Жамбыл облысында полиция қоқыс жәшігіне жаңа туған қызын тастап кеткен әйелді анықтады, деп хабарлайды Malim.kz, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
2 қыркүйек күні таңертең Қордай ауданындағы көшелердің бірінде өтіп бара жатқан адамдар қоқыс контейнерінен жаңа туған сәбиді тауып алған. Кейін әлеуметтік желілерде баланың суреттері тарады. Сәби табылған кезде тірі болған.
Қыз бала ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақты екенін және өміріне қауіп төніп тұрмағанын хабарлады.
Арада бірнеше сағат өткен соң полиция жедел іздестіру және тергеу шаралары барысында сәбидің анасын анықтаған. Әйел полиция бөліміне жеткізіліп, жасаған әрекетін мойындады.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жан-жақты әрі толық жүргізілгеннен кейін тиісті процестік шешім қабылданады», - деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.

Бұған дейін полиция Қылмыстық кодекстің 119-бабының 1-бөлігі - «Қауіпті жағдайда қалдыру» бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.
Аталған бап бойынша 100 АЕК-ке дейін, яғни 432 500 теңгеге дейін айыппұл салу, 120 сағатқа дейін түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ 45 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.
Tengrinews.kz журналистерінің мәліметінше, әйел 37 жаста. Жаңа туған сәбиден бөлек, оның тағы төрт баласы бар.