Сау болыңыз, Сақтағанов! Бәрекелді, Байахметов!..
Семейдегі шиеленіскен әлеуметтік жағдай жыл басында ғана қала әкімі болып тағайындалған Нұрымбет Сақтағановтың денсаулығына байланысты қызметінен кетуіне ұласты. Бүгін таңертең облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласының әкімі қызметіне бұған дейін облыс әкімінің орынбасары болған Бақытжан Байахметовті өзі «жетектеп әкеліп» тағайындап берді. Нұрымбет Аманұлын қала басшылығына тағайындағанда «Семейге өте тәжірибелі әкімдік әкелдім» деп қамқорсыған Даниал Ахметовтің жарты жыл толмай жатып, қала басшысын ауыстырғаны кадрлық саясатының тамыры үзіліп, әкім атаулының қадірі қаша бастағанын көрсеткені анық. Қол астындағы орынбасарларынан «жалыға бастаса», әкім етіп тағайындап, «бөрі арығын білдірмей» құтылатын әдеті барына жұрттың көзі үйрене бастаған.
Мәселен, 2017-2019 жылдары облыс әкімінің ауылшаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары саласы бойынша орынбасары қызметін атқарған Шалқар Байбековті Бесқарағай ауданының әкімі етіп тағайындағанымен, ол 2020 жылдың соңына қарай Нұр-Сұлтан қалласына қызмет ауыстырып кетіп тынды. Содан бері «басы бос» тұрған ауданға жақында Абай ауданын төрт жылдай басқарған Жарқынбек Байсабыров басшылыққа барды.
Ал, Байсабыровтан босаған орын 2017 жылдан Ұлан ауданы әкімінің орынбасары болған Нұржан Әбдікәрімовке бұйырды. 2019 жылдың сәуір айынан Тарбағатай ауданының әкімі қызметін атқарған Серікқазы Сәдуақасов 2020 жылдың тамыз айында Көкпекті ауданының әкімі болып ауысқан еді. Алайда, бұл ауданды басқарғанына 6 айдан енді асқанда Сәдуақасов Ауылшаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы болып жоғарылап, «тыныш тапты».
Жалпы, Даниал Ахметовтің мұндай тағайындауларына қарап, кез-келген азық-түлік тауарының сыртындағы жарамдылық мерзімінің датасы еске түсіп тұратын болды. Яғни, бұрындары аудан, қала басшылары тағайындалғанда оның үш-төрт жыл отыратынына күмәнсіз сенетін жұрт қазір жаңа әкім келсе, оны жарамдылық мерзімі бірнеше айдан аспайтын тауарға ұқсатпасына амалы қалмай бара жатыр. Қазіргі уақытта облыс әкімінің аппарат басшысы қызметінде отырған Ержан Аймұқашевтің Глубокое ауданының әкімі қызметін 2020 жылдың сәуір айынан қыркүйек айына дейін ғана атқарғаны да осының бір айқын мысалы.
Семей қаласының әкімі қызметіне білек сыбана кіріскен Бақытжан Байахметовтің «жарамдылық мерзімі» қаншаға созылар екен?!.. Облыс әкімінің ТҮКШ саласына қарасты бюджет қаражатын «бірге талқылайтын» орынбасары қызметін атқарған Бақытжан Кәкенқажыұлы Семей қаласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын орындауға қауқары қалай боларын алдағы алты ай көрсетіп қалар...
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы