Құлыбаевтың жақтастары «Адал» партиясына жиналды
Ақыры саяси аренаға «Адал» атты партия шықты. Жаңа партияның арғы «аталары» – «Әділет» пен «Руханият» партиялары. Айтпақшы, ақыры деуіміз Мalim.kz сайты бұған дейін жаңа саяси ұйымның пайда болуы ықтимал деп жазған еді.
«Тимур ҚҰЛЫБАЕВ сайлау қарсаңында партия құруы мүмкін» деген материалымыз жарияланған-ды. Сонымен марқұм Мақсұт НӘРІКБАЕВ пен Алтыншаш ЖАҒАНОВАНЫҢ партиялары қосылып, «Бірлік» атанған саяси ұйым енді «Адал» болып шыға келді. Бүгін ребрендинг туралы шешім Нұр-Сұлтан қаласында өткен саяси кеңестің отырысында қабылданған.
«Біз ребрендик секілді, атауды өзгерту туралы зерттеу жүргіздік. Зерттеуді кәсіби әлеуметтанушылар жүргізді, олар атаудың 10-ға жуық нұсқасын қарастырды. Талдау нәтижелері бойынша «Адал» нұсқасы жеңіске жетті. Мамандар бұны халықтың жаңаруға деген қажеттілігін, әділеттілікке деген сұранысын түсіндіреді дейді. Сондай ақ, адамдар әділеттілік сөзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестен бастап шешім қабылдаудың ашықтығына дейін үлкен мағына береді», – деді партия төрағасы Серік СҰЛТАНҒАЛИ.
Сонымен қатар, партияның саяси кеңесіне жаңадан тоғыз мүше кірді. Оның екеуі экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ күйеу баласы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ басқаратын «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасының орынбасары Олжас ОРДАБАЕВ және аталған кәсіпкерлер палатасының басқарма мүшесі Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ кірді. Партия басшысы Серік Сұлтанғалидың «ҚазТрансГаз»-ды басқарғанын ескерсек, Құлыбаевқа жақын адамдардың бір партияға топтасқанын аңғару қиын емес.
Саяси кеңестің жаңа мүшелерінің қатарында спортшы Ардақ НАЗАРОВ және «Qazaqstan» телеарнасының бас продюсері Мақсат ТОЛЫҚБАЙ мен кезінде осы арнада басшылықта болған Мұрат ҚОЖАМҚҰЛОВ кірді.
«Қазір біз Мәжіліс пен мәслихаттар үшін партиялық тізімдерді қалыптастырудамыз. Қорытынды бойынша әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота сақталады. 30 қыркүйекте өткен съезде өз күш-жігеріміз, тәжірибеміз бен көзқарасымыз бар екенін айтқан болатынбыз. Мен өз сөздерім мен партияның жаңаруын растаймын. Жаңа құрылым енгізілуі бізді одан әрі нығайта түспек. Бүгін біздің саяси кеңесімізге өз тәжірибесі мен білімін енгізер түрлі саладағы жаңа тұлғалар, қоғам қайраткерлері енді. Біз сайлауға қатысуға дайындалып жатырмыз, тиісті идеологиялық, талдау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды », – деді Серік Сұлтанғали.