Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушыларға құттықтау жолдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Президент құттықтауында Қызылжар өңірі тоғыз онжылдық ішінде дамудың даңғыл жолынан өтіп, еліміздің маңызды аграрлық және индустриялық аймақтарының біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Солтүстік Қазақстан – елдің астықты өңірлерінің бірі. Диқандар мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.
Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығымен бірге өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау салалары қарқынды дамып, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, өндіріс орындары іске қосылып жатқанын айтты. Бұл бастамалар халықтың әл-ауқатын арттырып, облыстың одан әрі өркендеуіне серпін беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстанның тарихи маңызына да тоқталып, бұл өңірде ел бірлігін сақтаған Абылай ханның ізі қалғанын еске салды. Сондай-ақ аймақтан мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен әдебиет өкілдері, еңбек ардагерлері, спортшылар мен құқық қорғау саласының білікті мамандары шыққанын атап өтті.
Президент өз сөзінде елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға назар аударып, жуырда ғана күшіне енген Жаңа Конституция ұлт дамуының темірқазығы екенін айтты. Ол Солтүстік Қазақстан тұрғындарының Ата Заңды қабылдауға белсенді қатысып, ауызбіршілік пен жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсеткенін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде түрлі этнос өкілдері өзара құрмет пен достықта өмір сүріп жатқанын айтып, облыстың барлық жетістігі азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін жеткізді.
Сөз соңында Мемлекет басшысы солтүстікқазақстандықтарға зор денсаулық, амандық пен толағай табыс тілеп, өңірдің одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.