Сұлтанов жоспар құра алмайды екен   

Министрдің ұғынықсыз жауабы депутатты қанағаттандырмады

Олжас Қасым

  • 06.04.2022

           Депутаттардың аймақтарға сапарынан кейін, оларға түскен өтініштер Мәжіліс отырысында сөз болды. Президент Тоқаев депутаттарға өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді  шешуді шегелеп тапсырған. Талап-тілектер жинақталып, бір ай бұрын Үкіметке жолданды. Осы мәселелердің шешілуі жайлы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов  баяндады.  


Тоғжанов жарты сағаттық баяндамасында атқарылған жұмыстардан гөрі жоспарланған істерді көбірек айтты.  Цифрлар мен сірескен сөздердің арасында сенделген депутаттар сұрақ қоятын сәтін асыға күтті.  Елдің өтінішін тыңдап келген мәжілісмендер бірден министрлерге сұрақты қарша боратты.  Әсіресе бұқараны толғандырып отырған қымбатшылық мәселесі бүгінгі жиынның басты тақырыбына айналды.

Айта кетейік, Тоқаев наурызда министрлер кабинетіне азық-түлік бағасын ауыздықтауды тапсырған. Бағаны реттеу мәселесін жөнге келтіру керектігін айтқан.  Десек те, бағаның төмендегені байқалмайды.  Алқалы жиында ерекше көзге түскен министр Бақыт Сұлтанов болды. Тұрлыханұлына депутат Еділ Жаңбыршин азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты нақты сұрақ қойды. 

«Халықтың айтатыны – азық-түліктің қымбаттауы. Наурызда кейбір аймақтарда азық-түлік бағасы 36 пайызға өсті. Қазақстандықтар табысының көп бөлігін тамақ  алуға жұмсайды. Министрлік елдің азық-түлік балансын әзірледі ме? Үкіметте азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты нақты жоспар бар ма? Кәсіпкерлер мен Үкімет есебінен бағаларды ұстап тұру мүмкін болмаған жағдайда сіз бағаны қандай жолдармен реттейсіз?» - деді Жаңбыршин.  

Алайда Сұлтановтың ұғынықсыз жауабы депутатты қанағаттандырмады.  Мәжіліс төрағасы мен депутат бір сілкіп алған соң ғана ол азық-түлік балансы қабылданып, екі-үш жылда импортқа тәуелділікті төмендетеміз деді. Бағаны бақылай алмай отырғандар ретінде әкімдіктерді кінәлады. Оның айтуынша, Шымкент пен Астана және Жамбыл облысында баға негізсіз өскен. 
Отырыстан соң Еділ Жаңбыршин  Malim.kz тілшісіне сұхбат беріп, министрді сынға алды.  

«Халықтың сұрағына жауап бермей отыр. Олар әуелі жергілікті жерлерге баруы, елмен кездесуі керек. Азаматтардың өтінішін жинақтап, мәселені шешу жолдарын іздестіруі қажет. Жалпы, жүйелі, жоспарлы жұмыс жоқ.   Әр өңірдің қанша азық-түлік тұтынып жатқанын білуге болар еді. Әр айда, қанша көлемде  азық керек, оны қалай сақтауымыз керек, барлығын реттеп қоюға болады. Бұлар нарық бәрін реттейді деп қарап отыр. Нарықты да жоспарлау керек», дейді ол. 

Бұған дейін Б.Сұлтанов «Біз баға тұрақтандырудың негізгі құралдарына талдау жүргіздік.  Ауыл шаруашылығы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп шекті бағаларға қатысты тәсілдер қайта қаралды. Бұл бағаның өсу қаупін болдырмайды» деген. 
Керісінше, елімізде әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасы 1,7 пайызға өскен. Мұндай өнімдерге рұқсат етілген бөлшек сауданың үстемесінен асып кету деректері көп.  Үкімет аталған тауарларға 15 пайыз үстеме бағаның сақталуын тапсырғанымен, нәтиже шамалы.   

Сауда министрі экспортты шектеу шаралары дер кезінде қабылданатынын да айтқан. Бір амалы ретінде мал өнімдері мен көкөніс экспорттауға тыйым салып тастаған. 
Е.Жаңбыршин осы қадамды құптамайды. Депутат негізгі мәселе отандық өнімді көбейтіп, импортты азайту екенін баса айтты. 

«Кейбір азық-түлікті экспортқа шығаруға шектеу қойдық. Бұл бір жағынан дұрыс болғанымен, зияны да көп. Мысалы белгілі бір өндіріс орны өнімін нарыққа шығарып отыр, ал артығын қайда жібереді? Шектеуден соң ол өнім көлемін азайтады. Нәтижесінде жұмыс орындары қысқарып, салыққа түсетін база қысқарады. Керісінше, баж салықтарын көбейтсе немесе квота жасау керек», - дейді депутат. 

Осыларды реттегенде ғана өнім өндіруші тауарын елдегі сұранысқа жұмсап, қалғанын экспортқа шығарады. Оның айтуынша, ескі шаблонмен жұмыс істейтін уақыт өтті. Жұмыс істей алмайтын министрліктерді ротация жасау қажет.  Сенім кредитінен айрылған министр Сұлтанов халық талабын орындай ала ма?  Күн сайын ырық бермей бара жатқан қымбатшылық  қарашаны ашындырмаса, жұбатпайтыны анық. 

Байланысты жаналықтар

Үкімет Семей ядролық полигонының жерін ұлыбританиялық компанияға берді

30.03.2025

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанда криптобанк құруды ұсынды

26.03.2025

Тек ақша табуды ойламай, киноның сапасына мән беру қажет – Бектенов

18.03.2025

Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуі туралы соңғы шешімді айтты

14.03.2025

Олжас Бектенов экономиканы дамыту жөнінде кеңес өткізді

12.03.2025

Үкімет Астанада бір үйге тіркеуге болатын адам санын шектеуді ұсынды

05.03.2025
MalimBlocks
Үкімет Семей ядролық полигонының жерін ұлыбританиялық компанияға берді

Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанда криптобанк құруды ұсынды

Оның пікірінше, бұл қаржы институты цифрлық активтердің айналымын заңдастыруға және реттеуге ықпал етеді

Тек ақша табуды ойламай, киноның сапасына мән беру қажет – Бектенов

Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуі туралы соңғы шешімді айтты

Олжас Бектенов экономиканы дамыту жөнінде кеңес өткізді

Қаңтар-ақпан айларындағы ЖІӨ өсімі 5,4% болды

Үкімет Астанада бір үйге тіркеуге болатын адам санын шектеуді ұсынды