Жанболат Ағаділді төбелес кезінде пышақтап кеткен
Марқұм, қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің ұлын пышақтап кетті. Бұл хабарды Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Эльмира Шәуленова хабарлаған.
«10 қарашада түнгі сағат 23.00 шамасында Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің кәмелетке толмаған ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған», - делінген хабарламада.
10 қараша күні сағат түнгі 10:56-да 102 нөмеріне Нұр-Сұлтан қаласы Көктал ықшамауданы Болашақ көшесінде жаппай төбелес боп жатқаны туралы хабар түскен.
Полиция келе сала, жастардың арасындағы ерегіс төбелеске ұласқанын анықтаған. Төбелес кезінде екі адам дене жарақат алған. 17 жастағы Жанболат Ағаділ пышақталған. Жедел жәрдем келгенде ауыр жарақаттан көз жұмған.
Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-тармағы және 293-баптың 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төбелеске қатысқандар анықталып жатыр.
Полиция өлтіру мақсатында пышақ жұмсалмағанын айтады.