freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ресейлік суретшінің өлімі: Польшада ұсталған беларусь азаматтары босатылды

Әлем
Ресейлік суретшінің өлімі: Польшада ұсталған беларусь азаматтары босатылды
Wojtek Jargilo/PAP/dpa/picture alliance

Польшаның Бяла-Подляска қаласында ресейлік сатирик-суретші Семен Скрепецкийдің өліміне қатысты тергеу аясында ұсталған Беларусь азаматтары босатылды. Бұл туралы 17 маусым, сәрсенбі күні Люблин округтік прокуратурасының өкілі Марцин Козак мәлімдеді.

Оның айтуынша, ұсталғандардың қылмысқа қатысы бар деген нұсқа расталмаған. Олар куәгер ретінде жауап алынып, кейін босатылған. Козак тергеу барысында бірнеше болжам қарастырылып жатқанын айтты, бірақ олардың мән-жайын ашып айтпады.

«Тергеу аясында біз айтарлықтай көлемде дәлелдер жинадық. Олар тұрақты түрде талданып жатыр. Біз қолжетімді барлық ақпаратты жинап, цифрлық материалдарды, бейнебақылау камераларының жазбаларын және куәгерлердің айғақтарын зерттеп жатырмыз», – деді ол.

Марқұмның денесінен бес оқ жарақаты табылды

Беларусьтің екі азаматы 16 маусым күні Бяла-Подляска қаласында ұсталған болатын. Бір күн бұрын белгісіз біреу Скрепецкийге Беларусь консулдығының маңындағы көшеде бірнеше рет оқ атқан. Марқұмның денесінен кеудесінің жоғарғы бөлігінен және басынан бес жарақат анықталды. Қылмыс орнынан 9 миллиметрлік калибрдегі оқ гильзалары мен бір оқ табылған.

Өлімінен бір сағат бұрын қоқан-лоқы туралы жазған

The Insider басылымының мәліметінше, Скрепецкий қаза табардан шамамен бір сағат бұрын өзінің Telegram-арнасында Берлиндегі соңғы акциясы туралы жазған. Сол акция кезінде ол шалбарының артқы жағындағы ойықтан Ресей туын шығарып алып, оны қоқыс жәшігіне тастаған. Оның айтуынша, бұл әрекеті «орыс патриоттарына қатты ұнаған». Сонымен қатар, оған зорлаймыз деген сипаттағы қоқан-лоқылар жасалып жатқанын да хабарлаған.

Скрепецкий сатиралық картиналарымен танымал болған

Семен Скрепецкийдің (шын аты-жөні – Роберт Кузовков) өзі ресейлік суретші, музыкант және блогер болған. Ол өзінің сатиралық, саяси және соғысқа қарсы бағыттағы картиналарымен танылған.

2021 жылы ол саяси қудалау қаупіне байланысты Ресей елінен кетіп, Польшаға қоныс аударған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу