ҚТЖ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов қызметінен босатылды. Бұл туралы Самұрық-Қазына қоры ресми Telegram-каналында мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.
— Жалғыз акционердің шешімімен Қазақстан темір жолы ҰК акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Талғат Сағиұлы Алдыбергеновтің өкілеттігі тоқтатылды, — делінген хабарламада.
Ол теміржол саласында 35 жылдан астам еңбек өтіліне ие. Алматы теміржол инженерлері институтын «Теміржол көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру және басқару» мамандығы бойынша үздік бітірген.
Сондай-ақ Ресей Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының экономика магистрі және экономика ғылымдарының кандидаты.
— Талғат Алдыбергенов еңбек жолын 1992 жылы Батыс Қазақстан теміржолында бастап, жүк кассирі, жүк пен багажды қабылдап-тапсырушы, станция бастығының орынбасары, аға жол коммерциялық ревизоры сынды қызметтерді атқарды, — делінген хабарламада.
1998-2007 жылдары ол Қазақстан темір жолы АҚ құрылымдарында түрлі лауазымдарда, соның ішінде Актөбе филиалының басшысы, Казтранссервис директоры, ҚазМұнайГаз Сауда үйінің көлік логистикасы департаментінің директоры болып қызмет етті.
2008-2019 жылдары Кедентранссервис АҚ президенті, АвтоГазАлматы ЖШС бас директоры, Kazakhmys Maker ЖШС басқарма төрағасы лауазымдарын атқарды. 2024 жылдан бастап Қазақстан темір жолы ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.