Ресейдегі қандастар есерсоқтанып барады

Ресейлік үгіт-насихатты санасына сіңіргені сонша, Украинаға соғыс ашып отырған өз билігіне уәж айтудың орнына, қайта қолдап, қуаттап отыр

Malim Админ

  • 16.05.2023

Жуырда америкалық және израильдік бірнеше ақпарат құралдары мынадай ақпаратты жария етті. Олардың жазуынша, наурыз айында Израильде өткен ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионатының қарсаңында «Қауіпті жігіт» деген лақап атпен танымал 23 жастағы қазақ спортшысы Ильяс Садықов өз қарсыласы - еврей ұлтының өкілі және Израиль полициясының офицері Рафаель Ароновқа (ол «Коп» деген лақап атпен танымал) мессенджер арқылы антисемиттік пиғылдағы адами намысын қорлайтын және боқтықсөздерді жіберген. Садықов өз жазбасында Гитлердің суретімен бірге «Мен сені осы кісі жасағандай етіп өртеп жіберемін!», «Сені өлтіремін, қаншық», «Саған неміс әуендері ұнай ма?» деген жазба жолдаған.


Әрине, ережесіз жекпе-жек кездесуі алдында қарсыластар бір-бірінің мысын басу үшін өзара психикалық шабуыл жасау – ММА спортының шоу жасау әдісі. Алайда, Рафаель Ароновтың айтуынша, қазақстандық спортшы өзінің антисемиттік әрекетімен шектен шығып кеткен.

БАҚ өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, туған-туысы Холокост қырғынын басынан кешкен Рафаель Аронов қарсыласының қоқан-лоққысына жауап қатпай, керісінше Садықовтың жазбаларының көшірмесімен израильдік «Now 14»ақпараттық телеарнасында бөлісіп: «Мен қарсыласыма жекпе-жек алаңында жауап беруді жөн көрдім» деп мәлімдеген. Нәтижесінде, кездесу небары бес минутқа созылып, Аронов қарсыласын нокаутпен жеңеді де, өзінің ММА-дағы тұңғыш чемпиондық белбеуіне ие болады. Ал Садықов болса кездесуге төрелік еткен әділ қазыларды әлеуметтік желіде кінәлап, Ароновпен Қазақстанда қарымта кездесу өткізуді талап етуде.

Осы оқиғаға қарап, санамызға бірінші боп келген ой – бұған дейін біздің отандық спорт әлемінде дәл осындай өрескел әрекет ешқашан болмап еді. Кісіні дініне немесе ұлтына қатысты жазғыру – біздің кеңпейілді де қонақжай халқымыз үшін мүлдем жат мінез. Өткен ғасырда, екінші дүниежүзілік соғыс уағында өздері ашқұрсақ отырып, біздің ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз жау шебінде қалған өлкелерден көшірілген көптеген ұлт өкілдеріне пана болды. Қатарында қырым татарлары, балқарлар, шешендер, ингуштер мен Еділ жағалауының немістері, корейлер, еврей және басқа да ұлттар бар үйсіз-күйсіз арыған жұртпен қазақтар жарты нанын бөлісіп, басына баспана тауып берді. Күні бүгінге дейін сол ұлттардың ұрпағы қазақ халқына алғысын білдіріп келеді.

Мен қазақстандық жас спортшының ауызына кім бұндай сөздерді салып берді, оның басында осындай ой қайдан пайда болды деген мәселені көп ойлап, толғандым. Сөйтсем, Израильде біздің туымызды көтеріп шығып, жекпе-жек өткізген бұл жігіт Қазақстанға жуырда ғана көшіп келген қандасымыз екен. Тіпті, екі жыл бұрын ММА-дан Ресей Кубогы үшін омбылық «Ермак» клубы атынан жекпе-жек сайыстарына шыққан. Кейін Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алыпты.

Осы ретте Мәдениет және спортминистрлігі мына мәселені ескерсе деген ұсынысым бар. Қазақстан туы астында халықаралық жарыстарда Еліміздің намысын қорғауға арнайы сырттан жалданып келген, шақырылған спортшыларды шетелдік жарыстарға апармас бұрын, олардың моральдық ұстанымына, адами болмысына мұқият мән беру керек. Елімізге келгеннің бәрі бірдей, мейлі қазақ болсын, Отанымыздың патриоты дей алмаймыз. Әйтпесе бір мисыз «шірік құмалақ» қазақ халқы мен мемлекетіне пайда орнына дүние жүзінің мыңдаған көрермендері алдында ұлтымызға деген сенім мен құрметті аяқасты етіп, кеселін тигізіп, күллі әлемде теріс көзқарас қалыптастыратыны анық.

Иә, Садықов түр-түсі, төлқұжат бойынша – ұлты қазақ. Бірақ ол біздің салт-дәстүр, ұлттық тарихымыздан, түп тамырымыздан ажырап қалған адам. Жан-тәнімен, саналы түрде өзге ұлт өкіліне қатысты өрескел түрде балағат жолдайтын адам, әрине, қазақ емес. Ол қандай ортада өсті? Қандай тәрбие көрді? Оның ата-анасы кімдер, ең бастысы, оның спорттағы тәрбиешілері қандай адамдар? Анықтап қарасам, Садықовты спортта сүйемелдеп жүрген тәрбиешілері Георгий Емельянов пен Андрей Терентьев деген біреулер екен. Шамалауымша, өзге ұлттарды кемсітуге бейім теріс пиғылды тәрбиешілері жас спортшының миын апта бойы тәулігіне 24 сағат қатарынан өз көрермендеріне ресми түрде азғындықты насихаттап жатқан ресейлік теларналары құсап, адамгершілікке жат оймен улап тастаған секілді. Мәселен, ресейлік арналар қазір ел алдында, тіпті ресми деңгейде, еш қымсынбастан, украиндықтарды – укроп немесе укрлар, Орталық Азия азаматтарын – өріктер немесе шөркілер (урюки, чурки), кавказдықтарды – хач немесе азерлер, ал еврейлерді – жөйт деп атауды әдетке айналдырып алды.

Осы күнге дейін Ресейде өзім аса құрметтейтін көптеген достарым, жақын-жуық азаматтар, бірге оқыған курстастарым көп еді. Алайда кейінгі кезде солардың көбімен қарым-қатынас жасау қиындап кетті. Өйткені олар бүгінгі ресейлік үгіт-насихатты санасына сіңіргені сонша, Украинаға соғыс ашып отырған өз билігіне уәж айтудың орнына, қайта қолдап, қуаттап отыр. Немересі Украинаға соғысқа кетіп бара жатқан сондай адамдардың бірімен әңгімелестім. «Сен өз өлкеңде абыройлы азаматсың ғой, неге оларды соғысудан бас тартқызбадың?» деп сұрадым. Ал ол болса: «Бұл олардың өз қалауы. Олар отанын қорғауға бара жатыр» дейді. Дәл солардың мемлекетіне біреу соғыс ашып, шабуыл жасағандай. Осыдан кейін мен онымен араласуды доғардым...

Осы ойымызды жуырда ғана Томск мемлекеттік университетінің (ТМУ) студенті, 23 жасар Қазақстан азаматы Марғұлан Бекеновтың басындағы жағдай айқындай түседі. Оның туыстары Марғұланды «Вагнер» әскери компаниясы үгіттеп, майдан даласына күштеп әкетіп бара жатқаны жөнінде дабыл қақты. Артынша Марғұланның өзі әлеуметтік желіде Ресей ұйымдастырған «арнайы операцияға» өз үлесін қосу үшін ерікті түрде соғысуға бара жатқанын мәлімдеп, бейнеүндеу жариялады.

Қазіргі таңда Ресей жастары келісім-шарт бойынша әскерге шақырған жан-жақты жарнамаға қарсы тұра алмай отыр. «В контакте» желісінде наурыз айынан бастап 53 мың осындай үгіт-насихаттық жарнама жарық көрген. Жастарды соғысқа барлық жерде үгіттеп, шақыруда. Үйлердің кіреберісі мен метрода, тіпті, мектептер мен балабақшаларда да шақырып жатыр. Мәселен, «Новая газета. Европа» басылымы 5-сәуірде келісім-шартпен әскерге шақырушылардың жарнамасы Астраханнның бес балабақша сайтында жарық көргенін жазды. Сондай-ақ, осы өңірдегі бір мектепке әскери адамдар келіп, тарих және дене шынықтыру сабағы кезінде оныншы сынып оқушыларын мектеп бітірген соң, бірден келісім-шартпен әскерге баруын үгіттеген.

Бұл жерде менің Астрахань облысына көңіл аударып отырған себебім, ресми дерекке сүйенсек – өңір халқының 16%-ы қазақ ұлтының өкілдері. Одан бөлек, «Idel.Реалии» басылымының мәліметінше, билік ресми түрде ашық жария еткен және туыстары жариялаған дерекке сай, Украина жерінде опат болған әскердің 80%-ы – ұлты қазақтар екен.

Жалпы, мамандардың пікірінше, Ресей соғыс болып жатқан Украина жеріне саны аз ұлт өкілдерін көптеп жіберуде. «Медиазона» басылымының жазуынша, соғыс даласында ең көп оққа ұшып өлгендер – Дағыстан мен Бурятия ұлттық республикаларынан аттанған әскерлер екен. Ал «Idel.Реалии» басылымы ресейлік әскери қолбасшылар майданда алғы шепке орыс емес, өзге ұлт өкілдерін айдап салып, сол арқылы «көпұлтты Ресей Федерациясының халқы«ата жау «фашизмге» қарсы соғысуда» деген пасық ниетпен өздерінің Украинаға баса-көктеп кірген әрекетін ақтағысы келетіндігін жазады.

Осы орайда еріксіз конспирологиялық күдік те ойыңа оралады. Олсыз да саны аз халықтардың азаматтарын соғысқа еріксіз айдау арқылыкелешекте тәуелсіздікті ту етерұлттардың ұлдарын Ресей билігінің пайымдауымен болуы мүмкін федерациядан шығып, «сеператистік қозғалысқа» араластырмау жоспары арқылы қасақана жойылып жатқан Ресейдегі ұлттық аймақ тұрғындарының соғысқа көптеп тартылу себебін түсіндіруге болады. Сондықтан да ол жақтағы қандастарымыздың жаппай есерсоқтануына таң қалмауымыз керек. Путиндік үгіт-насихатқа әбден елтіген олар Украинаға жасалған агрессиялық шабуылды ақтауға тырысады.

Бір таң қаларлығы, біздің билік не себепті Украина телеарналары көрсетілмейтін Қазақстан аймағында ресейлік телеарналардың еркін таралуына мүмкіндік жасап отыр? Еліміздің тәуелсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіріп,ақпараттық қауіпсіздік пен азаматтардың идеологиялық қорғанысына жасалған осындай зиянды шабуылға тойтарыс бермеу – ұлттық идея мен құндылықтарға жасалған опасыздық деп түсінуіміз керек.

Ұзақбай АЙТЖАНОВ  

Байланысты жаналықтар

Премьер-министр Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

22.11.2024

Украина «сутенер», ал Ресей «опасыз» санайды

21.11.2024

Ресей мен Украинаның соғысып жатқанына 1000 күн. Текетірес тоқтай ма? 

19.11.2024

Қарақшылық жасаған адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды

11.11.2024

Путин Ресейдің ірі мұнай компанияларын өз қолына біріктірмек – шетелдік БАҚ

10.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Сыртқы істер министрін қабылдады

07.11.2024
MalimBlocks
Премьер-министр Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

Тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік қатынасының қауіпсіздігі, денсаулық сақтау объектілерінің қызметі және басқа да мәселелерге назар аударылды

Украина «сутенер», ал Ресей «опасыз» санайды

Арчаковты Украина қарулы күштерімен және Украина жағында соғысып жатқан шешен батальонымен байланысы бар деп, ұзақ мерзімге соттауы мүмкін

Ресей мен Украинаның соғысып жатқанына 1000 күн. Текетірес тоқтай ма? 

Қазір ресейліктер 66 мың 932 шаршы шақырым жерді бақылауда ұстап отыр

Қарақшылық жасаған адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды

Сыбайластардың бірі бұған дейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған

Путин Ресейдің ірі мұнай компанияларын өз қолына біріктірмек – шетелдік БАҚ

Қазір үш ірі компанияны біріктіру мәселесі талқыланып жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Сыртқы істер министрін қабылдады

Сергей Лавров Қазақстанға ресми сапармен келді