457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстанға оралады

Ол шетелге кетуінің себептерін де атады, деп хабарлайды malim.kz forbes.kz сайтына сілтеме жасап.


Журналист, блогер Арманжан Байтасов өзінің Baitassov Live атты YouTube-арнасында қазіргі таңда шетелде тұрып жатқан режиссер, сценарист және жазушы Ермек Тұрсыновпен сұхбат жариялады. Бағдарламаның кейіпкері атап өткендей, ол шығармашылықпен айналысуды жалғастырып жатыр және екі кітаптың қолжазбасын дайындап қойған. Оның бірі  «Кірпіш» шығармасының жалғасы, ал екіншісі - атауы әлі қойылмаған әңгімелер жинағы.

Жүргізуші: «Бұл іспен Қазақстанда отырып-ақ айналысуға болмайтын ба еді?» деген сұрақ қойғанда, Ермек Тұрсынов былай деп жауап берді:

 

Мен бұл іспен кез келген жерде айналыса аламын: АҚШ-та да, Еуропада да, тіпті Марста да. Шынымды айтсам, соңғы бес жылда мен Қазақстанда негізінен жұмыссыз болдым. Маған фильм түсіруге рұқсат бермейді; түсірген дүниелерімді түрлі, кейде қолдан жасалған себептермен сөреге қоя салады, прокатқа шығармайды. Театр жобаларын да жауып тастайды. Мысалы, Нұрлан Сабуровпен бірге өткізгелі жатқан шығармашылық кешіміз де күтпеген жерден тоқтатылды, - деді режиссер.

Оның айтуынша, бұл жобада ол стендап әртісі Нұрлан Сабуровтың шын бейнесін, яғни «мысқылшыл комик» маскасының ар жағындағы тұлғаны көрсеткісі келген.

«Мен Сабуровты жеке тұлға ретінде театр сахнасындағы көпшілік алдында ашып көрсеткім келді. Бірақ соңғы сәтте маған театр бұл шараны өткізе алмайтынын айтты – сөздеріне қарағанда, техникалық жұмыстар жүргізіледі екен», - деп еске алады Тұрсынов.

Дәл осындай жағдай Еркеш Шәкеевпен бірлескен жобада да қайталанды. Бұл жобада Шәкеев алашордашыл ақын-жазушылардың өлеңдеріне музыка жазған.

«Біз 31 мамырға күн белгілеп қойдық, көп билет сатылды. Бірақ бұл кеш те концертке бір апта қалғанда тоқтатылды. Көп еңбек еш кетті…» - дейді Тұрсынов.

Сондай-ақ Ермек Тұрсынов Марғұлан Сейсембаймен бірігіп ұйымдастырған тағы бір жобада да қиындықтар туындағанын айтты. Сейсембай оның 15 томдық шығармалар жинағын басып шығаруға көмектескен. Бұл жинақты Тұрсынов пен Сейсембай қазақстандық кітапханаларға тегін таратпақ болған. Осы мақсатта Қазақстанның түрлі өңірлерінен кітапхана басшыларын Алматыдағы Ұлттық кітапханаға шақырған.

Кездесу бәрібір өтті, бірақ оны ұйымдастыру өте қиын болды. Үнемі бір кедергілер шығып отырды. Әрине, мұны мейрамханада не қонақүйде де өткізуге болар еді, бірақ меніңше, бұл дұрыс болмас еді. Әсіресе, біз мұны 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күніне орайластырып өткізгендіктен, шараның кітапханада өтуі орынды болды, - дейді режиссер.

Бағдарлама кейіпкерінің айтуынша, мұндай «жағымсыз жағдайлар» бірінен соң бірі орын алып, жиналып келді, ал ақырында «белгісіз бір қылмыстық істер» болды.

Менің продюсерімнің үйіне тінту жүргізілді... Біз Қазақстанда көп жылдан бері тұрып келеміз, сондықтан мұндай “кездейсоқтықтардың” шын мәнінде кездейсоқ еместігін білеміз. Мен рюкзагымды жинап, кете бардым. Бірақ бұл менің туған жермен байланысымды үзді деген сөз емес. Мен әлі де жұмыс істеп, әңгімелер мен “ойтолғауларымды” жазып, жариялап отырамын, - деп атап өтті Тұрсынов.

Сұхбат соңында Арманжан Байтасов Ермек Тұрсыновтың 28 шілдеде өтетін бір шараға қатысу үшін Қазақстанға қайта келетінін хабарлады.

Фото: facebook