Қызылжарды бөліп алмақ болғандар ұзақ жылға сотталады.. 

Таяуда ғана Қызылжарда «Халық Кеңесін» құрып, егемендігін жариялаған сепаратистік бағыттағы топ өкілдері он жылға сотталуы мүмкін. Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы топ жетекшілеріне сепаратизм бойынша ҰҚК тергеу амалдарын бастағанын мәлімдеді.

  • 18.04.2023

Прокуратура, ҰҚК, Экономикалық тергеу департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу Қызылжарда 19 наурыз күні Солтүстік Қазақстан университетінің колледж ғимаратында «Халық Кеңесі» тобына қатысушылардың жиыны өткенін анықтады. Оған Қызылжар қаласының 20 тұрғыны қатысқан. Басқосуда өздерін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ізбасарлары деп көзқарастарын ашық түрде жариялады.

Осылайша теріс пиғылдағы тұрғындар Қазақстан Республикасынан тәуелсіз Петропавл қаласының Халық Кеңесін құру туралы тілектерін ашық білдірген. Тіпті, қалың елдің ашуын тудырып, «Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының Халық Кеңесі Декларациясын» қабылдаған сәтін бейнежазба арқылы жариялап жіберген еді. Осы арқылы олардың  Қазақстанның мемлекет құру заңдылығын мойындамағаны, Конституциясы мен тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын жоққа шығарғаны сол бейнежазбада анық байқалғаны көптің талқысына түсті.

Кейін айыпты тарап бейнежазба арқылы өздерінің сөзінің бұрмаланғанын айтып, «арандатушылар басқа мақсатта пайдаланды» деп пікір білді. Алайда ел тұтастығына қайшы келетін кеңеске қатысты тіс жарып ештеңе демеді. 

«Сотқа дейінгі тергеу барысында іс үшін мәні бар көптеген шаралар жүргізілді. Оның ішінде әртүрлі сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Түрлі мамандардың қатысуымен комиссиялық сот психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындыларына сәйкес сепаратизм белгілерін анықталды», - деді СҚО прокуратурасының  мамандары.

Қазір қылмыстық  іс бойынша жинақталған материалдар  негізінде «Халықтық кеңестің» үш мүшесі мемлекеттің қауіпсіздігін ыдыратуды үгіттеу бойынша жұмыс жүргізгені белгілі болып отыр. Осы ретте күдікті үшеу уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Өңір прокуратурасы қамаудағы үшеуге қылмыстық кодекстің 179 және 180-бабы бойынша, он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын атады.