Жигули Дайрабаевқа бәрібір. Екі ұлы сотталған депутат Мәжілісте қала береді

Ол бүгін жұмысқа да шыққан жоқ

Malim Админ

  • 07.04.2023

Жалғанды жалпағынан басқан Жигули Дайрабаевқа бәрібір сияқты. Күні кеше депутаттың алаяқтық және ірі мөлшерде ақша жымқырды деп айыпталған екі ұлына  сот үкімі шықты. Қылмыстарының жиынтығы бойынша Дайрабаев пен Молдақалық шартты түрде  5 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығы шектелді.  Оларға пробациялық бақылау қойылады.

Бүгін қос ұлы бірдей сотталған Жигули Дайрабаевқа қатысты «Ауыл» фракциясының жетекшісі, депутат Анас Баққожаевқа сұрау салынды. Анас Баққожаев фракция мәлімдемесін жеткізіп, Жигули Дайрабаевтың депутаттық мандатын тапсырмайтынын жеткізді.

«Мен фракциясының мәлімдемесін айтайын. Біз оған ешқандай мін таға алмаймыз.

Біріншіден, қылмыстық істе оның жеке басына қатысты айтылмаған. Екіншіден, оның балалары –  ересек азаматтар. Олар ісіне өздері жауап беруі керек, өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында келе жатыр. Тәуекелдің барын біледі. Өздерін қорғап, өздері жауап беруі керек», - деді фракция жетекшісі.

Фракция жетекшісі журналистерді Жигули Дайрабаевтың өзімен сөйлестіру үшін, бәрінің көзінше оған қоңырау шалды. Алайда Мәжіліс депутаты жұмысқа келмеген, телефон тұтқасын көтермей қойды.    

Қазір Дайрабаевтың депутаттық мандатын тапсыруды талап етіп жатқандар көп. Мәселен, құқық қорғаушы Дидар Смағұлов мұндай жағдайдан кейін «кез келген өркениетті елдің депутаты отставкаға кететінін, ал біздің елде олар орнынан тапжылмайтынын» айтады.

Қоғам белсенділері  депутаттарды Дайрабаевқа бойкот жариялауға шақырып отыр. Әзірше олардың тарапынан қандай да бір мәлімдеме жасалмады. 

Байланысты жаналықтар

Жигули Дайрабаев Respublica төрағасына қарсы мәлімдеме жасады

24.02.2023
MalimBlocks
Жигули Дайрабаев Respublica төрағасына қарсы мәлімдеме жасады

Фермерлер «біздікі», «олардыкі» дейтіндей зат емес!