АСТАНА. Malim.kz. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2026-2027 оқу жылына ауылдық елді мекендердегі, шағын және моноқалалардағы мектеп түлектеріне арналған 350 білім беру грантын бөлді.
Қордың мәліметі бойынша, биыл білім беру гранттарын тағайындаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданып, ауылдық жерлерден шыққан жастарды қолдауға басымдық беріліп отыр.
Грантқа 25 жасқа дейінгі (қоса алғанда) ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың мектеп түлектері үміткер бола алады. Олар мына санаттардың біріне жатуы керек:
- жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары.
Грант нені қамтиды?
«Қазақстан халқына» қоры бір академиялық оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысын төлейді.
Сонымен қатар грант иегеріне оқу жылының 10 айы бойы ай сайын 60 мың теңге шәкіртақы беріледі. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Бұған дейінгі шәкіртақы мөлшері 40 мың теңге болған.
Грант оқу мерзімінің толық кезеңіне арналған. Бағдарлама қайтарымсыз негізде беріледі, яғни студент оқуын аяқтағаннан кейін грант қаражатын қайтаруға немесе міндетті түрде жұмыс өтеуге тиіс емес.
Құжат қабылдау қашан аяқталады?
2026 жылы талапкерлерді іріктеу бұрынғыдай Қордың серіктес жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы жүргізіледі.
Құжаттар 1-17 тамыз аралығында қабылданады.
Ал грант иегерлерінің тізімі құжаттарды тексеру аяқталғаннан кейін 11 қыркүйекке дейін «Қазақстан халқына» қорының ресми сайтында жарияланады.
Биыл бағдарламаға 44 жоғары оқу орны қатысып отыр. Серіктес университеттердің толық тізімі мен қажетті құжаттар тізімі Қордың ресми интернет-ресурсында жарияланған.
Қор гранттары қанша студентке берілді?
«Қазақстан халқына» қорының білім беру гранттары - оның алғашқы қайырымдылық бағдарламаларының бірі. Қордың дерегінше, 2022 жылдан бері 4 311 студент осы бағдарлама аясында қолдау алған. Қазір еліміздің әр өңірінде шамамен 2,5 мың студент Қор грантымен оқуын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, 2026-2027 оқу жылына Қазақстан бойынша мемлекеттік білім гранттарының жалпы саны 89 457 болып бекітілген. «Қазақстан халқына» қорының 350 гранты - мемлекеттік гранттардан бөлек берілетін қайырымдылық қолдауы.