Қаңтар құрбанының жесірі: «Қазақстан халқына» қорынан қайыр жоқ»
Ерғалиды снайперлер алдымен санынан, сосын бауырынан атқан
Қаңтар оқиғасында жазықсыз қаза тапқан азаматтардың отбасына қарайласатын ешкім жоқ. Билік марқұмдардың отбасына ақшалай төлем де жасамаған. «Қазақстан халқына» қорынан да қайыр болмапты. Көтеріліс кезінде мерт болған Алматы тұрғыны Ерғали Бекмұратовтың жесірі Айгүл Балқыбековаmalim.kz тілшісіне хабарласып, жағдайын айтты.
41 жастағы Ерғали Бекмұратов 5-қаңтарда оққа ұшқан. Құрылыс саласында кран жүргізетін ол сол күні жұмысқа кеткен. Айгүл Балқыбекованың айтуынша, күйеуі күндізгі сағат 11-дің кезінде үйге қоңырау шалып, қызымен сөйлесіпті. Жұмысымды бітіріп, «қазір келемін» деп айтқан. Желтоқсан айында көлігін соғып алып, жүргізуші куәлігінсіз жүрген екен. Сол себепті мамандандырылған ХҚКО-ға құжатын алуға барыпты.
«Түске таман бірнеше рет хабарласып,телефонға жауап ала алмадым. Ертеңінде 6-сы күні түсте мүгедек қызым операцияға түскен еді. Хабар ала алмағандықтан ұлымның телефонынан Ерғалиға қоңырау шалдым. Ар жағынан бір әйел көтеріп, «күйеуіңізді алып кетіңіз» деді. Ол қайда деп сұрағанымда №12 ауруханада екенін айтты. Өлі-тірісін білейін деп едім телефонды өшіріп тастады», - дейді ол.
Алаңдаған Айгүл Ерғалидың жұмыста бірге істейтін әріптестеріне хабарласып, іздестіруді өтінген. Ақыры оны жақындары орталық мәйітханадан тауыпты. «Күйеуім 5-қаңтар күні сағат 16.15 те қаза тауыпты. Ерғалиды снайперлер атқан екен».
Марқұм 7-қаңтарда туған жері Сарыағашқа жерленген. Алайда кеш қимылдайтын тергеу органдары 20-қаңтар күні мәйітті қайта қазып алыпты. «Бой бермей бізді осындай әрекетке мәжбүрледі. Сараптама анықтағандай, Ерғалиды көздеп тұрып, снайперлер атқан болып шықты. Екі жерінен, алдымен санынан, сосын бауырынан атқан», - дейді жәбірленуші.
Айгүл сәуірдің 18-і күні соттан әділдік талап етіп, арыз жазыпты.
«Қазір тергеуші біздіжәбірленуші ретінде танып отыр. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеушілер қылмысты анықтау жұмысы тағы екі айға созылатынын айтты. Сосын іс астанаға жіберілетін көрінеді. Енді не болатынын білмей, басым қатып отыр», - дейді Айгүл.
Марқұмның соңында бір ұл, бір қызы қалды. Қызы8-де, ұлының жасы 11-де.
«Қызым мүгедек, басы ауырады. Толық жазылып кетуі үшін кешенді ем қажет. Ал оған қаражаттың реті болмай жатыр. Қаңтарда операция жасаған. Осымен үшінші рет реабилитацияға жатайық деп жатырмыз. Әзірше құжатымыз дұрыс болмай жатыр».
Күйеуі қайтыс болғалы Айгүл Балқыбекова жұмысынан шығып кеткен. Себебі, мүгедек қызын бағуға уақыт бөлуі керек. Бір үйдің арқасүйері отбасын асырап отырған жалғыз адам еді. Оның үстіне олар пәтер жалдап тұрып жатыр. Арызданушының айтуынша, Ерғалидың зейнетақысына 53 мың теңге беріледі. Ол ақша пәтерақы төлеуге де жетпейді. Өткен айда жолдастары жәрдемдесіп пәтерін төлеп беріпті.
Ерғали Бекмұратов «Қаңтар оқиғасының құрбаны» деп танылған. Алайда мемлекеттен ешқандай да әлеуметтік көмек берілмепті. «Қазақстан халқына» қорынан бір тиын да берілмеген. Айгүл азаматтың жоғын жоқтайтын адвокатты та жалдай алмай отыр. Бәріне қаражат қолбайлау.
Жәбірленуші Жәмішевке шағымын айтты. Көз жұмғандардың отбасына 7 млн теңге аударамыз деп есеп бергіш «Қазақстан халқына» қоры снайперлердің оғынан опат болған Ерғалидың отбасынақарайласса деп өтінеді. Айгүл Балқыбекова азаматтардан баласының еміне қаржылай көмек жасауды сұрайды. Не үйден шыға алмай, не үйіме кіре алмай отырмын деп мұңаяды. Бір жағынан асыраушысынан айырылып, бір жағынан мүгедек қызының халі қинаған кейіпкеріміз қазір жанын қоярға жер таппай жүр.