Ауыл партиясы ауылға жанашыр болса, Қызылағашқа келсін
«Ауыл» партиясын ауылға шақырамыз. Алматы облысына қарасты Қызылағаш елді мекенінің халқы Әли БЕКТАЕВ басқаратын партияны жер дауына қатысты үн қатуын сұрайды. Бұл туралы Malim.kz сайтының тілшісі хабарлайды.
«Ауыл халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атына заты сай болса, біздің ауылымызға келсін. Сайлау кезінде ғана ауыл-ауыл демей. Біз 2010 жылы су астында қалған ауыл едік. 40-жуық адамымыздан айрылдық. Жалғыз күн көрісіміз жайылым мен бақша егетін суғармалы жер. Үкімет 6 млрд қаражатқа су бөгетін жасап берді. Алайда одан елге пайда болмай тұр. Біздің жеріміз жоқ. Жергілікті билік өкілдеріне мәселемізді айтып жатырмыз. Бірақ мәселе әлі толықтай шешімін таппады. Ауыл партиясы келсін. Біздегі шынайы жағдайды көздерімен келіп көрсін», - дейді ауыл тұрғыны Берікбол РЫСАЛДИНОВ.
Қызылағаштықтар мәселемізді сенатор Әли Бектаев парламент қабырғасында көтерсе дейді.
Оқи отырыңыздар: “Ауылда екі сиыр бағатын жер жоқ” (видео)
2010 жылғы су апатынан кейін үкімет және республиканың түкпір-түкпірінен көмектер беріліп ауыл шаруашылығы үшін МТС құрылыпты. Камаз, зил, трактор, комбайнға дейін алынған. Бас-аяғы он екі техника түрлі қосалқы құрамдары (соқа, жалғамалы прицеп, шөп шабатын техника т.б) болыпты. Қазір соны бәрінен төрт-ақ трактор қалған. Сондай-ақ, ауыл халқы Алматы-Өскемен тас жолы үшін қазылған карьер мөлшерден артық қазылып қауіп төндіріп отырғандарын айтады.
«Қазір аудан мен ауыл әкімі ауысып кеткен. Ешкім МТС мәселесіне нақты жауап бермейді. Бір техникамыз тіпті Ақтөбе облысында жүр екен. Бұл не сұмдық? Қазақ бүлінгенен бүлдіргі алма деуші еді ғой. Үкімет пен еліміздің әр облысынан келген жылуға жиналған дүниені жоқ қылу тіпті адамдыққа жатпайды ғой. Ауыл партиясы сайлау кезінде ғана ауыл халқының жанашыры болмай осындай қиын кезде көмектесу керек қой. Қазір ауылда күнде жиналыс. Жиналып проблемамызды өзімізге-өзіміз айтатын болдық. Пандемия кезінде халықты шуылдата бермеу керек қой», - дейді тағы бір ауыл тұрғыны Серік ӘБДІЛДАЕВ.
Қызылағаштықтар ауыл іргесіндегі 1,5 гектар жерді әр отбасына бөліп беруді сұрайды. Суғармалы жерге бақша мен малдың қыстық азығын дайындамақшы. Алайда ол алқап 49 жылға 2012 жылы «Ақсу Агрохолдинг» ЖШС-не жалға берілген. Наразы жұрт мәселеміз шешілмесе Талдықорған-Өскемен тас жолын жабамыз дейді.