Президент экология министріне қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованы қабылдағанын Aqorda.kz хабарлады.
Ай басында «Семей орманы» өртеніп, онда 14 орманшы қаза тауып, айдың ортасында еліміз бойынша, Қаралы күн жарияланғанын ескерсек, президент пен министрдің кездесуі емен-жарқын өтпегені анық. Өртеніп жатқан Семей орманына ұшып барып, жағдайды көзімен көріп, оқиға орнында төтенше жиын өткізіп, жағдайды бағамдағанда президент экология министріне ескерту де жасаған болатын. Бірақ, жаңадан тағайындалғанын ескеріп, қызметінен алып тастамаған еді.
Бүгінгі кездесуден тараған ресми ақпаратқа қарағанда, орманды өрттен сақтау негізі мәселе ретінде қарастырылғандай.
Атап айтсақ, министр орман шаруашылығын материалдық-техникамен жабдықтау, орман өртін алдын ала анықтау жүйелерін орнату, өртке қарсы құрал-жабдықтар мен техникалардың тізімін кеңейту мәселелерін министр президентке баяндапты.
Сондай-ақ, өзендер, әсіресе, оңтүстік аймақтардағы су тапшылығынан тарықпай өту жұмыстары баяндалыпты.
Президент табиғатты қорғау қашан да басымдыққа иә жұмыс болатынын айта келіп, қоршаған ортаға қатысты құқық бұзушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартуда тартынбауды айтыпты.