Тоқаевтан Назарбаев атындағы Оқушылар сарайын салуды сұрап жатыр

Алмас НҮСІП

  • 22.06.2020

Астананың көп балалы аналары былтырдан бері қанша наразылыққа шықса да, мәселелері толық шешілмеген соң, басқалай әрекет етуге көшкен секілді. Олар енді «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ атындағы оқушылар сарайын» салынса дейді. Бұл ұсынысты айтып, көп балалы аналар президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА ашық хат жазды деп хабарлайды Malim.kz.

Хатта бір-ақ ұсыныс бар: Сол жағалаудан оқушылар сарайы салынса және ол Назарбаев атымен аталса. Олар елімізде Назарбаев атындағы нысандардың аз емес екенін айтады.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бір жыл бұрын, 20 наурызда, сіз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгілік ұлықтау үшін астана атын ауыстыруға ұсыныс жасадыңыз. Еліміздегі көптеген маңызды нысандар қазір Тұңғыш Президенттің атында. Сіз өз мәлімдемелеріңізде Елбасының стратегиялық бағыты біз үшін айқын, ауытқымайтын темірқазықтай ең басты жолымыз екенін айтып келесіз», - деп басталады ашық хат.

Бұдан ары оқушылар мектеп партасына отырған сәттен бастап Назарбаев «қабылдаған шешімдердің маңызын, оның елге сіңірген еңбегін» білуі керек екенін айтады және Тоқаев жүргізіп отырған «көп балалы аналарды қолдау саясатын қолдайтындарын» алға тартады.

«Аймақтардан астанаға амалсыздан сапалы білім мен бала дамуына мүмкіндік іздеп келген» ата-аналар бұл жақта да жағдайдың оңып тұрмағанына уәж айтыпты:

«Алайда біз бұл жерде де шаш-етектен қиындықтан көз ашпай жүрміз. Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауында бірде бір Оқушылары сарайы жоқ, музыка мен сурет мектептері де жоқ. Біздің балаларымыз баратын  №59 лицей үш ауысымда жұмыс істейді және бір сыныпта 40 оқушы қысылып отырады».

Хатта соңғы кездері рейтингі құлдырап кеткен астана әкімі Алтай КӨЛГІНОВТІҢ де аты аталады. «Қабанбай батыр мен Сығанақ көшелерінің қиылысында 2 мың пәтерлік тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отырған» Көлгінов бұл мәселені жақсы біледі. Өйткені, бұл бір бүгін емес, былтырдан бері қозғалып келе жатқан мәселе. Тіпті, карантин режиміне қарамай, маймыр айында ғана осы мәселемен наразылыққа шыққан тұрғындар әкімдерін таппай қалған.

Араға күн салып барып, кездесу орны мен уақытын қайыра белгілеп, үйді-үйіне тарасқан тұрғындар, 19 мамыр күні де Көлгіновпен кездесе алмады. Ондағы талаптары да осы мәселе: не мектеп, не оқушылар сарайы салынса. Бұл бос жерге тұрғын үй салу үшін әкімдік те, құрылыс компаниясы да тұрғындардың келісімін алуы керек деген талап қойған. Кездесуге келген Көлгіновтің орынбасары бәрін ақылдасамыз, бәрі шешіледі деген уәде беріп кеткен.

Бұл мәселені енді көп балалы аналардың көтере бастағанына, әкімді қойып президентке шағымданғанына қарағанда Көлгінов тағы да түк шешпеген сияқты.

Ата-аналар бұл тұрғын үй кешені салынса онсыз да үш ауысыммен жұмыс істеп жатқан, бір сыныпқа 40 бала отырғызып қойған мектептің жағдайы не болады деп алаңдайды.

Расында, 2 мың пәтерлі тұрғын үй кешеніне адамдар қоныстанса, әр үйден кем дегенде 1-2 баладан мектепке барғанның өзінде жағдай қалай болады? Мектепті төрт ауысымды, бір сыныпта 50-60-тан оқушы отырғызса да, сыйғыза алмайтыны анық. Бұдан басқа да мәселелер туындайды:

«Бұл тұрғын үй кешені салынса, ауладағы үш ауысымдағы жалғыз мектепке, онсыз да аз балабақшаларға артық салмақ түсіріп, экологияны бүлдіріп, жол көлік апаттарын көбейтіп, көлік кептелісін арттырып, балалар мен егде жастағы азаматтардың жүріп тұруына алақандай жер де қалдырмайды» .

Көп балалы аналар 2 мың пәтерлік кешен салынбақ жер телімінің қанша тұратынын да анықтап қойыпты. 1,7 млрд теңге. «Балалар үшін бұл шығын айтарлықтай көп те қаржы емес», дейді. Сондықтан, «жартылай бос тұратын биік тұрғын үй кешендері керек емес». Оларға оқушылар сарайы керек. Назарбаев атындағы!

Бұл маңда тұратын ата-аналар мектеп керек екенін, оқушылар сарайы салынса деген өтініштерін бұған дейін айтудай-ақ айтып бақты. Тіпті, қақаған қыста осы жер теліміне келіп, «Енді маған мектепте орын жоқ» атты көрме де өткізді. Бірақ, ешкім құлақ асқан жоқ. Енді, экс-президентті алға салып көрмекке бел буыпты.

«Құрметті Президент, биыл  Елбасының 80-жылдық мерейтойы. Осыған орай, көпбалалы ата-аналар сол жағалаудағы Сығанақ пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы, Нұр-Астана мешітінің қасындағы осы аймақта бос тұрған ең соңғы алаңқайға – Инклюзивті саябақ пен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы Оқушылар сарайын салып беруіңізді өтінеміз», - дейді олар.

Көп балалы аналар бұл сарайдың бұл жерге орналасуының да маңызы бар дейді. Егер көп балалы аналардың өтініші орындалса, «бір көшенің бойында Назарбаев Университеті, Назарбаев зияткерлік мектебі және Нұрсұлтан Назарбаев атындағы инклюзивті оқушылар сарайы» тұратын болады.

Тоқаев «елбасы бастаған сара жолды жалғастырушы ретінде» «әрқашан бірге болайық!» деп сөзін аяқтаған көп балалы ата-аналардың өтінішіне қандай жауап қайтарар екен? Экс-президенттің 80 жасқа толар туған күні қарсаңында (6 шілде) жасалған бұл ұсынысты қолдап жіберсе, бұрынғы президенті, қазіргі үзеңгілес серігіне (?) үлкен сый болар-ақ еді.

P.S.: Бұған дейін нысандарды Назарбаев атымен атау туралы ұсыныстар мен бастамалар көбіне шенеуніктер тарапынан түсетін. Тіпті, «бүкіл Қазақстандағы ауылдарды сіздің атыңызбен атаса артық болмас еді» деп салғандары күні кеше. Енді міне, қарапайым халық та күтпеген ұсыныс жасап отыр. Шенеуніктердің сөзін жерге тастамайтын президент елдің сөзіне де құлақ асар. Оның үстіне, қаланың атын берген де, еститін мемлекет боламыз деген де Тоқаевтың өзі ғой...

Байланысты жаналықтар

Президент Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған концертті тамашалады

23.11.2024

Фельдшерлер мәселесін айтып, президентке видеоүндеу жасады

23.11.2024

Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

20.11.2024

Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

15.11.2024

Қазақстанның бірнеше мемлекеттегі елшілері ауысты

15.11.2024

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады

08.11.2024
MalimBlocks
Президент Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған концертті тамашалады

Концертте белгілі әншілер өнер көрсетті

Фельдшерлер мәселесін айтып, президентке видеоүндеу жасады

Олар №225 бұйрықтағы өзгерістерді алып тастауды сұрайды

Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

2022 жылдың қазан айында Тоқаев ТМД қамқорлығымен орыс тілін қолдау және ілгерілету ұйымын құруды ұсынған

Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

Тоқаев Қостанай жылқысы жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын айтты

Қазақстанның бірнеше мемлекеттегі елшілері ауысты

Словакия, Мексика, Родос және Мальта елдеріндегі жауапты тұлғалар арасында ауыс-түйіс болды

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады

Банк 1994-2024 жылдар аралығында Қазақстанда жалпы сомасы 7 млрд долларға жуық жобаларды қаржыландырды