Марқұм әнші Мәдина Ералиеваның күйеу баласы Оралбай Әбдіқадыр өнер иесінің өмірін қиған жол апатының қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол осыдан 26 жыл бұрын болған оқиғаны "Астарлы ақиқат" бағдарламасында еске алды. Оның айтуынша, 27 қараша күні олар Қазалыдан жолға шыққан. Көлікте Мәдина Ералиева, Болат және Оралбай Әбдіқадыр болған.
"Оны еске түсіру маған да қиын. Өйткені мен жанында болдым. Оразаның бірінші күні еді. Аудан әкімінің үйінен шықтық. Ешкім ештеңе ішпеді, шай ішіп жолға шықтық. Жаңбыр жауған жоқ, бірақ жердің беті мұз еді", – деді ол.
Алғашында көлікті басқа адамның жүргізуі жоспарланғанымен, Мәдина Ералиева кешке дейін рөлге өзі отыруға шешім қабылдаған. Жол бойы олар әншінің шығармаларын тыңдап отырған. Оралбай Әбдіқадырдың сөзінше, түнгі уақытта көлік жоғары жылдамдықпен келе жатып, мұзды жолда басқаруға көнбей, сайға қарай аударылған.
"Бір кезде көлік дірілдеп кетті. Сөйтіп әрі қарай жүрдік. Жоғары жылдамдықпен келе жатыр екен. Бір қарасақ, көлік алға кетті де, шана сияқты сай жаққа аунап түсті. Темір жәшіктің ішіне салып, біреу аунатып жібергендей болды", – деп еске алды ол.
Апаттан кейін көлік тоқтағанда салонда Мәдина Ералиева болмаған. Оның қауіпсіздік белдігін тақпағаны айтылды. Көлік аударылған кезде әнші сыртқа ұшып кеткен болуы мүмкін. Жолаушылар оны көліктен қашықтау жерден тауып алған. Сол сәтте әншінің жүрек соғысы болған. Олар жолдан көлік тоқтатып, Мәдина Ералиеваны дереу медициналық көмекке жеткізуге әрекет жасаған.
Оралбай Әбдіқадырдың айтуынша, кейін Болат оған Мәдина Ералиеваның соңғы рет:
"Қара, балама қара", – дегенін жеткізген.
Осы жол апаты салдарынан қазақ эстрадасының танымал әншісі Мәдина Ералиева өмірден өтті.
Еске сала кетейік, Мәдина Ерәлиеваның сіңлісі Сағира Ерәлиева әлеуметтік желідегі парақшасында әпкесінің өмірінің соңғы айларына қатысты әсерлі естелігін жариялаған.
Мәдина Ералиева кім?
Мәдина Есмалайқызы Ералиева – қазақ эстрадасында өзіндік орындау мәнерімен танылған белгілі әнші. Ол 1954 жылғы 2 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген.
Әкесі Ерәлі Есмалай тарих пәнінің мұғалімі болса, анасы Дариға Ыбырайқызы тігіншілікпен айналысқан. Мәдина сегізінші сыныпта оқып жүрген кезінде анасынан айырылған. Бұл оқиға оның өміріне үлкен әсер еткен.
1974 жылы Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищенің музыка бөлімін аяқтады. Кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінде білім алып, оны 1978 жылы тәмамдады. Еңбек жолын Әдебиет және өнер институтында бастаған Мәдина Ералиева бұл мекемеде 1978-1984 жылдары қызмет етті. 1985 жылдан бастап Алматы облыстық филармониясында жетекші әнші болып еңбек етті. Өнер иесі қазақтың халық әндерін ерекше нақышпен орындап, ұлттық музыканы кеңінен насихаттады. Оның орындауындағы "Ай-қарагөз", "Ақбаян", "Жылқы ішінде ала жүр" секілді халық әндері тыңдарман арасында кең танылды. Сонымен қатар "Кіресің жиі түсіме", "Сағым жылдар" сияқты қазақ композиторларының туындыларын да орындады.
Мәдина Ералиеваның шығармашылығы нәзік лиризмімен, табиғилығымен және сыршылдығымен ерекшеленді. Ол халық әндерінің түпкі болмысын сақтай отырып, әр туындыға өзіндік үн бере білді.
1981 жылы әнші режиссер Болат Атабаевпен шаңырақ көтерді. 1982 жылы олардың Арсен есімді ұлы дүниеге келді.
Өнердегі еңбегі үшін Мәдина Ералиева Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атанды. 1990 жылы оған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағы берілді.
Мәдина Ералиева 2000 жылғы 27 қарашада Қызылорда облысындағы Майлыбас қиылысы маңында болған жол апатынан қаза тапты.
Әншінің қайталанбас дауысы мен орындауындағы шығармалар бүгінде де халық жадында сақталып келеді. Мәдина Ералиева қазақ ән өнеріндегі сыршылдық пен нәзіктіктің жарқын өкілдерінің бірі ретінде аталады.