Сарапшы: Қазақстан экономикасына шұғыл реформа керек

Malim Админ

  • 13.02.2025

Қазақстан экономикасы құрылымдық өзгерістерге мұқтаж. Мұндай тұжырымға Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банк сарапшылары келді. Halyk Finance аналитиктері олардың деректерін зерттеп, өздерінің қорытындыларын жасады, деп хабарлайды Orda.kz.

ХВҚ мен Дүниежүзілік банк өз есептерін қаңтар айында ұсынды. Жалпы, екі ұйым да 2024 жылы Қазақстан экономикасының өсуін оң бағалады, монетарлық саясаттың тиімділігін және банк секторының тұрақтылығын атап өтті. Алайда ескеретін қауіптер бар.

Өткен жылы Қазақстанға келген ХВҚ сарапшылары 2025 жылы еліміздің экономикасы бес пайызға өседі деп болжады. Алайда қажет реформалар жүргізілмесе, ұзақ мерзімді перспективада бұл көрсеткіш үш-төрт пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Дүниежүзілік банк те ұқсас болжамдар берді: 2025 жылы ЖІӨ 4,7 пайызға өседі, кейінірек өсу үш-төрт пайызға баяулайды.

Halyk Finance сарапшылары Қазақстан экономикасын ынталандырған сауданың күрт өсуін тұрақты әрі сапалы деп санау қиын екенін айтады. Себебі оның көп бөлігі мемлекеттік шығыстардың 13,3 пайызға артуымен қамтамасыз етілген, ал импорт, инвестициялар және халықтың нақты табысы төмендеген. Дегенмен, қазақстандық аналитиктер оптимистік болжам жасап отыр

«Біздің 2025 жылғы экономиканың өсуі жөніндегі болжамымыз ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің болжамдарына қарағанда жоғары, 5,3 пайызды құрайды. Біздің есептеуіміз бойынша, мұнай өндірудің 2024 жылғы 87 миллион тоннадан 2025 жылы 96-99 миллион тоннаға дейін айтарлықтай ұлғаюы өсімге елеулі ықпал етеді», – дейді Halyk Finance аналитигі Салтанат Игенбекова.

Инфляцияға келер болсақ, шетелдік және қазақстандық сарапшылар да оның алдағы уақытта бес пайызға дейін төмендеуін күтпейді. ХВҚ Қазақстандағы инфляция 2028 жылға дейін бес пайызға дейін төмендейді деп отыр. Дүниежүзілік банк 2025 жылы бағалардың 7,5-8 пайызға, 2026 жылы 6 пайызға дейін өсуін болжап отыр. Ал бес пайыздық мақсатқа жету туралы күмән көп. Бұл тұрақсыз теңге бағамы және басқа да факторларға байланысты. Halyk Finance сарапшылары инфляцияны бағалауда пессимистік болжам ұсынады.

«Ішкі қауіптер, мысалы, бюджеттік тәртіптің әлсіздігі, Ұлттық қордан жоғары деңгейдегі трансферттер, теңге бағамының құбылмалылығы және сыртқы қауіптер бағаның тұрақтылығына қысым жасай алады. Біз коммуналдық тарифтердің одан әрі өсуі, мұнай бағасы мен валюталық курсқа қатысты белгісіздік себепті инфляция болжамын 9 пайызға дейін жоғарылаттық», –деп атап өтеді Салтанат Игенбекова.

Қазақстан экономикасында өсуіне кедергі болатын басқа да мәселелер бар. Мысалы, банктер бизнеске белсенді түрде кредит бермейді, ал жеке тұлғаларға берілетін несиелер көп. Ал әлеуметтік тұрақтылықты қолдау үшін мемлекет қабылдаған протекционистік шаралар тиімсіз болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралардың орнына ең кедей қазақстандықтарға арнайы мақсатты көмек көрсету және әлеуметтік сақтандыру секторын дамыту керек.

Сондай-ақ, Қазақстан экономикасына шұғыл реформалар қажет. Либерализация туралы барлық мәлімдемелерге қарамастан, соңғы кездері мемлекеттің экономикаға араласуы артып келеді. Өзгерістердің қажеттілігі айқын болды – мұнай бағасы төмендеуде, ал Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің жағдайы оңай емес. Сондықтан мемлекеттің экономикаға араласуын азайтып, монетарлық, фискальдық және әлеуметтік саясатты жетілдіру қажет.

«Мемлекеттің рөлін азайту, бизнес ахуалын жақсарту және ішкі бәсекелестікті арттыру жөніндегі шаралар, президенттің экономиканы либерализациялау жөніндегі жарлығында көрсетілгендей, баяу жүзеге асырылуда және мемлекеттік органдар тарапынан жария ету жағы кемшін», – деп қорытындылайды Салтанат Игенбекова.

Ақпан айының басында Мәжіліс спикері Маулен Әшімбаев Қазақстан билігіне Дональд Трамп пен Илона Масктың бюджеттік қаражатты үнемдеудегі тәжірибесін үйренуге кеңес берді.

Фото: kz.kursiv.media

Байланысты жаналықтар

«Теңізшевройл» жұмысшыларын жаппай қысқартуы мүмкін

14.02.2025

Сарапшы: Президент Тоқаев ҚҚС-ң талқылау шеңберін нақты белгіледі

08.02.2025

Экономист: Бензин қымбаттаса, бәрі қымбаттайды

06.02.2025

20%: ұрпағымыздың ақшасымен өмір сүріп жатырмыз

01.02.2025

Азат Перуашев: Теңгені Ресей рублінен босатпасақ, девальвация тоқтамайды

17.01.2025

Кореяда қазақстандықтарды да гастарбайтер ретінде қабылдайды – сарапшы

10.01.2023
MalimBlocks
«Теңізшевройл» жұмысшыларын жаппай қысқартуы мүмкін

Сарапшы: Президент Тоқаев ҚҚС-ң талқылау шеңберін нақты белгіледі

Экономист: Бензин қымбаттаса, бәрі қымбаттайды

20%: ұрпағымыздың ақшасымен өмір сүріп жатырмыз

Азат Перуашев: Теңгені Ресей рублінен босатпасақ, девальвация тоқтамайды

Кореяда қазақстандықтарды да гастарбайтер ретінде қабылдайды – сарапшы

Қазақстаннан халықаралық ақша аударым жүйесі арқылы шетелге аударылатын ақшаның көлемі осы жүйе арқылы Қазақстанға аударылатын ақшадан екі есе көп...