Ақтөбеде 100 адам 120 мың шошқаға қарсы шықты

Жанар Қожанова

  • 13.01.2021

Ақтөбедегі шошқа фермасын жабуды талап еткен халық бүгін тағы бас көтерді. Екі  айдан бері ушыққан мәселе әлі күнге шешілер емес. Бестамақ ауылының халқы шошқа фермасының басшысы халықтың да облыс әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИННІҢ де талабын пысқырмай отыр дейді. Сөздерінше база жұмысын әлі күнге тоқтатпаған, баяғыша  сойылған шошқалардың өлігін көміп, нәжісін өзенге  ағызып отыр.

«Мында елу бес мың шошқа бар дейді. Бізге санауға рұқсат бермей жатыр. Бұл жақта 120 000 шошқа бар. Күнбе күн су ішіп, жем жеп жатыр. Нәжістері шығып жатыр  ғой. Бәрі суға ағып жатыр. Біз алдында айттық тәулік бойы союды бастасын деп. Еркектері бірінші сойылсын. Ары қарай саны азаяды. Бұлар мына жақтан сойып жатыр, мына жақтан туып жатыр. Өзгеріс жоқ», - дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Самат САҒЫНБАЕВ.

Бестамақ ауылының жүзге жуық халқы бүгін тағы атойлап, ауыл іргесіндегі шошқа базасының қасына қайта жиналды. Екі айдан бері ферманың жабылуын талап еткен тұрғындардың алдына бұл жолы облыс әкімі орынбасары Нұржауған ҚАЛАУОВТЫҢ өзі келіпті. Тұрғындар  шошқа өсіретін ферманың басшысы билік қойған  талапты орындамақ түгілі, енді бір ауылдың ішіне іріткі салып, халқын  бір-біріне айдап салды қойды дейді.

«Іріткіні шошқа фермасының басшылығы салып отыр. Еттерін таратып, сондай шаралар істеп жатыр. Қазір міне халық деген екіге бөлініп жатқан сияқты осы ауылдың ішінде. Талабымыз жабу, болмаса бағытын өзгерту. Өткенде облысы әкімі Оңдасын Оразалин де солай айтты ғой», - дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Гүлнар АЙТЖАНОВА.

Бүгін де ферманың жабылуына қарсы шыққан жұмысшылар  жиналған ауылдастарының алдына  шығып,  мәселені жан жалмен шешпек болды.

«Олардың өздерінің былықтары бар. Құтыла алмай жатыр, қайда қашарларын.  Әдейі бізге қарсы шығартып қойды. Ана жерде біздің апамыз бар. Ағамыз бар. Әдейі қарсы шығарып қойды. Үкімет дым істей алмай жатыр. Түнде көрсеңіздер ғой, боқтын бәрін қалай шығаратынын . Дым да істеп жатқан жоқ. Заң жоқ Қазақстанда», -дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Алмат ЖАНБОЛАТОВ.

Ауылдастар арасындағы ушыққан жағдайды әріге апаруға қорықты ма, полицейлер араға түсіп, жұмысшыларды фермаға қуып тықты.

Ал мәселе көтерілгенде ферманың жұмысын уақытша тоқтаттық деген Ақтөбенің билігі болса ферманы жаппақ түгілі  бизнесменге салынған  жеті миллиард теңге айыппұлды да төлете алмай отырғандарын айтады. Сөздерінше кәсіпкерден айыппұлды мәжбүрлеп өндіртуге және шошқа базасының жұмысын сот арқылы тоқтатуға енді ғана бел буыпты.

Әкімдіктегілер қазір шошқа фермасында талпақ танаулыларды жою процесі жүріп жатыр деп сендірді. Сөзінше қазір ферма жұмысы мен басшысына қатысты анықталған заңбұзушылықтар бойынша сот та басталыпты.

«Экология департаменті бойынша он үш әкімшілік іс қозғалған болатын. Соның ішінде үш әкімшілік іс бойынша 1 250 000 теңге айыппұл салынды. Оның процестері жүріп жатыр. Одан бөлек келтірілген шығындар  бойынша жеті миллиардтай ақша көрсетілген болатын. Сол бойынша сот процесі 26-шы қаңтарға деп жоспарланып отыр. Қазір ферма жұмыс жасап тұр», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов. 

Бестамақ ауылының тұрғындары шошқа фермасы жұмысын тоқтатпайынша, қарсылығымызды тоқтатпаймыз деп бекініп отырғандарын айтты. Олар жергілікті билікке алдағы үш айдың ішінде базадағы шошқалар түгел жойылып, ферма толық жабылсын деген талап қойды.

Фотолар автордікі.

Байланысты жаналықтар

«Қытайлар айлығымызды көтермесе ереуіл тоқтамайды»

29.01.2021

Мұнайшылар аштық жариялады

26.01.2021

Алтын мен мысы көп ауылда мектеп жоқ

14.01.2021

Шалқарда жүзге жуық жұмысшы митингіге шықты

12.01.2021

Ақтөбелік 250 жұмысшы наразылыққа шықты

03.12.2020

Әкім Шахаровтың шаруасын жастар істеп жүр

05.11.2020
MalimBlocks
«Қытайлар айлығымызды көтермесе ереуіл тоқтамайды»

Мұнайшылар аштық жариялады

Алтын мен мысы көп ауылда мектеп жоқ

Шалқарда жүзге жуық жұмысшы митингіге шықты

Ақтөбелік 250 жұмысшы наразылыққа шықты

Әкім Шахаровтың шаруасын жастар істеп жүр