Арыстанбек аман екен
ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметкері Айдар Қырықбаев бұл ақпаратқа қатысты жауап берді.
Бүгін бұрынғы Мәдениет және спорт министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлының үйін, ол басқаратын Ұлттық музейді, сондай-ақ оның туыстарының дүние-мүлкін Антикор тексеріп жатыр деген ақпарат тарады.
«Жемқорлыққа қарсы қызмет «Алтын адамның әлем мұражайларындағы шеруі» көрмесіне жұмсалған шығындарды тексеріп жатыр. Бұл шеруді өткізу үшін «Экспонат» ЖШС 1,3 млрд теңге жеңіп алған. Бюро қызметкерлері бұл компанияның Ұлттық музеймен байланысы бар-жоғын тексеруде. Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдары Мәдениет және спорт министрі, 2019 жылдан бастап ҚР Ұлттық музей директоры қызметінде» делінген Kozachkow атты анонимді дереккөзінде.
Бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін Арыстанбек Мұхамедиұлы басқаратын ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметкері Айдар Қырықбаевпен хабарласқан едік. Ол бұл ақпараттың жалған екенін айтты. Сондай-ақ, ол Арыстанбек Мұхамедиұлы аман-есен бірер сағаттан кейін бұл туралы өзінің әлеуметтік парақшасында толыққанды түсіндіретінін жеткізді.
Өткен жылы да әлеуметтік желіде Арыстанбек Мұхамедиұлының байлығы туралы белгісіз біреулер жасаған видео тарап, онда экс-министрдің отбасы қымбат сарайлар, ресторандар, базар, финтес орталығы, қонақ үй, кеңселерді жалға беретін ғимарат пен ат-спорт кешеніне иелік ететіні айтылған. Алайда экс-министрдің өзі мұны әлеуметтік желіде жоққа шығарып, оны «кезекті ақпараттық шабуыл» деген болатын. Бірақ артынша журналистік зерттеулердің дерегіне сай, айтылған ақпараттар рас болып шыққан. Бірақ жұртты күлдіруден жалықпайтын экс-министр сол күйі мойындамай қойған еді.