А.Мамин: «Негізгі міндет- азаматтарды жұмыспен қамту»
Үкімет шағын тірлікпен үлкен мәселені шешпек. Сарапшылар ірі жобалардың заманы өткенін айтады.
Өткен жеті айда яғни, пандемия мен карантин кезінде "Еңбек", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" секілді мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 743 мың адам жұмыспен қамтылған. Ал жылдың соңына дейін барлығы 1 млн 220 мың адамға қолдау көрсетілмек. Бүгінгі үкімет отырысында мемлекет басшысының еңбек әлеуетін арттыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік әлсіз топтарды қорғау, еңбек қауіпсіздігіне қатысты тапсырмасының орындалуы талқыланды.
«Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 6 400 жуық жоба іске асырылуда. Жобаларда 154 мың адам жұмыс жасауда. Оның ішінде 73 пайызы ауылдық елді мекендерде, 37 пайызы жұмыссыз жүрген жастар, 17 пайызы кешегі бейресми жұмыспен айналысып жүрген азаматтар және 9 пайызы аз қамтылған отбасылар мүшесі. Құрылыс, және жөндеу жұмыстарына ұлттық кәсіпорындардың кемінде 90 пайызы тарту талабы сақталуда. Ағымдағы жағдайға баға беретін болсақ, жұмысқа тартылған 154 мың адамға 75 млрд жуық қаражат еңбек ақыға жұмсалды, отбасы мүшелерімен қосқанда 600 мыңнан астам адамға табыс көзі қамтамасыз етілді»,- деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндамасында.
Министрдің сөзінше, пандемия мен карантин кезіндегі дағдарыста мемлекеттік бағдарламалар елдің әлеуетін көтеруге, жұмыссыздыққа жол бермеуге оң әсер еткен. Бағдарламалар аясында салынатын 683 нысан өңірлерде әлеуметтік актив ретінде халыққа қызмет етпек екен. Мәселен, білім саласына қатысты 80 құрылыс біткенде педагогтерге 10 мың жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады. Денсаулық, мәдениет, спорт, туризм саласындағы жаңа 60 құрылыс жобасында 20 мың жұмыс орыны құрылмақ. «153 су шаруашылығы нысанының құрылысы мен жаңғыртылуы суармалы, жайылымдық жерлердің көлемін едәуір арттырып, ауыл шаруашылығында 77 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп бағалануда. 400 жуық коммуналдық шаруашылық нысандары, 8 мың км-ден астам калалық, ауылдық жолдар, 900 елді мекенді абаттандыру халықтын өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», — деді министр.
Министрдің бұл сөзін сөз алған облыс басшылары да қостап шықты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі тапсырмасының бірі – халықты жұмыспен қамту. Өңірде жұмыспен қамту шараларына 44 мың адам қамтылды. Оның ішінде 37 мың адам жұмысқа орналасты. Жаңа жұмыс орындарын ашу 20 мың болатын. Оның орындалғаны 26 мың. Яғни, жоспар 130 пайызға орыналды. Оның ішіндегі 63 пайыз тұрақты жұмыс орындары. Негізінен жұмысқа орналастыру мемлекеттік бағдарламалар, атап айтқанда «Еңбек», «Жұмыспен қамту жол картасы», «Нұрлы жол», «Ауыл - ел бесігі» бағдарламалары нәтижесінде орындалды. Негізінен жұмысқа орналасқандардың 45 пайызы жұмыссыздар. Қалған 55 пайыз өзін өзі қамтыйтындар. «Еңбек» бағдарламасына 17 млрд (теңге) бөлінді. (Оған) 30 мың адам мүше болды. Неси беру, гранд беру, кәсіпке оқыту, кәсіпкерлікті қолдау шараларының бәрі орындалды»,- деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ал премьер-министр Асқар Мамин Жамбыл, Солтүстік Қазақстан,Шығыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында тұрғындарды жұмыспен қамту қарқыны жоғары деп атап өтті. Қызылорда облысы (мемлекеттік гранттар беру, қоғамдық жұмыс орындарын ашу, жобаларға бөлінген қаржыны игеру және жұмыс орындары құруда) мен Батыс Қазақстан облысы (микрокредит беру, жастар тәжірибесі, жобаларға бөлінген қаржыны игеру, және тұрақты жұмыс орындарын құруда) көңіл көншітерлік жұмыс атқармапты.
«Жыл соңына дейін төрт ай ғана қалды. Әкімдіктер бағдарламаларды іске асыру жұмыстарын жандандыруы қажет. Қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет – бұл азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету. Қажетті ресурстар бөлінген, барлық құралдар бар, еңбек нарығында теңгерімсіздіктердің пайда болуына жол бермеу керек», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы электрондық еңбек биржасының бизнес-процестерін оңтайландыру, жұмыспен қамту шараларымен проактивті қамтуды дамыту және оларды іске асыру мониторингін күшейтуге нақты міндеттеме қойды. Әкімдіктерге әрбір жұмыссыз адамның профайлын құру және онымен жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде нақты жұмыс жүргізуге тапсырма берді.
Сонымен, үкімет пандемиядан кейінгі Қазақстанда экономикалық, әлеуметтік дағдарыс болмас үшін шағын жобалар мен бастамаларға барынша мән беріп отырғандай. Мұндай бағыт-бағдар өзін-өзі ақтай ма? Ұлттық кеңес мүшесі, белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыровтың айтуынша, Қазақстанның даму жолында бұдан басқа жол жоқ.
"Үкіметтің қазіргі жұмысы көзге көрінбейтін тірлік. Бірақ, пайдасы көп. Бұрынғыдай алып жобаларға жармасатын жағдай жоқ. Расын айтқанда, Қазақстанда ең тиімдісі - шағын жобадан зор нәтижеге жету. Мәселен, демографиялық, территориялық, нарықтық әлеуетімізге қарасақ, бізде бірден 30-40 мың жұмыс орынын ашатын, оның өнімін тарататын мүмкіндік жоқ. Елдегі алып компаниялардың өзінде жұмысшы саны 10 мыңнан аспайды. Ал үкімет қаладағы, аудандағы, ауылдағы әр шағын ауланы, нашар жолды жөндеп жатыр. Есік алдындағы жөндеу жұмысы әрине көзге көрінбейді. Бірақ, ауқымды қарасақ, мыңдаған аула, мыңдаған көше жасалып жатыр ғой. Ал бұл жұмыстың артында жүргізуші, аспаз, жұмысшы, кірпіш не бетон шығаратын кәсіпорын, ондағы жүздеген еңбекші тұр. Олар қосымша ауылшаруашылығы саласындағы адамдарды жұмыспен қамтып жатыр. Өйткені бәріне тамақ керек. Біреу етін сату керек. Оны алатын ақша керек. Ал ақша болу үшін жұмыс қажет дегендей. Міне, осындай шағын нақты жобалар арқылы үкімет жұмыссыздықтың алдын алып отыр"-дейді саясаткер.