Ресейдің Киев маңындағы Мила елді мекенінде орналасқан оқ-дәрі қоймасына жасаған соққысынан 38 адам қаза тауып, 20 адам жараланды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Тағы төрт адам хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.
Оның айтуынша, соққыдан кейін қойма аумағында өрт шығып, бірнеше жарылыс болған. Құтқару жұмыстары мен зардаптарды жою шаралары жалғасып жатыр. Қаза тапқандардың басым бөлігі қоймаға жақын орналасқан қарттар пансионатының тұрғындары болған.
Құтқарушылар өрттің басым бөлігін сөндірген. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар қызметінің пиротехникалық бөлімшелері тәулік бойы аумақтағы жарылғыш заттарды анықтап, залалсыздандырып жатыр.
Оқиғаға байланысты Украинада оқ-дәрілерді тұрғын үйлерге жақын орналастырудың заңдылығын тексеру үшін қызметтік немқұрайлылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ал Ресей Қорғаныс министрлігі соққы оқ-дәрі қоймасына емес, FP-1 және FP-2 ұшқышсыз аппараттарына арналған бөлшектер мен іске қосу үдеткіштері сақталған қоймаларға жасалғанын мәлімдеді.