Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ресейде жасөспірім пышақтап тастаған тәжік бала Кобилджон Алиев туралы не белгілі

Әлем
Ресейде жасөспірім пышақтап тастаған тәжік бала Кобилджон Алиев туралы не белгілі
t.me/ostorozhno_novosti

Ресейде мектепте күзетші мен 4-сынып оқушысына шабуылдаған жасөспірім туралы жаңа деректер тарады. Оқиға түсірілген видеода оқушының біреуді іздеп жүргені байқалған. Оның қолынан көз жұмған тәжікстандық 4-сынып оқушысының денесі өз еліне жіберілді. Ол сол күндері ағасы және інісімен еліне қайтуды жоспарлап жүрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, оқиға Успен орта мектебінде болған. Бұл оқу орны Мәскеу облысының батыс бөлігінде, Мәскеумен шектесетін Одинцово ауданына қарасты Горки-2 кентінде орналасқан. Мектепте мыңнан астам оқушы, соның ішінде көршілес елді мекендерден келген балалар да білім алады.

Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, шабуыл жасаған осы мектептің 15 жастағы оқушысы. Ол ұсталды. Ресей Федерациясының Тергеу комитеті (СКР) кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. 

"Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылдаған бала өз кінәсін мойындады", – деді Мәскеу облысы бойынша СК Бас тергеу басқармасының өкілі Ольга Врадий. Кейінірек СКР жасөспірімнің кінәсін мойындағанын ресми түрде хабарлады.

Қаза тапқан баланың аты – Кобилджон Алиев. Ол Тәжікстан азаматы болғаны елдің Сыртқы істер министрлігінің сәрсенбі күні жариялаған мәлімдемесінде көрсетілген. Ведомствоның хабарлауынша, шабуыл ұлттық өшпенділік негізінде жасалған. Осыған байланысты Тәжікстан СІМ-іне Ресейдің елшісі шақырылып, Ресей билігінен қылмысты жедел әрі бейтарап тергеп, кінәлілерді заң аясында қатаң жазалауды талап еткен нота табысталған.

Ресей Тергеу комитеті қаза тапқан оқушының есімін ресми түрде жарияламады. Сондай-ақ құқық қорғау органдары шабуылдың себептері жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

"Маған бәрібір, бәрібір өмір бойына түрмеде отырамын": Шабуыл жасаған жасөспірім туралы не белгілі

Шабуыл жасаған жасөспірімнің аты-жөні ресми түрде аталмайды. Құқық қорғау органдары "Интерфакс" агенттігіне оның ақыл-есі дұрыстығына тексеру жүргізілетінін хабарлаған.

Бастапқыда ТАСС жедел қызметтерге сілтеме жасап, "шабуыл жасаған жасөспірім деструктивті жастар ағымын ұстанған" деп хабарлағанымен, кейінгі материалдарда бұл нұсқа айтылмай қалды.

Қауіпсіздік құрылымдарына жақын SHOT Telegram-арнасының мәліметінше, жасөспірімнен қолдан жасалған жарылғыш затқа ұқсас бұйым табылып, мектеп ғимараты жарылғыш заттардың бар-жоғы тексерілген. Кейін Мәскеу облысы бойынша Тергеу комитеті басқармасы мектепте жарылыс техниктері тексеру жүргізіп жатқанын растады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шабуыл жасаған жасөспірім оқиғаны видеоға түсірген болуы мүмкін. Бұл бейнежазбалардың үзінділерін бірнеше Telegram-арна жариялады. 

Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда оқушының оларға жақындағаны көрінеді. Ол қолында пышақ ұстап, "Сіздер қай ұлттансыздар?" деп сұрайды. Сол сәтте оған арт жағынан күзетші киіміндегі ер адам жақындайды. Видеоны түсіріп тұрған адам күзетшінің бетіне баллоннан газ шашып, пышақтап тастайды. 

Барлығы балалардың көз алдында болып жатқан, олар болса әр бағытқа қаша жөнелген. Жасөспірім олардың біреуін, қоңыр шашты балаға "Сен қай ұлттансың? Саудаң бітті" деп айқайлап қуып жеткен. Баспалдақта қашып бара жатып бала аяғы шалынып, құлаған. Жасөспірім оны қуып жетіп, бірнеше рет пышақпен соққы жасаған. Ал бала қозғалыссыз қалғанда, жасөспірім көз жұмған баламен селфи жасаған.

Тағы бір видеода шабуыл жасаушы белгілі бір мұғалімді және белгілі бір сыныпты іздеп жүргені, бірақ таба алмағаны туралы естілген. Мектеп қызметкері оны кезекші мұғалімге ертіп бармақ болған, алайда жасөспірім "Маған бәрібір, бәрібір өмір бойы түрмеде отырамын" деп жауап берген. Кей деректерде ол мектеп ішінде еркін жүрген. Күзетші пышақты тастауды талап еткен кезде, ол күзетшінің бетіне баллоннан газ шашып, артынан пышақпен соққы жасаған.

Шабуыл жасаған жасөспірімнің сыныптастары "Осторожно, новости" басылымына берген сұхбатында оның оқиғаға дейін бірнеше апта бойы мектепке келмегенін айтқан. Олардың сөзінше, ол қару-жарақ пен әскери тақырыптарға қызығушылық танытқан. Алайда өзін тыныш ұстаған. Оқу үлгерімі орташа "үштік" пен "төрттікке" оқыған. Алайда сыныптастары оның нацистер туралы жиі әзілдейтінін де атап өтті.

Жасөспірімді ұстау сәті түсірілген видеода оның медициналық маска тағып, үстіне "No lives matter" ("Ешкімнің өмірі маңызды емес") деген жазуы бар ақ футболка кигені байқалады. Бұл сөз тіркесі 2020 жылы АҚШ-та нәсілшілдікке қарсы наразылықтар кезінде кең тараған "Black lives matter" ("Қара нәсілділердің өмірі маңызды") ұранына қарсы мағынада қолданылады. No lives matter – нигилизм мен адамзатқа қарсы көзқарасты дәріптейтін, оңшыл және неонацистік идеялардың ықпалындағы онлайн-субмәдениеттің атауы ретінде де белгілі.

Қаза тапқан 4-сынып оқушысы туралы не белгілі

10 жастағы Кобилджон Алиев Успен орта мектебінде тазалықшы болып жұмыс істеген Тәжікстан азаматы, 35 жастағы Нилуфар Сафоеваның ұлы. Оның тоғыз жастағы інісі де сол мектепте, сол сыныпта оқыған. 

Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, шабуыл кезінде 4 "Д" сыныбының жетекшісі Алина Файзуллаева балаларды жедел түрде сыныпқа кіргізе бастаған. Сол сәтте Кобилджон сыныпқа емес, баспалдаққа қарай жүгіріп кеткен, ал шабуылдаған жасөспірім оны сол жерде қуып жеткен.

Марқұмның отбасы мүшелерінің бірі Тәжікстандағы Радио Озоди редакциясына қаза тапқан баланың інісінің сөзін жеткізген. Оның айтуынша, бастапқыда мұғалім балаларды асханаға апармақ болған, алайда қауіпті байқап, оларды шұғыл түрде сыныпқа кіргізе бастаған. Сол кезде Кобилджон шабуылдаушының назарын өзіне аударғысы келетінін айтып, баспалдаққа қарай жүгірген. Жасөспірімнің соққыларынан қорғануға тырысқан бала қолымен бетін жауып, "Дада! Дада!" ("Әке! Әке!") деп айқайлаған.

Анасы мен екі ұлы мектепке жақын маңдағы пәтерді екі туыс әйелмен бірге жалдап тұрған. Көршілері бұл отбасын жақсы жағынан сипаттаған. Нилуфар Сафоева бірнеше жерде тазалықшы болып жұмыс істеген. Сондай-ақ күтуші қызметін де атқарған. Ол Ресейге шамамен төрт жыл бұрын, Тәжікстан шекара әскерінде қызмет еткен күйеуі қайтыс болғаннан кейін келген. Әйел балаларын асырап, аяққа тұрғызу үшін патентпен еңбек еткен.

Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын анасы ұлдарының шетелдік төлқұжаттарының мерзімі аяқталуға жақындағандықтан, оларды уақытша сенімді адам арқылы Тәжікстанға жіберуді жоспарлаған.

10 жастағы Кобилджон Алиевтің мәйіті бейсенбі күні таңертең ерте Мәскеу – Душанбе рейсімен Тәжікстанға жеткізілді. 

Кобилджон Алиевпен қоштасу рәсімі мен жерлеу 18 желтоқсанда, Шахринав ауданына қарасты Чептура ауылында өтеді. Бар ақпаратқа сәйкес, оның анасы мен бірнеше туысы жерлеу рәсіміне қатысу үшін Тәжікстанға келген.

18 желтоқсан күні таңертең баланың жақын туыстарының бір бөлігі Душанбе халықаралық әуежайында марқұмның мәйіті жеткізілетін рейсті күтіп отырды. Олар журналистерге пікір беруден бас тартты. Әдетте шетелден әкелінген табыттар қабылданатын аймақта құқық қорғау органдарының көптеген қызметкері кезекшілік етті.

Оқиғаны жариялау үшін әуежайға келген журналистерге әуежай өкілдері, соның ішінде қауіпсіздік қызметі, бастапқыда мәйітті тапсыру сәтін түсіруге рұқсат бермеген. Кейбір журналистердің айтуынша, олардан түсірілген кадрларды өшіруді талап еткен. Мұндай шектеулердің себептері ресми түрде түсіндірілмеді.

Рейс келуі жоспарланған уақыт таңғы 5:30-дан кейін әуежай қызметкерлері ұшақтың кешігіп, шамамен таңғы 8-де қонатынын хабарлады. Кейінірек мәйіттің басқа шығу жолы арқылы әкетілгені белгілі болды. Кейін отбасы туыстары Кобилджон Алиевтің мәйіті салынған көліктің Шахринав ауданына бет алғанын растады.

10 жастағы Кобилджон Алиев әкесінің жанына жерленеді деп күтілуде. Оның әкесі күштік құрылымдарда қызмет еткен және үш жыл бұрын аурудан қайтыс болған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу