Апта басы Тоқаевтың журналистерді Ұлттық басылым күнімен құттықтауынан басталды.
2 ақпан күнгі құттықnау сөзінде президент мерзімді баспасөз өкілдерін конституциялық реформаны, сондай-ақ тұтас мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған басқа да ауқымды өзгерістерді БАҚ-та жариялау кезінде конструктивті жұмыс істеуге үндеді.
Конституция бұл аптаның да басты тақырыбы болды. Алдыңғы аптада күш алған қазіргі Конституцияның 7-бабы мен жобадағы 9-бап талқысына Конституция комиссиясы нүкте қоймақ болды. Комиссияның 3 ақпан күнгі отырысында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жаңа Конституция жобасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқын көрініс тапқанын атап өтті.
Осы күні президенттің Пәкістанға сапары басталды.
Қай апта да елді дүрліктірген қылмыссыз өтпейтін болды. Бұл аптада таң қалдырған - әдеттегідей жемқорлықтың көлемі емес, заңсыз кен қазушы болды. Қостанай тұрғыны бірнеше жыл бойы марганецті заңсыз өндіріп келіпті. 4 ақпан күні оның бес жылға сотталғаны туралы ақпар тарады.
5 ақпан күні Қызылордада өткен Құрылтайда президенттің Шымкент полициясын сынауының жаңғырығы жетті. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шымкент қаласының полиция департаментінде өткізген көшпелі кеңес кезінде жергілікті полицияға тікелей айып тақты.
Дегенмен, бұл күннің де басты тақырыбы Конституцияның жобасы, оның ішінде - қазақ тілі болды. Конституциялық комиссияның бұл күнгі отырысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияның қазақша редакциясындағы калька ұғымдарды атады.
Осы күні Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекігені туралы Миланнан жаңалық жетті.
6 ақпанды әлем Пәкістаннан тараған қаралы хабармен қарсы алды. Пәкістанның Исламабад қаласындағы шиіт мешітінде жарылыс болып, 30-дан астам адам қаза тапты.
Осылайша, бұл аптаның келбетін Конституция жобасының талқысы жасады. Ата Заңдағы қазақ тілі мәселесі келесі аптада да толастайтын түрі жоқ.