Екі сөйлегіш Ертісбаев. Назарбаев дәуірінен – Жаңа Қазақстанға

Күнбағыс сияқты тірлік құру жеке азаматтық ұстанымға қиыспайтын жағдай

Олжас Қасым

  • 03.05.2022

  Қазақстанды 30 жыл билеген Назарбаевтың үш рет кеңесшісі болған, бұрынғы министр, депутат, елші Ермұхамет Ертісбаев жақында Қазақстан халық партиясының төрағасы атанды. Келе салып Ертісбаев Тоқаевқа жаңа конституция қабылдауды, әйелдердің зейнет жасын 58-ге төмендетуді ұсынып, бұрынғы «бұлбұлдығына» қайта басқандай. 2019 жылы саяси қызметтен кетіп, зейнеткер атанған оның бұл келісін ешкім күтпеп еді.  Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін назарбаевсыздандыру науқанын бастағаны белгілі. Ол билікті толықтай қолға алып, экс-президенттің адамдарын саясат сахнасынан ығыстыра бастағандай көрінген. Алайда Назарбаевқа қызмет еткендердің бірқатары Тоқаевтың маңайына тоқайласа бастады.  «Жаңа Қазақстанды жаңа конституциясыз құру мүмкін емес» деп келген Ертісбаев - солардың бірі. 

                                           «Ақорданың бұлбұлы»

Қарағандының тумасы Ертісбаев еңбек жолын педагог болып бастаған. Әр жылдары Жезқазған педагогикалық институтында, Қарағанды кооперативтік институтында оқытушылық қызмет атқарды. Арасында Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің стажер-оқытушысы, аспиранты болғаны бар. Қарағанды медицина институтында кафедра меңгерушісі бола жүріп тоқсаныншы жылдардың басында саясатқа ойысты.  Өзінің айтуынша, «билікке оппозиционер болып келді».  Бұл Горбачевтің «қайта құру» кезеңі еді. Атқарушы билікке ұмтылған шенеунік «Демократиялық Қазақстан» тобын құрып, 360 депутаттан құрылған Жоғарғы Кеңеске енген. Марат Оспанов, Петр Своиктермен тізе қосқан саясаткер үкіметтің дегеніне көнбейтінін айтып, Назарбаевқа да сес көрсеткен-ді.  Көп ұзамай Президенттің ырқына көнбеген парламент таратылып, оппозиционер болып жүрген Ертісбаев Назарбаевтың маңынан табыла қалды. 

1995 жылы ол Қазақстанның социалистік партиясының тізгінін ұстады. 22 депутаттан тұратын фракция құрып, оппозициялық түр танытып жүрді. Сын мақалаларыммен көрініп қалсам, билікке жетсем деген оны Назарбаев сезгендей кеңесші болуға шақырып алған.  Ертісбаев бұл креслоға желімдей жабысып, арасындағы үзілісті есептемегенде 12 жыл отырды.  Осы жылдары шенеунікті  халық «Ақорданың бұлбұлы» деп атап кетті. 

Ертісбаев кеңесші болып, биліктің бишігін ысқыртып тұрғанда Назарбаевтың қолайына жағатын біраз шаруаларды атқарды. Оның осы лауазымда отырған уағында экс-президентке «Ұлт көшбасшысы»мәртебесі беріліп, ресми заңдастырылды.  Бұл өзгерістер Назарбаевтың өзін және әулетін қудалаудан сақтайтын норма еді.  Ол басшысын «ТМД көлеміндегі ең либералды реформатор» атап, сын садағын асынғандарға талай мәрте президентті жақтап, тікелей жауап берді.  «Көшбасшымен біздің жолымыз болды... Назарбаев Ресей, Қытай және мұсылман әлемі арасында қуатты, күшті мемлекет пайда болған геосаяси шындықты құрды. Нұрсұлтан Назарбаев – бұл өткеннің бар жақсысын бойына сіңірген, қазіргі уақытта белсенді әрекет ететін және болашақты анық көретін бірегей саяси қайраткер» деген баға беріп жүрді. 

Саясаттанушы Ерлан Мұратұлы «Бұқараның наразылығын тудырып, халықтың билікке деген сенімін жоғалтқан әділетсіз сайлаулар да дәл осы кездерде өткізілгеніне екпін түсіреді. «1999 жылдарды айтпағанда, айталық, 2004 жылы сайлау нәтижесіне айтарлықтай қатты қысым жасалып, қолдан ұпай жиналды. Осы бұрмалаушылыққа төзбеген саясаткерлер биліктің болашағынан күдер үзді. Кезектен тыс Президент сайлауларының өткізілетінін де Президенттің емес, Ертісбаевтың аузынан еститінбіз. Осылайше елде, можантопай, әділеттен алыс, қиямпұрыс  саяси үрдістер жүзеге асып жатты» дейді ол. 

Көп ұзамай экс-президенттің сыңаржақ саясатын сынап, әділ сайлау өткізуді талап еткен Заманбек Нұрқаділов қастандықпен өлтірілді. Мұнан соң диктоторлық жүйені әшкерелеп, жаңа саяси қозғалыс құрған саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының да өмірі қайғылы қазамен аяқталды.

Саясаткер Ермұрат Бәпи Ертісбаевтың Президент кеңесшісі болғанда қоғамға қажетті деген үлкен бір іс атқарғаны есімде жоқ дейді.  «Халыққа, қоғамға қарайласты деуге келмейді. Кеңесші бола жүріп биліктің мүддесіне қызмет еткен адам.  Кезінде НФОБ сияқты комиссия болған, 2000-жылдардың басында тұрақты кеңес деген комиссия да шықты.  Одан кейін Демократия және азаматтық қоғам жөніндегі ұлттық комиссия болды. Сол орындарда  шешенши сөйлеп, қозғалтқыштың  бірі болып жүрді. Бірақ ол комиссиялардың ешқайсысы халық пен қоғамның мүддесіне сай жаңалықтар әкелген жоқ. Олар биліктің, халықтың процестік ниет-тілегін биліктің ыңғайына жығу үшін арнайы құрылған комиссиялар еді» деген пікірін алға тартады.

                        Түрмеге тыққыш, қуып шыққыш министр

Осы қатарлы батыл күрестерден кейін билік цензураны күшейтіп, бұқаралық ақпарат құралдарын қатаң бақылауға алды. Бұл тұста  Ертісбаев Мәдениет және ақпарат министрлігіне келіп жатқан.  Тағайындала сала ол  басылымдарды тіркеу тәртібін қатайтты. 2006 жылы  Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бастаған бір топ тәуелсіз басылым редакторлары мен журналистер мемлекеттік комиссияның  атына ашық хат жолдады. Онда олар мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысына тәуелсіз басылым өкілдерінің енгізілмегеніне  қынжылыс білдірді.

Ертісбаевты журналистер оппозициялық басылымдарға қырғидай тиген министр деп біледі.  Себебі, ол қуғындағы Рахат Әлиевтің таратқан ақпараттарын басқан БАҚ-тарды тізгіндеп бақты. Андрей Свиридов Президенттің бұрынғы күйеубаласының әшкерелеуші жазбаларын жариялаған журналистерді түрмеге жабамын деп қорқытқанын еске алады. Ал Әлиевтің құпия ақпараттарын жарыққа шығарған басылым иелерін жинап,  Рахатқа қолдау көрсеңдер, егер ұсынысымды құп көрсеңдер бұғаттан шығарамыз, полиция қудаламайды деп мәлімдеді. Оған дейін Әлиевтің мәлімдемелерін қолданған журналистердің артына полиция салып, ақпарат құралдарын бұғаттап тастаған-ды.   

Елдің ақпаратына жауапты шенеуніктің әдептен озған шақтары да ұмыт бола қойған жоқ.  2007 жылы Ертісбаевтың журналисті залдан қуып шыққаны әжептеуір әңгіме болды. Назарбаевтың Жолдауын жүзеге асыруға арналған республикалық кеңес кезі. Экс-министр «Эра-ТВ» телеарнасының журналисіне сұхбат беруден бас тартып, оны көпшіліктің көзінше залдан қуып шыққан.Оның  бұл әрекетін Ата заңға қайшы, ақпарат алуғақойылған шектеу деп айыптаған  журналистер «министр отставкаға кетсін» деп ұлардай шулаған-ды. Шенеуніктіңдоқ көрсетуін жөн санамаған телеарна тілшісі сотқа беріп, 1 теңге моральдық шығын өндіруді талап еткені бар. Бұл дау телехабарлар тарату жиіліктеріне жарияланған тендерді өткізуге байланысты шыққан болатын. Тендердің әділ өтуіне күмән келтірген телеарна басшысының мәлімдемесінен кейін Ертісбаев журналистен кешірім сұрап құтылғаны мәлім.

Ермұрат Бәпи  Ертісбаев министр болып жүргенде қоғам мен биліктің арасын жақындатпаққа әрекеттенгенін айтады. «Ақпарат министрі болып тұрған кезде қоғамдық ұйымдармен, әсіресе оппозициялық басылымдармен жұмыс істеуге тырысты. 2008 жылы «Дат»-тың нұсқасы «Тасжарғанға» грант алып беруге көмек жасағаны  бар.  Бірақ оның бәрі «Тасжаарған» газетіне көмек болсын деп емес, биліктің ЕҚЫҰ-на төраға болуға дайындалып жатқаны кезінде берілген көмек. Соның алдында ишара ретінде біз оппозициялық газеттермен де жұмыс істейміз деген сияқты тұрпаттағы амал-айла болды» дейді.   

Ертісбаев министр болып тұрғанда қолға алынған бастаманың бірі – «үштұғырлы тіл» саясаты. Бұл өз кезеңінде қоғамда өте қауіпті мәселе саналды. Қаламгерлер Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Мұхтар Шахановтар, тарихшылар Бейбіт Қойшыбаев, Талас Омарбековтер  аталған жобаның жас ұрпаққа тигізер залалын айтып, ашық қарсылық білдіргені есте. Сол уақытта Дулат Исабеков «Ұлтқа қастандық ойлап жатқан көрінбейтін бір институт бар сияқты...» деген-ді.  Иә, аталмыш көрінбейтін  институттың артында Ертісбаевтар тұрған-ды. 

Қаласа «қызыл», қаласа «ақ» бола салады. Ертісбаевтың миссиясы қандай? 

Ермұхамет Ертісбаевтың саясатқа оралуын әркім әртүрлі қабылдап жатыр. Ал оны жақсы білетіндер күліп қарайды.  Саясаткер Балташ Тұрсымбаев «мен ондай адамдарды цветомалиновый деп атаймын» дейді. Қаласа «қызыл», еркіне салса «ақ», «көк» бола салады. Ертісбаевтың мансап жолына қарасаңыз кірмеген, шықпаған партиясы жоқ.  «Коммунистік партия», «Социалистік партия», «Нұр-Отан», енді қайта бұрынғы компартияның мұрагері Қазақстан халық партиясы.  

Саясаттанушы Досым Сәтбаев «Бір кездері Назарбаевтың маңайына шоғырланған саяси және бизнес элита Тоқаевтың командасына қосылар. Алайда олар Тоқаевтың маңына барса айтарлықтай саяси өзгеріс болмайды. Тоқаев 30 жыл бойғы жүйені шынымен өзгерткісі келсе осы салада жұмысты күшейтуі керек» деген болатын.  Соған қарамастан, қазіргі президент ескі кадрларды жаңа Қазақстан құрушылардың қатарына қосып жатыр. Содан да болар, Ертісбаевтың саясатқа келуі көпшіліктің санасында  түсініксіздік тудырып отыр. 

Журналист, қоғам белсендісі Ермұрат Бәпи Қазақстан халық партиясын биліктің «қуыршағы» санайды.  Бұл партия аты халықтың, заты биліктің қолындағы ойыншық. «Осы тұрғыдан келгенде билік өзінің сценарийіне ыңғайлы ойын ойнайтын мамандарға, шешендерге зәру сияқты. Әйтпесе, кезінде коммунистік партияда болған, одан кейін социалистік партияның төрағасы болған, кейін қайтадан коммунистік партияның клоуны «Нұр Отанда» болған адамды айналдырып әкеліп қайтадан коммунистік партияға төраға қылып қою, оған Ертісбаевтың өз еркімен баруы бұл азаматтық принциптерге жатпайтын дүние. Қоғамның саяси   желі қай жақтан соқса соған қарай бұрылып, күнбағыс сияқты тірлік құру жеке азаматтық ұстанымға қиыспайтын жағдай. Биліктің идеологиясының бір шетінде соның қошеметін, құрметін көріп, ілтипатына бөленген Ермұхамет сияқты азаматтарда бейбіт принцип бар деп ойламаймын», дейді ол.  

Ал Балташ Тұрсымбаев Ертісбаевтың бұл келісін  түсініксіздікке балап отыр. «Ертісбаевқа халық бәрібір сенбейді. Осы жағын ешкім ойлап жатқан жоқ», деген пікірде саясаткер. 

Соған қарамастан Ертісбаев «Халық партиясы деген атаудың өзі уақыт өте келе мәслихаттарда да, Мәжілісте де, Сенатта да басым болуы тиіс» деп «іске» көше бастады.  Бұдан бұрын «жалпы бұл партияның болуы сандырақ, оның идеясы тас-талқан болғаны аздай, сенімнен жұрдай» деп сөккенін білеміз. 

Мұнымен кідіріп қалмай экс-кеңесші «Жаңа Қазақстанды жаңа конституциясыз құру мүмкін емес» деп мәлім етті.  Балташ Тұрсымбаев заңды өзгерту үшін ең әуелі конституцияның жобасын жасау керек.  Қандай баптарға өзгерту енгізесің. Ең алдымен халыққа жариялау керек. Ол конституция халыққа пайда әкеле ме? Біздің елге демократия ене ме? Бұқараның әлеуметтік жағдайы көтеріле ме? Сол жағын байқау керек» дейді.

Ал Ертісбаевтың өзгертуге ұсынып отырған конституциясы бұрын өзі де кеңес беріп қабылдаттырған нормалар. Түптеп келгенде ол өзі жасауға үлес қосқан заңды қайта өзгертудің кері емес пе?  

«Бұлбұл» деген аты бар шенеунік  әйелдердің зейнет жасын 58-ге төмендету туралы ұсынысымен халықтың сеніміне ие болғысы келетіндей. Ертісбаев экс-президенттің қасында жүргенде зейнетақы жасын көтеру керек деп дүркін-дүркін айтып жүрді. «Грузияда әйелдер 60 жаста, ерлер 65 жаста шығады, ешкім оған наразы емес» деген пікірін де сан мәрте естідік.

Қалай болғанда да ескірген жүйенің ескірген адамы Ертісбаевтың саясатқа келуі Жаңа Қазақстанды жаңғыртпайды дейді сарапшылар. Ал банкирден басқаның бәрі саясатпен айналысуға болады дейтін  ол әлі  біраз қызықты көрсететін сыңайлы. 

Суреттер ашық дереккөздерінен алынды.  

 

Байланысты жаналықтар

Назарбаевтың сенімді жақтастарының бірі Әбіқаев қызметінен кетті

29.10.2024

«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар». Назарбаев референдумда дауыс берді

06.10.2024

Танымал актер Тоқаев, Назарбаев және Путиннен кешірім сұрады

18.07.2024

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш шартты түрде 8 жылға сотталды – Депутат

20.03.2024

Жаңа адамдар деген кімдер?

07.01.2024

Қаңтар оқиғасы: ҰҚК экс-қызметкері Самат Әбіштен бұйрық алған

18.09.2023
MalimBlocks
Назарбаевтың сенімді жақтастарының бірі Әбіқаев қызметінен кетті

Ол Қазақстан Волейбол федерациясының басшысы болған

«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар». Назарбаев референдумда дауыс берді

Ол «Астана Опера» театрының ғимаратында таңдау жасады

Танымал актер Тоқаев, Назарбаев және Путиннен кешірім сұрады

Шоумен президенттерді сынағаны үшін айыптымын деп отыр.

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш шартты түрде 8 жылға сотталды – Депутат

Бұл туралы Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Жаңа адамдар деген кімдер?

Жастар неліктен саясатқа бет бұрып жатыр?

Қаңтар оқиғасы: ҰҚК экс-қызметкері Самат Әбіштен бұйрық алған

Жауаптардың құпия болуы Самат Әбішті жасырып қалу үшін жасалған