Алтын шахтасында ақмолалық тұрғын көз жұмды

Ақмола облысы Бестөбе кентіндегі алтын өндіру шахтасы аумағында тағы бір адам опат болды. Алдын ала берілген мәлімет бойынша, СҚО тұрғыны шахтаға заңсыз кіріп, оқыс оқиғаға тап болған.
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі 17 тамызда Степногор қалалық полиция басқармасына Бестөбе кентіндегі «Западная» шахтасының жерінде Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының 23 жастағы азаматы көз жұмғаны жайында хабарлады.
«Алдын ала анықталғандай, ер адам шахтаға заңсыз кіру кезінде жарақат алып, мерт болған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 269-1-бабы 3-бөлігі («Күзетілетін объектіге заңсыз кіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыстық істі тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, Ақмола облысындағы Бестөбе шахтасында бір жылдан бері жұмыс тоқтап тұр. Алайда, кенішке заңсыз еніп, алтын өндірісімен айналысушылар ға тоқтам болмай отыр. Бұл, қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Мәселен, 22 шілдеде Бестөбе алтын кенішінде ер адамның денесі табылған. 25 шілдеде тағы бір адамның мәйіті мен зардап шеккен бір адам анықталды. Қылмыстық кодекстің 269-1-бабында күзетілетін аймаққа заңсыз енгендерге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осы кодекстің 295-1-бабына сәйкес бағалы металдар, асыл тастар, құрамында бағалы металдары бар шикізат тауарларын заңсыз саудалағандар 7 жылға түрмеге жабылуы мүмкін.

Самое читаемое
