АҚШ президенті Дональд Трамп ұлтқа үндеу жасады деп хабарлайды malim.kz тілшісі DW - Неміс толқыны басылымына сілтеп.
Үндеу кезінде экономикалық дүмпуге уәде беріп, демократтарды сынап, мақтанып қалуды да ұмытпады деп жазады басылым.
«Қайырлы кеш, Америка. Осыдан он бір ай бұрын маған мұраға былық қалған еді, қазір оны түзетіп жатырмын», -
деді АҚШ-тың 79 жастағы президенті Ақ үйден жасаған тікелей эфирінде. Ол - сайлаушылардың экономикалық жағдайға наразылығы күшейіп, 2026 жылы АҚШ Конгресіне аралық сайлау жақындап келе жатқан тұста үндеу жолдап отыр.
Трамптың айтуынша, америкалықтарды алаңдатқан бензин мен азық-түлік бағасы «жылдам төмендеп жатыр».
«Біз әлем бұрын-соңды көрмеген экономикалық дүмпуге дайынбыз», -
деп мәлімдеді республикашыл президент.
Сонымен қатар, Трамп АҚШ-тың 1.45 миллион әскериіне «әскери дивидендтер» төленетінін жариялады, олардың әрқайсысы 1 776 доллардан алады: «чектер жолға шықты» деді Трамп. Бұл қаражат АҚШ-қа келетін барлық тауарларға салынатын кедендік баж салығынан түскен кірістер есебінен бөлінеді екен.
Ақ үй басшысы өз сөзінде экс-президент Байденді, демократтарды және мигранттарды бірнеше рет сыбап алды. Оның айтуынша, олар «америкалықтардың жұмыс орнын ұрлап кетті».
AFP атап өткендей, соңғы уақытта Трампты қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалар алаңдатып жүр. Мәселен, YouGov жүргізген соңғы сауалнама америкалықтардың 52%-ы Трамп тұсында экономика нашарлап барады деп есептейтінін көрсеткен. Одан бөлек, АҚШ президенті елдің ішкі мәселелеріне емес, Газа секторы мен Украинадағы бейбіт келісімдерге баса назар аударғаны үшін өз жақтастары – MAGA қозғалысы тарапынан сынға ұшырады.
Трамп АҚШ президенті қызметіне шамамен 11 ай бұрын, 2025 жылдың қаңтарында кіріскен болатын.