Азаматтар мен ТЖМ біріксе...

Жыл басынан бері елімізде төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалар саны 4,7 пайызға азайған. Бұл туралы Төтенше жаңдайлар министрлігі хабарлады.

  • 31.08.2022
Көрнекі сурет / Фото: egemen.kz

Төтенше жағдайдың орын алуы – ең алдымен, қауіпсіздік шараларының сақталмауынан болады. Алып өрттің өзі кішкене ғана шырпыдан тұтанады ғой, демек, қаншама қайғылы жағдайға алып келетін немесе үлкен шығындарға ұрындыратын оқиғалар болымсыз ғана себептерден бастау алып жатады. Біреу жарықты сөндіруді ұмытып кетеді немесе баласын қараусыз қалдырып кетеді, соның салдарынан қаншама оқиға туындауы мүмкін. Сол себепті, бұл саладағы ең басты атқарылатын шаруа – түсіндіру жұмыстары болуға тиіс. Бұл жағынан соңғы кездері Төтенше жаңдайлар министрлігінің атқарып жатқан шаралары жиі естиміз. Әртүрлі акциялар, халықпен кездесу, түрлі деңгейдегі даттығу, оқыту жұмыстары, т.б. Осы бағыт бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі ел азаматтары мен халқы арасында ашық ақпараттық алаң құруға ерекше көңіл бөліп жүр. Бұл да өз кезегінде азаматтардың қауіп-қатер туралы түсінігі мен оқыс жағдайда қалай әрекет ету керек деген мәселеде көп көмек береді.

Осындай шаруалардың арқасында азаматтар тарапынан да белсенділік байқалады. Мысалы, биылғы жылдың басынан бері қарай Министрлік министрдің блогы арқылы азаматтардың 256 өтінішіне түсініктеме берген. Одан бөлек ведомство басшылығы азаматтарды онлайн қабылдауды іске қосты, бұл «Аманат» партиясының онлайн-алаңы арқылы жүзеге асырылған. Және бұл жұмыстар тек министрлік жеңгейінде ғана емес, облыстық басқармалар мен аудандық, қалалық бөлімшелер басшылары деңгейінде де атқарылып келеді.  Олар да азаматтарды қабылдайды, министрліктің атқарып жатқан қызметіне деген елдің көзқарасы ашық талқыға түседі, ұсыныстар қаралады. Одан басқа да заманауи ресурстарды пайдалану арқылы әр түрлі шаруалар атқарылып келеді. Мәселен, осы жазда ғана Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар басқармасының тапсырысымен балаларға арналған қауіпсіздік мәселесін түсіндіретін мультсериал түсірілді.

«Мемлекет басшысының елдегі төтенше жағдайлардың санын азайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Министрлік су тасқыны, сел мен жер сілкінісі қатерін барынша азайту, өрттердің, қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар мен оқыс оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері елімізде төтенше жағдайлар мен оқиғалар саны 4,7%-ға азайды, яғни 7 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелді. Қайтыс болғандардың саны 23,5%-ға, яғни 426 адам, 1 156 азамат зардап шекті. ТЖМ құтқару қызметтері 44 мыңнан астам рет төтенше жағдайлар орнына шықты, 14 мыңнан астам адам құтқарылды және эвакуацияланды,екі мың жеті жүзге жуық зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді», - деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.

Бұл көрсеткіш ел азаматтарының елге, жерге деген жанашырлығы, қауіпсіздік туралы түсінігі, өоршаған ортаны қорғауға деген ниеті өскен сайын жақсара түседі деп болжауға болады. Мысалы, қазір демалыс күндері адамдар көп демалатын аумақтарда рупормен аранйы аралап жүріп, азаматтарға қауіпсіздік пен тазалық сақтау туралы ескерту айтып жүретін көліктерді жиі көруге болады. Әрине, тыйым салынған аумақтарда демалуға, от жағуға, балық аулауға болмайды, егер ондай жағдай болып жатса, оларға арнайы бекітілген айыппұл бар, дегенмен, айыппұлмен көп нәрсе шешіле бермеуі мүмкін, сол себепті, екі жақты тіл табыса, біріге жұмыс істеу өте маңызды саналады.

Осы орайда айта кетер тағы бір мәселе, адамдардың өз қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарамауы керек. Мысалаы, біз тауға шығып адасып кетіпті, қар көшкініне тап болыпты деген қайғылы жағдайларды жиі естиміз. Осыған орай, министрлік тауқұмар туристердің бағытын алдын ала сызып, басқармаға ескертіп кету керек деп бастама көтерді. Соның нәтижесінде, адам адасып кетсе немесе байланыссыз қалса, құтқарушылар оны алдын ала берген маршрут бойынша іздеп, тез тауып, көмектесуге мүмкіндік алады. Әрине, тауда шыңға шығатын арнайы бекітілген маршруттар бар, туристер сол маршруттан шықпауға, қауіпсіздік сақтауға міндетті.

Қазақстандағы табиғи апаттардың бірі су тасқыны. Бұл да көптеген адамдарға ғана емес, бүкіл бір ауылдарға, аудандарға қауіп төндіреді. Сондықтан, бұл бағыт бойынша атқарылатын шаруалар тек көктемде ғана емес, тоқтаусыз жүру керек. «Қыстың қамын жаз ойла» деген халық мәтелі осы жағдайды өте түсінікті етіп жеткізіп береді. Одан бөлек, жер сілкінісіне бейім аймақтарда да сақтық шаралары ешқашан назардан тыс қалмауға тиіс. Бұл туралы жауапты министрлік:

«Көктемде облыстың барлық дерлік аумағы су тасқынына бейім, су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша іс-шаралар жыл бойы жүргізіледі. Елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғау үшін республикалық деңгейде 2023 жылға дейінгі жол картасы, өңірлік деңгейде  облыстық жоспарлар мен Даму бағдарламалары іске асырылуда. Республика бойынша су тасқыны қаупі бар 1 010 елді мекен анықталды. Биылғы су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша 340 елді мекен  қауіп-қатер аймағынан шықты,  385-інде қауіп-қатер барынша азайтылды, 285-і бүгінде қауіп-қатер аймағында қалып отыр. 2022 жылғы сел қаупті кезеңнің өтуі жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жырылу қаупі бар 15 мұздақ көлде алдын алу іс-шараларын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күні оның 12-сінде алдын алу жұмыстары жүргізілуде, 1-еуінде аяқталды.

Еліміздің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған шаралар кешені» Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Оның шеңберінде Шығыс Қазақстан облысын егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру картасын әзірлеу аяқталды. 2022 жылдың соңына дейін карталарды әзірлеу жұмысы Алматы облысының аумағы үшін, 2023 жылы Жамбыл облысы үшін іске асырылатын болады. Алматы қаласының аумағында қиратушы жер сілкінісі туралы ерте хабарлаудың 9 автоматтандырылған жүйесі орнатылған. 2023 жылға дейін қосымша 28 станция орнату жоспарлануда», - деген ақпарат таратты.

Күз жақындаған сайын дала өрттерінің болу қаупі жоғарылайды. Биылғы жаңбырлы маусымның ұзаққа созылғаны, соның арқасында егістіктер мен жайылымдар, орман-тоғайларда шөп өте биік болып өсті. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Дегенмен, мұның бір ақуіпті тұсы өртке байланысты пайда болады. Күзге қарай шөп пен егістік құрғап, сәл ұшқын білінсе өртене кетуге бейім тұрады. Сол себепті де, дала өрттерінің алдын алу Өрт сөндірушілер, еліміздің өртке қарсы қорғанысы үшін үлкен сынақ есептеледі.

Қазір елімізде 422 өрт сөндіру депосы, 3321 өрт сөндіру-құтқару техникасы, жергілікті жерлерде 549 өрт сөндіру бекеті бар. Бұл Қазақстанның өртке қарсы қорғанысын қамтамасыз етеді. Қалалар өскен сайын өрт сһндіру деполары да көбейіп отырады. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалалары мен Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында 4 өрт сөндіру депосы салынып жатыр. Одан бөлек, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында 40 өрт сөндіру бекеті ашылған.

Өндірістік объектілердегі қауіпсіздік мәселесі бойынша да қырағылықты жоғалтуға болмайды. «Қадағалау профилактикалық жұмыстардың нәтижесі өндірістегі қауіптілік деңгейін едәуір қысқартуға мүмкіндік беретінін» ескерсек, 2018 жылдан бері орын алған авариялардың санын 30 %-ға азайғанын айта кету керек. 2018 жылы – 27, 2019 жылы – 28, 2020 жылы – 28, 2021 жылы – 20 өндірістік авария орын алған. Бұл бағыт бойынша тексерулер де күшейіп келеді.

«Мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру аясында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары бұзушылықтарын азайту мақсатында инспекторлар жыл басынан бері 1 306 тексеру, оның ішінде ерекше тәртіппен 713 тексеру және 593 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында 16 385 объект тексерілді. Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупін тудыратын өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 582 объект тоқтатылды», - деп хабарлайды жауапты ведомство.

Қандай шаруалар атқарылса да «Сақтансаң – сақтаймын» деген қағиданы негізге ала отырып, жұмыстар атқарылады. 

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады