Айнаға қарау қиындап кетті - сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандардың хикаясы
Елімізде жыл сайын шамамен төрт мың әйелге сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылады. Әлемдік статистика да, қазақстандық зерттеулер де бұл - ісіктің ең кең таралған түрі екенін растайды. Сүт безі қатерлі ісігін ерте кезеңдерде анықтап, тіпті емдеп алуға болады. Қатерлі ісікпен күресіп, осы дертті жеңіп шыққан азаматшалармен сөйлесіп көрдік.
Жанар Шалекенова, Астана қаласы
Жаңа жыл қарсаңында мойын тұсынан кішігірім ісікті байқаған Жанар келер жыл бойы осы ісікпен күресемін деп ойламаған еді. Тіпті сол кішкентай түзіліс әсерінен кейіпкеріміз бірнеше ай бойы балаларынан жырақ қалуға мәжбүр болды.
Екі сәбидің жанарын жәудіретіп тастап кете алмас едім
2020 жылдың 23 қаңтарында 3-дәрежелі сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Төбемнен жай түскендей болды. Дәрігерлермен, туыстарыммен сөйлесіп, ұзақ ойландық. Сүт безі қатерлі ісігі әлем бойынша кең таралғандықтан, елімізде де емделіп шығуға болады деген шешімге келдік.
Қатерлі ісік анықталғаннан екі ай өткен соң, Жанардың шаштары қатты түсіп, артынша келіншек орамал таға бастайды. Кейіпкеріміз ауру анықталған алғашқы айда ешқандай жайсыздық сезімі болмағанын айтады. 2020 жылы Жанар отбасымен Мәскеуде тұрып жатқан еді. Емделіп жүріп, екі ел арасын жол қылған Жанар қазір сол күндері тек балалары үшін қатты уайымдағанын еске алды.
Жолдасым мен оның анасы балалар үшін бар жауапкершілікті мойнына алды. Ол уақытта Мәскеуде едік, ем алу үшін ара-тұра Алматыға кетіп, балаларды сағына Мәскеуге қайтатынмын.
Рас, ауруды қабылдау қиын болды, күн сайын емделу жайлы оймен ояну да оңай емес еді. Алайда қазір емделуге, өмір сүруге күш-жігер берген сол балаларым екенін түсінемін. Бірден беріліп, екі сәбидің жанарын жәудіретіп тастап кете алмас едім. Сондықтан ес жиып, кешенді емге кірістім. Дәстүрлі медицинадан бөлек, психологтың көмегіне жүгіндім, үнемі дұға жасаумен болдым. Физикалық тұрғыда қиыны - химиотерапия еді, алғаш кезде төрт курс жетеді дегенімен, кейін курс бір жылға созылды. Қатты қорқып, Ақтөбеден анамды шақыртып алдым. Анам да, жақындарым да мені төсекке таңылып, өз бетінше қасық ұстай алмай қалар деп ойлады. Ғаламтордағы ақпар мен ел айтқан әңгімеге сеніп, өзім де солай елестеткен едім. Алайда бұл кезең аса ауыр болған жоқ, терапиядан кейінгі алғашқы бес күн қиналып, келесі курс басталғанша екі апта бойы өзімді өте жақсы сезінетінмін.
Алты айлық курстан соң негізгі ота болды: сүт безі алынып, кеуде импланты жасалды. Өкінішке қарай, бірнеше ай бойы балаларым мен жолдасымнан жырақ қалдым. Пандемия, шекара жабық, алты ай ішінде Мәскеуге билет алып, үш рет кері қайтаруға тура келді. Қызымның алғаш мектепке барғанын көре алмай, ұлымның туған күнінде жанында бола алмадым. Бұл дерт - бәріміз үшін ауыр сынақ болды.
Айнаға қарау қиындап кетті
Жырақта жалғыз қалғандықтан түрлі ой маза бермейтін. Көп уақыт бойы сырт келбетімнің қалай көрінерін қатты уайымдадым. Әсіресе емшек тұсына ота жасалып, орнына бірден имплант қойған күннің өзінде бас кезде айнаға қарау қиын болғаны есімде. Алайда психологтың көмегімен жаңа келбетімді қабылдап, тіпті осы емнің арқасында өмір сүріп жатқаным жайлы ой пайда болды. Алғысым, шүкірім артты. Бірақ операциядан кейін қайта химия тағайындалған соң шашыммен бірге қас- кірпіктерім де түсіп қалды. Денем ісініп, кейін тіпті салмақ қосып алдым. Емделуге кіріспес бұрын бірден сырт келбетті уайым қылып, салмақ қосудан қорықпау керек екенін айтып, қолдау білдірген жолдасыма рақмет. Бас кезде қиын болды, рас, кейін бейімделіп кеттім. Жаздыгүні аптапта тақырбас болып, басымды орамастан, қасымды қарындашпен сызып қойып көшеге шығатынмын. Ал қазір шашым да біраз өсіп қалды, қайта күн сайын “Қысқа шаш жарасады екен” деген ілтипат еститін болдым.
2020 жыл - күллі әлем үшін коронавируспен күрес ретінде есте қалса, Жанар үшін бұл жеке арпалыс жылы болды. Қаңтарда анықталған қатерлі ісікпен күрес жыл соңы - желтоқсанға дейін жалғасты, ақыры Жанар жеңіп шықты. Қазір ол балаларымен қайта қауышып, қалыпты өміріне оралды.
Бір жақсысы - қазір бұл мен өзгеге әңгімелеп бере алатын өмірімнің бір кезеңі болып қалды. Кішкентай ғана өкінішім - ауру анықталмастан бұрын скринингтен өтіп, қатерлі ісік ықтималдылығын анықтауға ұмтылмағаным болар. Сол себептен де көп әйел менің қателігімді қайталамаса екен деген тілекпен ауырғаным жайлы әлеуметтік желіде ашық жазамын деген шешімге келдім. Себебі бір адамнан ісік табылса, бұл бүтіндей отбасы үшін үлкен күйзеліске айналады.
Дегенмен, аурумен арпалысып өткен сол жылға өкпем жоқ. Бұл диагноз өлімді еске салып, әлі ұзақ өмір сүргім келетінін ұқтырды. Әлі балаларымның өскенін көріп, олардың жеңісіне қуанғым келетінін, туған күндерін, мектепке барып, үйленгенін тойлағым келетінін түсіндім. Сондай-ақ өзгелердің айтқанымен жүрмей, өзім қалаған өмірді сүргім келетінін түсіндім. Қазір психолог мамандығы бойынша оқып жүрмін, өз бағытымды енді тапқандаймын. Ауру анықталған алғаш күннен мұны бір жаза деп қабылдаған емеспін. Бұл диагноз - өз-өзімнен, өз қалауымнан алыстап кеткенім жайлы, өзім қалағандай өмір сүріп жүрмегенім жайлы белгі еді. Қызық естілетін шығар, бірақ қазір өмірімнің сол бір кезеңіне, осы қатерлі ісікке іштей рақмет дегім келеді.
Жаңа келбетімді қабылдай алмай-ақ қойдым
Сәуле Таңатқызы, Ресей
Екінші кейіпкеріміз бірнеше жыл бұрын жолдасының жұмыс жағдайына байланысты Ресейге көшіп кеткен. Жаңа қалаға үйреніп үлгерместен, Сәуленің денсаулығы сыр бере бастаған.
“Екі жыл бұрын сәуір айында қатерлі ісік анықталғанын естідім. Ауруханада тағылымдамадан өтіп жүрген жас қыз келіп, “Сізде рак” деп қоя берді. Алғашқы екі айда бәрі тым қиын еді, емделу деген ойыма да келмеді. Жақындарымның бірімен құшақтасып, ендібірімен іштей қоштасып жүрдім. Сіңілім ісік жайлы естігенде қорқып кеткені есімде. Ата-анамыз сол дерттен қайтыс болған еді. Ерте ме, кеш пе, екеуміздің бірімізге ісікке қарсы күресуге тура келетінін сезіп те жүрдік. Ештеңе деместен, ағыл-тегіл жылап алдық.
Артынша операция жасалатын болды, сәтті өтті. Одан кейін ұзақ уақытқа созылған химия кезеңі күтіп тұрған еді. Ел аузында жүрген түрлі әңгімені естіп, ғаламтордан көп нәрсені оқып алған соң, химиотерапияны көтере алар ма екенмін деп қатты қорықтым.
Бірақ аса жеңіл бір кезең емес екені анық. Химиотерапия өзім үшін бір соғыспен тең еді. Уақыт өте шаш та кетті. Бар әлем маған саусағын сілтей көрсетіп, мені әңгіме қылып тұрғандай көрінетін. Химия кезеңіне жеткен әр әйелге сұлулығына, сырт келбетіне мән беруді кеңес етер едім. Өзім де бұрынғыдан жиі боянып, терімнің түсін бақылауға тырыстым. Химия теріге әсер етпей қоймайды.
Өкінішке қарай, мен әлі жаңа келбетімді, дене пішінімді қабылдай алмай-ақ қойдым. Емделе келе, керісінше, өздерін ерекше жақсы көре бастаған әйелдер көп, рас. Неге екенін қайдам, менде жағдай басқаша. Айнаға қарасаң, өзіңнен бұрын үп-үлкен жараны көресің, елестетіңізші…
Тағы бір түсінгенім, ауру да адамға бекер берілмейді. Әр адамның шама-шарқына, қажетіне қарай беріледі. Мен сонша жыл еріксіз істеп жүрген жұмысымнан кеттім. Аурумен күрес басталғалы дос санын толықтырып тұрған талай адаммен де ара-қатынасымыз үзілді. Жанымда рас жақындарым - жолдасым мен бірнеше досым қалды.
Қазір көп нәрсені ой елегінен өткізіп, құндылықтарымның өзгергенін байқадым. Бұрын “бақыттымын” деуге тілім бармайтын, үнемі бірдеңе жетпей тұрғандай болатын. Енді жай ғана бар екенім, өмір сүріп жатқанымның өзі - нағыз бақыт екенін білемін.
Сәуле әлі жолдасымен бірге Ресейде тұрады. Елімізде жыл сайын 4000 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталса, көршілес елде бұл көрсеткіш бірнеше жылдан бері 50 000-нан түсер емес. Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу үшін
онкологиялық тексерілулерге жыл сайын төрт миллиард теңге бөлінеді. Алайда дәрігерлер науқастар көп жағдайда скринингке шақыртуды көзге елемей, ауру асқынып кеткен сәтте аурухана көмегіне жүгінетінін айтады.
Қатерлі ісікті қалай уақытылы анықтауға болады?
Жүйелі түрде профилактилық медициналық қаралымнан өтіп отыру керек. Сондай-ақ қауіп факторын ертерек анықтап, оңтайлы ем тағайындай алу үшін скринингтік тексерістен өту міндетті.
Мұндай тексеріс жас шамасына қарай екіге бөлінеді: 0 жастан 18 жасқа дейін түрлі ауруларды ертерек анықтау үшін жасалса, 30-70 жас аралығында онкоаурулар профилактикасы мен анықталуы үшін жасалады.
Бұл тексерістен тіркелген мекенжайыңызға сай емханадан өтсеңіз болады. Сондай-ақ терапевт дәрігердің жолдамасы қажет емес.
Қандай сараптамалар өткізілуі керек?
Жас ерекшелігіне қарай қандағы холестерин, қант мөлшері анализі тапсырылып, көз іші және артериалдық қан қысымы тексеріледі, ЭКГ жасалынады. 40 жастан асқан әйелдерге онкоцитологияға жұғынды өткізіп, маммографидан өту міндеттеледі.
Скрининг ақылы ма?
Елімізде тегін скринингтік бағдарлама қарастырылған. Бағдарламаға сай, тіркелген емханаңызда қатерлі ісік патологиясын ерте анықтау үшін тегін тексерістен өте аласыз. Тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелген болуыңыз керек.
Егер дәрігер онкологияның қандай да бір белгілерін байқаса, окнологқа жолдама жазып береді. Онколог қажет деп тапқан жағдайда, науқас қалалық немесе облыстық онкологиялық орталықтарға тегін диагностикадан өтуге жіберілуі мүмкін.
суреттер кейіпкердің жеке архивінен
Оқи отырыңыз: Халық “онкология” деген сөзден қатты қорқады - онколог-дәрігер қатерлі ісік жайлы