freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қазақстанда ана өлімі бір жылда 43 пайызға төмендеді

Денсаулық
Қазақстанда ана өлімі бір жылда 43 пайызға төмендеді
Денсаулық сақтау министрлігі

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда ана өлімі көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға азайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, биылғы алғашқы үш айда ана өлімі 100 мың тірі туған балаға шаққанда 6,8-ді құраған. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 12 болған. Сонымен қатар нәресте өлімі де төмендеп, 1000 тірі туған балаға шаққанда 5,92-ден 5,56-ға дейін азайған.

Министрлік оң өзгерістерді жүкті әйелдерді ерте медициналық бақылаумен қамту деңгейінің артуымен және фертильдік жастағы әйелдерді жүктілікке дайындық шараларымен қамтудың кеңеюімен байланыстырады. Қазір жүкті әйелдердің 77,6 пайызы ерте кезеңнен бастап дәрігер бақылауына алынса, прегравидарлық дайындықпен қамту көрсеткіші 54,5 пайызға жеткен.

Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылдың тамыз айынан бері елімізде «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде әйелдерге 15 тегін зерттеу түрі ұсынылады.

Сондай-ақ еліміздің 17 өңіріндегі 19 облыстық перинаталдық орталықты жаңғырту жоспары бекітілген. Осы жұмыстар аясында әйелдерге отбасын жоспарлаудан бастап босанғаннан кейінгі кезеңге дейін кешенді медициналық көмек көрсету үшін әйелдер консультациялары қайта ашылып жатыр.

Қазіргі таңда республика бойынша 449 әйелдер консультациясы жұмыс істейді. Оның 273-і қалаларда, 152-сі ауылдық жерлерде, ал 24-і облыстық перинаталдық орталықтар жанында орналасқан. Алдағы уақытта тағы 49 консультация ашу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, өңірлердегі перинаталдық орталықтар жанынан «Салауатты Ана» пансионаттары іске қосылған. Бүгінде мұнда жоғары қауіп тобындағы 3,5 мыңнан астам жүкті әйел медициналық көмек алған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу