Ауылдықтар «Ауылдан ауылға» насихат айтып жүр
«Ауыл» партиясы атынан атқа қонып, кандидат атанған «Қазақ агротехникалық университетінің» басқарма төрағасы Қ.Айтуғанов және оның жақтастары «Ауылдан ауылға» жоралғысымен Ақтөбе облысы Алға ауданының бірқатар ауылдық елді мекендерін аралап, «Реимкул» шаруа қожалығының ұжымымен кездесті. Астық егіп, асыл тұқымды мал бағатын Алға ауданының ірі агрофирмасында жұмыс істейтін жүздей адам депутат болсам дейтіндердің сөздеріне құлақ түріп, шамаларын байқап көрді.
Қайрат Айтуғанов ә дегеннен «Ауыл» партиясы ауылшаруашылығы өнеркәсіптік кешеніндегі еңбек өнімін арттыр үшін заманауи технологиялар керек, партия оны енгізу жолын жеңілдетуге ынталы деді. Тұрғындар бұл сөзге «жөн екен» десті.
Қайрат Айтуғанов «Реимкул» ұжымына Қазақстанда сынақтан өткен ұшқышсыз ұшу аппараттарымен танаптарды зондтау, топырақты кешенді агрохимиялық зерттеп – қарау және нақты егіншіліктің басқа да элементтерін барынша пайдалануды ұсынды. Шаруалар «жақсы идея екен» деп қостады. Мал шаруашылығында шаруашылық жүргізуші субъектілер ауыл шаруашылығы жануарларын селекциялау, күтіп-бағу және азықтандыру бойынша университет әзірлеген технологияларды, сондай-ақ табынды басқару үшін цифрлық өнімдерді пайдалана алады деді бас кандидат ғылыми танымын қарапайым тілмен.
«Ауылдан диплом алуға» бағдарламасын әзірлеу жайы қызу талқыға түсіп, «Ауыл» партиясынан облыстық және аудандық мәслихаттарға кандидаттар сайлаушылардың өтініш, тілектеріне құлақ асты.
Сондай-ақ, дәл осы күні шығыс өңірінде ауылдық Дәулеткерей Кәпұлы, Рабиға Тоқсейітовалар Абай Құнанбаевтың туған ауылы Қарауыл тұрғындарымен кездесті және мәдениет үйінде ұлы ақын, ойшылдың 175 жылдығына арналған «Абайға тағзым» поэзия кешін өткізді.
Ақмола облысы Ерейментау ауданы, Ақсуат кентінің тұрғындары да ауылдықтарын жүзін көріп, тірі кандидаттармен кездесу өткізді.
Алматы, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында да ауылдықтар аттан түспей, насихат айтып жүр.