Астанада қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтарға құран бағышталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Хазірет-Сұлтан мешітінде Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштады.

Қасым-Жомарт Тоқаев құран бағышталған соң арнайы сөз сөйлеп, биылғы жыл еліміз үшін қайғылы оқиғадан басталғанын, халқымыз өте қиын күндерді бастан өткергенін айтты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді. Біз лаңкестерге дер кезінде тойтарыс беріп, бетін қайтардық. Өкінішке қарай, дүрбелеңде бірқатар азаматымыз қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет. Қазіргі таңда тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Адам құқығын қорғау мәселесі мен үшін аса маңызды. Қайғылы жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды", – деді президент.
Ол оқиғадан кейін Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланғанын еске салды.
"Сол қасіретті оқиғадан бері 40 күн өтті. Бүгін марқұмдардың рухына құран бағыштау үшін мешітке арнайы келдім. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын. Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Мен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырдым", – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоры да осы қайырымдылық жұмысқа атсалысады деп ойлайтынын, енді халқымыздың тыныштығын бұзуға жол берілмейтінін жеткізді.
"Халқымыздың береке-бірлігі мен тыныштығын бұзуға жол бермейміз. Бұл – биліктің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ борышы. Мұндай қасірет ешқашан болмасын!", – деді президент.
Ол халыққа сабыр, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тілеп, өскелең ұрпақ үшін тұтас ел болып Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks

Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.