода өткен G20 саммитіне барған президент Джо Байденмен бірге Файнер де барған. Сол басқаосудағы баспасөз брифингінде Файнер осылай мәлімдеді. Жексенбі күні New York Times және Reuters агенттігі Джо Байден Украинаға Ресей аумағын зымыранмен атқылау үшін американдық қаруды қолдануға рұқсат бергенін хабарлаған болатын.
«Иә, әрине, мен бұл ақпаратты көрдім. Бұл растауды қажет етпейді. Америка шайқас алаңындағы жағдайларға байланысты саяси шешімдер қабылдайтынын айтқым келеді. Соңғы апталарда Ресей тарапы агрессиясын үдетті әрі өз аумағында шетелдік әскери күштерді шоғырландырғанын көрдік. Америка бұған жауап беретінін ашық айтты», – деді Файнер.
Ол жауаптың қандай болуы мүмкін екенін егжей-тегжейлі түсіндірмеді. Тек «Украинаға өз территориясы мен егемендігін қорғауға барынша көмектеседі», – деді.
Файнер Кремльдің украиналықтарға Ресейге шабуыл жасау үшін ұзақ қашықтықтағы қаруды қолдануға рұқсат беруі «отқа май құяды» деген мәлімдемесіне түсініктеме берді. «От қалай тұтады? Ресейдің Украинаға басып кіруінен басталды. Сонымен, егер «отқа май құю» туралы айтатын болсақ, шынын айтқанда, бұл негізгі мәселемен салыстырғанда екінші кезектегі мәселе. Ресей агрессивті соғыс жүргізіп жатыр, Украинаның шекарасын кесіп өтті және соғысты жалғастыруда. Бұған қоса, біз Солтүстік Корея әскерінің соғысқа қатыса бастағанын, соңғы күндері Украинаға әуе шабуылының күшейгенін көріп отырмыз. Мен бұл сұрақты Ресейге қоя едім – отқа кім май құйып жатыр? Мен мұның бәрін Украина жасап отыр деп ойламаймын», – деді Файнер.