АЛТЫН ӨНДІРЕТІН АУЫЛДЫҢ АХУАЛЫ АЛАҢДАТАДЫ

Бестөбеліктердің тыныс-тіршілігін мұндағы «Алтын алмас» компаниясы иелік ететін кеніштен бөліп қарау қиын

Олжас Қасым

  • 15.02.2024

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, елімізде 6293 ауыл бар. 2012–2019 жылдар ішінде соның 500-ге жуығы тіршілігін тоқтатқан. Қазақстанның экономикалық зерттеулер институтының дерегіне сенсек, 2012–2022 жылдар арасында елдегі ауыл халқы 7,6 миллионнан 7,5 миллионға кеміген. Біріккен Ұлттар ұйымы Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті 2050 жылға қарай Қазақстанда урбанизация көрсеткіші 69,1 пайызға жетеді деп болжайды. Бұл – еліміздің 10 тұрғынының жетеуі қалаға бет түзейді деген сөз. Сондықтан мемлекет қазірден бастап ауылдарды сақтап қалуға бас ауыртуға тиіс. Елді мекендердің отын өшірмес үшін облыстық, аудандық бюджет қаражатымен бірге инвесторлардың  маңызы зор. Біз нысанаға алған Ақмола облысындағы екі ауыл да инвестицияға иек артып, сол арқылы жан бағып отырған мекендердің қатарында. Оның бірі алтын өндірісімен аты шыққан Бестөбе болса, екіншісі – Жел электр станциясымен көпшілікке мәлім Бұлақсай. Екінші ауылды келесі мақалаға қалдырып, бүгін Бестөбе туралы айтпақпыз.

                                               Бүгінгі Бестөбе

Бестөбе ауылы Астана қаласынан 120 шақырым қашықтықта жатыр. Онда қазір 6190 тұрғын бар. Ауыл әкімі Сырым Қабайдың айтуынша, мұнда 95 көпбалалы отбасы, 32мемлекеттік қызметкер, 925 жұмыссыз азамат тіркелген. Бестөбеде 3 мектеп, 3 балабақша, 1 емхана, 54 дүкен жұмыс істейді.  Шағын және орта кәсіппен айналысатын тұрғындар шама-шарқынша күнін көріп отыр.

                                        Бестөбе елді мекені (фото: vlast.kz)

Бұл–1930 жылдары алтын кенін игеру мақсатында бой көтерген елді мекен. Ауылдағы негізгі жұмыс беруші – «АК Алтын алмас» компаниясы.  (ары қарай «Алтын алмас») Кәсіпорынның қолдауымен 2022 жылы өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қаржы салынған. Оған ауыл ішіндегі жолдар жөнделіп, жарықтандыру мәселесі шешімін тапқан. Мәселен, ауылдың кіреберіс жолына 68 жарық шамы орнатылған. Сонымен қатар, 90-жылдардан бері жылу жүйесіне қосылмай тұрған 16 көппәтерлі тұрғынүй жылумен қамтамасыз етілген. Мектептерге жөндеу жұмысы жүргізіліп, заманауи қондырғылар сатып алынып, хоккей корты жаңғыртылған. Ауыл орталығында ойын алаңдары мен саябақтар қайта жөндеуден өткен.

                                 Кеніш жабылды, тыныс тарылды

Бестөбеліктердің тыныс-тіршілігін мұндағы «Алтын алмас» компаниясы иелік ететін кеніштен бөліп қарау қиын. Әр үйден кем дегенде бір адам осы жердегі алтын шығаратын орында еңбек ететін.  Жергілікті тұрғындардың негізгі күнкөрісі де осы өндіріс ошағымен тығыз байланысты. Бір кездері мұнда еңбектің қазаны бұрқ-сарқ етіп қайнап жататын. Қоныстанушылар көшіп келмесе, іргесін аулақ салатыны жоқ деуге болатындай дережеде еді. 

Бестөбенің байырғы тұрғыны Қайыржан Әбілшенов бұдан біраз бұрын кеніште еңбек еткен. Ол бізге өндіріс ошағының нендей себептермен тұралап қалғанын, қазіргі хал-ахуалын жіпке тізгендей баяндап берді. Үш-төрт жылдан бері ауыл тұрғындары мен компания арасында бітіспес дау-дамай туып, екі тарап та әрі тарт та бері тарт болып, келісімге келе алмаған.

«Басты себеп – кәсіпорынның кенді ашық әдіспен өндіруі. Халық бетімен кеткен компания жұмысына қарсылық танытқан соң,2021 жылы шахта уақытша жұмысын тоқтатқан. Кен өндіру ісі жүрмегендіктен,кеніш суға толып қалған. Бұрын шахтаны еш қиындықсыз құрғатып алатын. Бұл жолы ұзаққа созылып кетті. Оның төменгі тереңдігі 860 метрден басталады. Су 525 метрге дейін жоғары көтеріледі. Жалпы тереңдік 100 метр болса, соның 700 метрін су басқан. Соның әсерінен1500 жұмысшы бос қалды», – дейді Қ.Әбілшенов.

Жағдай ушыға түскен соң былтыр ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына барған сапарында осы Бестөбедегі кен орнының мәселесін шешуге тапсырма берген. Одан соң қазан айында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да арнайы барған.

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бестөбеліктермен кездесуде (фото: primeminister.kz)

Ол алтын өндіру кәсіпорнын қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын тексеріп, іске қосу керектігін айтқан. «Алтын алмас» АҚ Басқарма төрағасы Баламир Махановтың мәлімдеуінше, жерасты суын сору 2023 жылдың 21 тамызында басталған. 

«Қазірге дейін 225 мың текше метр су сорылып алынды. Шахтаны толық құрғатып шығу үшін біршама уақыт қажет. Кәсіпорында дәл қазіргі уақытта 417 адам жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру-жөндеу ісіне 329 адам жұмылдырылған. Қажет болған кезде жергілікті тұрғындар арасынан да кеншілер жұмысқа тартылмақ. Өндіріс орны өңірдегі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүдделі», – деді Баламир Маханов. 

Ал ауыл тұрғыны Қайыржан Әбілшеновтің айтуынша, сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан, вице-премьер Роман Скляр, бәрі де жұмыс жалғасады деп айтқан. 

«Ол үшін кенді ашық әдіспен алу ұсынылды. Бұл ескі қотырымызды қайта қасуға мәжбүрлейтін жайт. Бірақ, халық оған келіспеді. Басында 1000-нан астам адамды уақытша демалысқа жіберіп, екі жылдай орташа жалақы төленді. 2022 жылдан кейін ол да төленбейтін болды. Төменгі жалақы да берілген жоқ. Келісімшарт бойынша бұл мәселе қарастырылмаған. Бірнеше рет өткен жиында біз мұныңбарып тұрған заң бұзу екенін айттық. Қазір 427 жұмысшы кеніште қалды. Оның 96-сы жер астында еңбек етеді. Қалғаны бергі жағында техникалық қызметкер, күзетші, аспаз болып жүр», – дейді Әбілшенов. 

                   Бестөбенің экологиялық жағдайы сын көтермейді

Кәсіби эколог, тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Мәлікова Бестөбе кенішінің экологиялық жағдайы туралы алғаш дабыл қаққандардың бірі. Медицина мамандарымен бірге Ақмола облысының экологиялық ахуалы туралы зерттеу жұмысын жүргізген. Оның пікірінше, проблемаға тереңірек үңілу қажет.

     Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Мәлікова 

«Бұл жерде Степногор тау-кен химия комбинаты тұр. Осында Кеңес одағы кезінде биологиялық қару, атом оқтұмсығы секілді сынақ заттарының радиациялық қалдықтарын төккен. Мұндасұйық түрде 50 млн текше метр қалдық жатыр. Бестөбе руднигі екеуінің арақашықтығы – 100-ақ метр. Анықтағанымыздай, аталған қашықтық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай емес. Зиянды қалдықтарды шектік мөлшері төмендегенше терең судың астында сақтау керек. Осы бағыттағы жұмыстар атқарылмай келеді», – дейді эколог.

Елді мекеннің белсенді тұрғыны Николай Катчиев ауасы тұтастай улы түтін мен шаңнан көз ашпаған елдің зарын айта-айта шаршағанын жеткізді.

«Қазақалтын» кен байыту фабрикасы Бестөбеге өте жақын, яғни елді мекеннен 200-300 метр аралықта жатыр. Бізге халыққа табыс әкеліп отырған кен шахталарының ары қарай да жұмыс істеп тұруы өте қажет. Десек те, улы ауамен тыныстап келген жұрттың жағдайына билік назар аударуы керек. Бұл жақта көзіңді көлегейлейтін шаңды боран жиі ұйтқып соғады. Тіпті демалу мүмкін емес, кеңсірігіңді бітеп тастайды. Көзің, аузы-мұрның, қойны-қонышыңа дейін шаң мен түтінге толып, тыныстау азапқа айналады. Кеніштен марганец, темір, мыс, барий, сынап, мырыш, сан түрлі сульфат, стронций секілді металдаршығады. Алайда, олардың денсаулыққа зияны орасан. Бұған дейін алтын қалдықтарын сақтайтын дамбы бұзылып, аса қауіпті химикат саналатын цианид сыртқа тонналап төгілді. Соның салдарынан халықтың тыныс алу жолдары бұзылды, онкологиялық ауруға шалдықты.Тұрғындардың азды-көпті малы да қырылған кездер болды», – дейді амалы таусылған Николай Катчиев.

                         Қоғамдық белсенді Николай Катчиев  (фото:vlast.kz )

«2020 жылы тиісті мекемелерге өндірісті тоқтату жөнінде хат жазғанбыз. Десек те, кәсіпорындар екі рет қоғамдық тыңдау өткізбеді. Себебі, халық қарсылық танытты. Ауылдың белсенді тұрғындары бізге сан мәрте хабарласты. Олар шахтада жарылыс жасағанда үйіміздің терезесі дірілдейді дейді. Зиянды радиациялық қалдықтар жерге төгілді деген қауіп бар. Экология министрлігінде зауыт, фабрика, кен орындарына рұқсат құжаттарын беретін Экологиялық бақылау және реттеу комитеті болды. Комитет қоғамдық тыңдауды жиын түрінде өткізбей, сауалнама жинап, кен орнына ары қарай жұмыс істеуге жол ашатын рұқсат қағазын берді. Бұл кезде жаңа Экология кодексі күшіне енбеген-ді. Жергілікті тұрғындар орасан зор зиян шекті», – деп мәлімдеді эколог Лаура Мәлікова.

                                    Эколог Лаура Мәліковамен сұхбат 

                                                Не істеу керек?

Бестөбе ауылының болашағы осы аймақтағы алтын өндіретін жалғыз кәсіпорынға байланып тұрғанын азаматтар қайталап айтудан танбайды. Айта кету керек, «Алтыналмас» АҚ  2021 жылдан бері кенішке иелік етеді және осы ауылдың жалғыз инвесторы.  Бестөбе шахтасы «Алтыналмас» компаниясына «Қазақалтыннан» бірнеше жылға жалғасқан мәміле нәтижесінде өткені мәлім. Компания қиын жағдайларға қарамай, 2021 жылы «Қазақалтынның» Бестөбедегі руднигінен 347 миллион теңгені облыс бюджетіне және 424 миллионды қала қазынасына құйыпты. Ақмола облысында әлеуметтік жобаларды іске асыруға сол жылы – 582 млн, 2022 жылы Бестөбеге 70 млн қаражат бөлген.  Былтыр аймақтың әлеуметтік жобаларына арнап 138 млн теңге ақша жұмсалған. Кен өндіруші «Алтыналмас» компаниясының баспасөз қызметі өндіріс жұмысын қайта жалғастыруға мүдделі екенін айтады. Себебі, қанша уақыттан бері шығынға батып отырғанын жеткізді.

«Алтыналмас» Бестөбе жобасына 110 млн доллар инвестиция құйған. Жинақталған қаржы, өндіріс тілімен айтқанда, «хвостиктерді» өңдеуге бағытталған кен байыту зауытының құрылысына көптеу бағытталған. Еңбектен қол үзіп қалғандар жұмыстың соңғы айларын есептегенде орташа жалақы алып отыр. Ол шамамен 9 млрд теңге көлемінде. Бұл компанияны айына 400 млн теңге шығынға батыруда. Заңға сүйенсек, ең төменгі айлықтан кем төлемеу қажет болғанымен (2024 жылы 85 мың теңге), кәсіпорын орташа жалақыны жұмыстың соңғы айдағы мөлшерімен беріп келеді», –деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.

Бестөбедегі «Алтыналмас» компаниясына қарасты зауыт (фото:vlast.kz )

«Алтын алмас» басшысы Баламир Махановтың айтуынша, Бестөбе кенішіндегі су сору жұмыстары биыл аяқталады. «Босатылған персоналды еншілес кәсіпорындарға қызметке орналастыру бойынша жұмыстар жасалуда. Су сору ісіне қосымша сорғы жабдығы қосылды. Жаңа учаскелердің ашылуымен бірге қосымша персоналды кезең-кезеңімен тарту жоспарланған. Енді бұрын кеніште жұмыс істеген елдімекен тұрғындарын еңбекпен қамтуға басымдық беріледі. Бұл ретте компания барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындайды».

Бестөбелік Қайыржан Әбілшенов сорылып жатқан суды жер бетіне ағызбау керек деп отыр.

«Алдымен құрамын зерттеп алған дұрыс. Сосын зияны болса, сүзгі арқылы шығаруға тиісті. Экологтар келіп сараптама жасағанда судың таза екені анықталды. Менің ойымша, халық ашық карьер арқылы кен өндіруге жол бермеген соң компания жұмысты тоқтатып тастады. Дәл осындай жағдай Ақбақай кен орнына қатысты болған. Өндірісті уақытша жапқан соң жергілікті тұрғындардың жартысы көшіп кетті. Көп ұзамай шахта жұмысы басталды. Тек ақша керек, ешқайда қоныс аудармаймыздегендер еріксіз қалды. Нәтижесінде ауылдың экологиялық, әлеуметтік ахуалы нашарлай түсті», –дейді қоғам белсендісі.

                                      Мәселенің шешімі қандай?

Инвестициясыз Бестөбенің ахуалы мәз болмайтынын жоғарыда айтылған оқиғалар көрсетіп отыр. Соған қарамастан, «Алтын алмас» елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға күш салып келеді. «Биыл 300 орынға арналған мектеп құрылысын тәмамдау жоспарымызда бар. Спорт және балалар алаңдарын салу, көшелерді жарықтандыру, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарын аяқтауға тиіспіз. Мұндай ірі компаниялардың инвестициясы болмаса, ауылдың жағдайы жақсармайды. Жергілікті жұртқа жұмысқа орналасу қажет. «Алтыналмас» елді мекенге қаржы құюға бейіл. Алайда, мұның бәрі тұрғындармен кәсіпорын басшылығы мәмілеге келгенде ғана іске асады», – дейді ауыл әкімі Сырым Уәлиұлы. Қазіргі ахуалды таразылай келе мына шешім жолдарын ұсынамыз.

                             Бестөбе кентінің әкімі Сырым Уәлиұлы (фото: gov.kz)

Бестөбеліктерді басқа аймаққа көшірмей, сұйық түрде жиналып қалған радиациялық қалдықтардың орнын қалпына келтіру. Алайда, 50 млн текше метр алаңға қыруар қаржы керек. Эколог Лаура Мәлікова мысал ретінде Қошқарата қалдықтар қоймасына жасалған рекультивация жұмыстарын айтуға болады дейді. «Бірақ, Қошқаратадағы қалдықтар орнын жөндеуді қалпына келтіру жұмысы дегенге келіспеймін. Қалдықтарды топырақпен жауып, үстіне ағаш егіп қойды. Зиянды заттар ыдырамай жата береді. Соның өзіне республикалық бюджеттен 1 млрд ақша бөлінді. Ал Бестөбе шахтасына мемлекет бірнеше млрд ақша бөлсе, проблеманы шешіп, кен өндірісін жалғастыруға болады», – дейді сарапшы маман.

INCO технологиясын жүзеге асыру қажет. Dragmet республикалық асыл металдар өндірушілер қауымдастығының сарапшысы Берік Сағитовтың пайымдауынша, цианидтен бас тартудың жөні жоқ. Бұл химиялық зат аз мөлшердегі концентрацияда болса да, күнделікті тұрмыста қолданылады. Цианид тау-кен өнеркәсібінде 100 жылдан астам уақыт қолданылады. Жылына 1 млн тоннадан асатын металды өңдеу процесінде пайдаланылады. Сарапшының пікірінше, тұрақты бақылау және өңдеу арқылы химиялық затты адамдарға, табиғатқа қауіп келмейтіндей етіп қолдануға болады. Ол үшін цианидті төгер алдында INCO технологиясын жүзеге асыру қажет. Бұл – ауаны детоксикациялау тәсілі. Егер жөнді пайдаланса, цианидтің қоршаған ортаға залалы жоқ.

Ашық карьер жұмыстарын қатаң реттеу және қадағалау. Осы төңіректен алтын өндіруге болатын кен орындары табылып жатыр. Бұған дейін компания ашық карьер әдісімен жарылыс жасап келді. Инвестициялар және даму министрлігінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №352 бұйрығы бар.

Инвестициялар және даму министрлігінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №352 бұйрығының скриншоты

«Құжатта жарылысты қандай жағдайда, қандай шарттармен жүргізуге болатыны жазылған. Бұл шектеулерді иелік етуші компания «бизнеске кедергі жасау» деген желеумен «Атамекен» ҰКП арқылы алдырып тастаған. Сондықтан қадағалау жоқ. Кәсіпорын басшылығы шығынды көбейтпес үшін сирек жасайтын жарылысты бірден дүркін-дүркін жасап тастайды. Ал оның қуаты көп болғандықтан, залалы да жетерлік. Содан барып Степногор тау-кен химия комбинаты сұйық түрде жиналған радиациялық қалдықтар объектісінің тұрақтылығына нұқсан келуде. Мұның жақын жердегі елдімекендерге теріс әсері байқалады. Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс, Экология министрліктері заңнамалық тұрғыда ашық карьер жұмыстарын қатаң реттеп, қадағалауы керек», – деп түсіндіреді эколог Лаура Мәлікова. 

Бұрынғы жерасты өндіру технологиясын жүзеге асыру.  Мәселені шешудің тағы бір оңтайлы жолы – осы. Оған қауіпсіз қол еңбегін қолданған жөн. Бұл бағыт алтын өндірісін механикаландырылған ауқымды тоннажды тәсілге көшіруге жол ашпақ. Бұл өндіру мерзімін 10 жылға, тіпті одан да ұзақ уақытқа созуы ықтимал. Кен байыту орнының әлі де зерттелмеген қорлары бар. Бестөбенің бастамашыл топтары кен қалдықтары экологияға зардабын тигізбеуі үшін оны сұйық күйінде кәсіпорынға құбырмен жеткізуді ұсынады.

Әлем елдерінің тәжірибесін қолданысқа енгізу. Сарапшы Берік Сағитовтың айтуынша, әлемдік Glencore, Vale, BHR, «Aurum Deutschland AG» алпауыт компаниялардың цифрландыру стратегияларын елімізде енгізуге әрекет жасау керек. «200-ден астам қазақстандық тау-кен компаниясы экологиялық салдарды жеңілдететін осындай жаңа технологияларды іске асыруға ниетті. Осының аясында дрондарды қолданып, LiDAR технологиясын, яғни карьердегі үйінділер көлемін өлшейтін бағдарламаларын өндіріс орындарында кеңінен пайдалануға болады. Осылайша, операциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өнімділікті арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік бар. Дрон арқылы талдау деректерін алып, өндірістің әртүрлі параметрлерін жылдам және дәлме-дәл өлшеуге жол ашылады. Мысалы, дрон карьерді жобалау, металды алу, зерттеу уақытын 3 аптадан 2 тәулікке азайтады. Сонымен қатар, өндірістегі жарақат алу жағдайын 80 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді».

Компаниялар осы әлеуетті толығымен орындағанда, тау-кен саласында ілгерілеу  басталады. Бұл ретте өндіруші компания шығындалатыны белгілі. Алайда, бірінші кезекте халықтың денсаулығын, қоршаған ортаға әсерін ойлауға тиіспіз.

Тұрғындарды  басқа өңірге көшіру. Алайда, күрделі жұмыс бюджетке әжептәуір салмақ салары анық. Осы жұмысты компанияның өзіне жүктеген жағдайда мәселенің түйіні тарқауы мүмкін. Бестөбе ауылының біраз бөлігі тау-кен аймағында орын тепкен. Мұның қауіп-қатері жоғары. Қазба жұмыстары салдарынан пайда болған орлар мен жыраларға ауылдың жүзге тарта үйі түсіп кетуі ықтимал. Бұл – тәуекелді қажет ететін іс.

«Алтын алмас» компаниясы баспасөз қызметінің айтуынша, су тартылып, кеніш биылдан қалмай іске қосылуы мүмкін. Шахта қолданысқа берілсе, жергілікті тұрғындар арасынан кеншілер қосымша жұмыс табады. Қызметкерлер санын 2000-ға жеткізуге мүмкіндік бар.  Бестөбе кентінің әкімі Сырым Қабайдың мәліметіне сенсек, қазір кәсіпорында елді мекеннің 248 тұрғыны еңбек етуде. Бұл шаруалар Бестөбе кен орнының қолданыс аясын кеңейтіп, ауылға жаңа тыныс берер еді. Қазақстанға алтын-валюта резервінің толыққанды жұмыс істегені керек. Сондықтан Бестөбе руднигін қаңтарып қоймасы анық.

Олжас Қасым

Бұл материал «Solutions Journalism Lab» жобасы аясында журналистиканың шешімдері жанрында жазылған және автордың жеке пікірі мен ұстанымын білдіреді.

Байланысты жаналықтар

Каспий теңізінде мыңға тарта итбалық қырылып қалған

11.11.2024

Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

11.11.2024

Маңғыстаудағы итбалықтың қырылуының себебі белгілі болды

30.10.2024

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

30.10.2024

Ақмола облысында жүкті әйел жұмбақ жағдайда қайтыс болды

20.10.2024

Республиканская экологическая программа «Таза Қазақстан» в Шымкенте: город объединился ради экологии

17.10.2024
MalimBlocks
Каспий теңізінде мыңға тарта итбалық қырылып қалған

Кешеден бері Ақтаудағы демалыс базаларынан бастап Құрық портына дейінгі аралықтан тағы 115 итбалықтың өлексесі жиналған

Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

Қазақша сөйлеуді алдымен мемлекеттік қызметкер меңгеруі тиіс деп түсіндіру – бұқаралық сананы теріс бағыттау

Маңғыстаудағы итбалықтың қырылуының себебі белгілі болды

Қазан айының соңында жағалаудан 150-ден астам итбалық өлі табылған болатын

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

«Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысан тазартылды

Ақмола облысында жүкті әйел жұмбақ жағдайда қайтыс болды

Марқұмның кәмелетке толмаған 6 баласы болған

Республиканская экологическая программа «Таза Қазақстан» в Шымкенте: город объединился ради экологии