Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді және оларға жалақы төленбейді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасына сәйкес, Қазақстан Халық кеңесінің құрамы қоғамның түрлі өкілдерінен қалыптастырылады. Атап айтқанда, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, коммерциялық емес құрылымдар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері тең дәрежеде қамтылмақ.
Жалпы кеңес 126 мүшеден тұрады, олардың әрқайсысы өңірлерден ұсынылады. Бұл тәсіл әртүрлі әлеуметтік топтардың пікірін ескеруге және ортақ ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ерлан Саировтың айтуынша, Халық кеңесінің мүшелері жылына кемінде бір рет өтетін сессияға қатысып, өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылайды және жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын жеткізе алады.
Сонымен қатар кеңестің жұмысын ұйымдастыру үшін арнайы Хатшылық құрылатыны айтылды. Бұл құрылым мемлекеттік орган ретінде жұмыс істеп, оның қызметкерлеріне бюджет есебінен жалақы төленеді.