Ажалға алып келген адам кептелістері
Қаза тапқандардың жалпы саны 1389 адамға жетті
Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында болған хэллоуин мерекесінде 151 адам қаза тауып, 82 азаматтың зардап шеккені хабарланды. Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігінің мәліметінше, қайғылы оқиға салдарынан бір отандасымыз мерт болған. Ол - 1996 жылы туған Қазақстан азаматы, Ақтөбе облысының тумасы. Жерлесіміз Корея Республикасының жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жатқан. Осы келеңсіз жағдайға орай Оңтүстік Кореяда Ұлттық аза тұту күні жарияланды.
Тарихтағы мұндай ірі әр соңы қайғылы оқиғамен аяқталған адам кептелісі аз емес. Дәл осындай жағдай 1896 жылы 18-мамырда Ресейде болған. Бұл күні император Николай ІІ-ні таққа отырғызу салтанаты өткен. Кремль көшелері бұрынғыдан да әсемделіп, келген қонақтарға нан, тоқаш, шұжық және түрлі тәттімен толтырылған кәдесыйлар беріледі деп хабарланған. Ходынка өрісіне көрші ауыл-аймақтардан да бірнеше жүз мың адам жиналады. Тегін сыйға құмартқан олар бір-бірін басып- жаншып, ұйымдастырушыларға қарай лап қояды. Тіпті құдыққа түсіп кеткендер де бар. Қаза тапқандардың жалпы саны 1389 адамға жетті.
Мұндай орны толмас оқиға Ұлыбританияның да халқын есеңгіреткені есте. 1883 жылдың 16-тамызында Англияға гастрольмен келген әртістер балаларға арналған шоу-концерт береді. Шараға жиналған бүлдіршіндерге тегін сый-сияпат таратамыз деп уәде еткен шоумендер ойыншықтарды тарата бастағаннан балалар тар баспалдаққа қарай жүгірген. Кептелісті байқаған ересектер де оларға көмектесе алмайды. Бұл бір-бірін таптап өтіп, ойыншыққа ұмтылған 3-жастан 14 жасқа дейінгі 183 баланың соңғы мерекесі болды.
Ал, 1989 жылдың сәуір айында Англияның «Хиллсборо» стадионында өткен «Ноттенгем Форест» және «Ливерпуль» командаларының ойыны да әдеттегідей қуанышпен аяқталмады. Кептелісте қалған жанкүйерлер жартылай финал ойынының басталатын уақытына кешігіп қалады. Сөйтіп, кіреберісте бір-бірін қағып-соғып, ойын алаңына ұмтылған. Қалың нөпір арасында көмек сұрағандардың дауысы тіпті естілмейді. Ойынның 6-минутында қақпашы жанкүйерлердің жанайқайын естіп қалады. Сөйтіп, ол күзетшілерге белгі берген. Стадионның өзінде жүрегі қысылған 82 адам, ал ауруханада 14 адам көз жұмады. 2 жасөспірім комаға түсіп, қайтып оянбаған.
1999 жылы Украинаның Минск тұрғындары орталық алаңдардың біріне концерт тамашалауға жиналады. Әуезді әуен мен ырғақты биге қанық болғысы келгендер саны 3- мыңға жуықтаған. Кенет бұршақ аралас жаңбыр жауып кетіп, жиналған жұрт жерасты жолы арқылы үйлеріне беттеген. Дәл сол кезде қолайсыз кептеліс басталып, ешкім ешкімнің ырқына көнгісі келмеген. Осылайша, оқиға салдарынан 206 адам жапа шекті.
Футбол алаңында болған ең ірі трагедиялардың бірі биыл Индонезияда орын алды. «Арема» мен «Персебая» командаларының ойынынан соң нәтижеге наразы халық алаңға шығып, бір-біріне жұдырық ала жүгірген. Полиция қызметкерлері де тоқтата алмаған төбелес келеңсіз жағдайға әкеліп соқты. Стадинда сол күні 180-ге жуық адам қаза тапты.