Трамп пен Путин Астанада кездесе ме? – АҚШ елшісі жауап берді
Астанада жазушы Рейчел Луиза Снайдердің халықаралық марапаттарға ие болған «No Visible Bruises» кітабының қазақ тіліндегі «Сырты бүтін» басылымының тұсаукесері өтті
Шараға АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм қатысты. Malim.kz тілшісі жуырда қызмет ауыстырғалы отырған дипломатқа бірнеше сұрақ қойды.
Malim.kz:
- Жаңалықтарда Путин мен Трамптың Астанада Украинадағы қақтығысты шешу үшін кездесу мүмкіндігі туралы айтылды. Бұл ақпарат қаншалықты рас?
Елші:
- Ондай жаңалықты көрмедім. Оның шынайы екенін де айта алмаймын. Дегенмен, қазіргі таңда Президенттікке сайланған Трамп өз командасы мен жоспарын әлі де болса жасап жатыр. Қаңтардың 20 кейін ол өз саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Оған дейін бізде бір президент – Президент Байден және біздің саясатымыз бар. Ал ол саясат Президент Байденнің басшылығымен жүргізіліп отыр. 20 қаңтардан кейін не боларын көреміз.
Malim.kz:
- Сіздің дипломатиялық мансапты аяқтайтыныңыз жайлы хабар тарады. Қазақстандағы миссияңыз қиын болды ма?
- Елші: Қазақстанда қызмет ету маған тек қана қуаныш сыйлады. Ешқандай қиындық тумады. Өйткені, Қазақстан халқы мені құшақ жая қарсы алып, өз тәжірибелерімен, тарихымен шын ниетпен бөлісті. Мен үшін мұнда өмір сүру шынымен де үлкен ғанибет болды. Астананың қысы оңай емес, бұл, бәлкім, ең қиыны болар. Жалпы, осы жақта жұмыс істеуім маған керемет тәжірибе болды деп есептеймін. Қызметтен кетіп, Мемлекеттік департаменттен зейнетке шығу туралы шешімді көп ойланып барып, шештім. Өміріме өзгеріс жасау үшін дәл осы кез дұрыс сияқты көрінді. Бір жағы Қазақстанға деген қимастық та бар.
Мұнда ұзақ болғанды қалар едім. Қазақстанда өткізген уақыт санамда өте жылы естелік болып сақталып қалары анық.
Malim.kz:
- Қазақстанда сізге не ұнады? Ерекше ықыласпен еске алатындай естеліктеріңіз бар ма?
Елші:
- Жалпы, Қазақстандағы саяхаттарым жайлы айтатын естелік көп. Бір-екі жерді ғана бөліп-жарып айту қиын. Дегенмен, жақында Шымкент пен Жамбылдың арасындағы Ақсу-Жабағылы табиғи қорығына бару мүмкіндігі туды. Сол жердің керемет сұлулығына қатты сүйсіндім. Маған сондағы кісілер көктемде келіп, жайқалған қызғалдақтарды көру керек екенін айтты. Әрине, Қазақстан қызғалдақтың Отаны екенін бәріміз білеміз. Өкінішке қарай, алдағы көктемде сол сұлулықты көре алмайтын болып тұрмын. Себебі, ол кезде Қазақстанда болмаймын. Десе де, Қазақстанның көптеген өңірлерінің әсем табиғатын көріп үлгердім. Маңғыстауда болып, Бозжыраның тамаша сұлулығына сүйсіндім. Таулы аймақтарда, далада болдым. Өскеменде, Қатон-Қарағайға бардым. Көп саяхаттадым. Тіпті, атпен де серуендедім. Расында керемет.
Әлбетте, қай елге барсам да, сол жердің тарихын, дәстүрі мен мәдениетін зерттеймін. Ол үшін жергілікті музейлерге, өңірлік тарихи музейлерге барамын. Өткен жолы Таразда болдым. Сол жақта да ежелгі өркениеттер орнында жасалып жатқан археологиялық қазба жұмыстарының куәсі болдым. Міне, осындай саяхаттаудың, ел аралаудың арқасында есімде Қазақстан жайлы тек жылы естелік қалады.
Фото: Malim.kz