Банк дауы: Сот ісінің бірыңғай тәжірибесі керек

  • 18.08.2021

Сот жүйесінің ылғи да жаңарып, жасарып отыру керек екендігі белгілі нәрсе. Ол қашан да оңтайландырылып, реформаланып отыруға тиіс. Әрине, соттың басты мақсаты – әділ шешім шығару ешқашан өзгермейтін қағида екені даусыз. Бірақ, заман өзгерген сайын құндылықтар да өзінше қалыптасады. Мысал үшін айтсақ, қазір баяғы біздің бабаларымыз қолданған, арнайылап «Күлтөбенің басында күнде жиын» қылып жүріп жазған «Жеті жарғыны» қазіргі заманға әкеліп пайдалануға бола ма? Әлбетте жоқ. Мүмкін, оның ұстанымдары мен жалпы бағыт-бағдарын үлгі ретінде пайдалануға болатын да шығар, дегенмен, қазіргі уақытта жәл сол кездегідей жер дауы, жесір жауы, қыз дауы, барымта-сарымта сияқты сол заманға ғана тән проблемаларды бүгінгі күнмен ұштастыру қиын шаруа екені түсінікті. Демек, принципі өзгермеген сот жүйесі әр заман, әр уақыт талабы алдан тосқан мәселелерді әділ де тиімді шешіп беруге қабілетті болуға тиіс.

         Бұл тұрғыда әр түрлі істерді қарайтын жеке-жеке сот жүйелері құрылған. Соның бірі мамандандырылған соттар. Мамандандырылған соттарды құру – саладағы үлкен реформаның жемісі. Бір салаға бейімделген соттарды қалыптастырып, бір салаға қатысты істерді терең, тыңғылықты, сауатты қарайтын судьялар шоғырын жасақтау істердің сапалы таразылануына, қателіктердің алдын алуға жол ашты. Бүгінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі, әкімшілік, әкімшілік құқық бұзушылықтар, экономикалық соттар жемісті еңбек етуде. Алдағы уақытта мамандандырылған соттар қатары әлі де көбейе түсері анық. Айталық қазір банк саласы, несие, қаржы бойынша туындайтын дау көп. Сондықтан мұндай дауларды қараудың бірыңғай тәжірибесін қалыптастыру сотқа да, судьяларға да, тараптарға да тиімді болар еді. Осыған орай судьялар қаржы, несиеге қатысты істерді қарау тәжірибесімен бөлісіп, жетістіктер мен кемшіліктерді ортаға салып отырғаны орынды. Мұның азаматтардың құқықтық, қаржылық сауатын көтеруге де септігі зор.

         Мәселен қазір интернет желісі арқылы тұтынушылардың табыс көзіне қарамастан қысқа мерзімді, жылдам әрі оңай рәсімделетін кепілсіз несие беру етек алып тұр. Қаржыдан қиналған тұлғалар жеңіл несиеге қызығып, қарызға белшеден батуда. Оңай табыс болған соң несие беретін заңды тұлғалар санының артқаны да байқалады. Алайда жедел несиенің салдарын зерттеп жатқандар аз. Ал бұл қаржылық тетікті халықтың дұрыс түсінбеуі даудың көбейіп, сот жүктемесінің артуына ықпал етіп келеді. Сондықтан алдағы уақытта онлайн-несие қызметін рәсімдеуде туындаған даулар бойынша құқықтық тұрғыдан зерттеу жүргізіп, істі сотта шешу мәселелеріне мән беру маңызды. Азаматтардың құқығын жан-жақты қорғау үшін судьяларға да бұл бағытта көп іздену қажет-ақ. Өйткені, қазір жекелеген азаматтар банк бермеген несиені жеке ірілі-ұсақты әлдебір компаниялардан ала салғанды дұрыс көреді. Кейін, олардың дәл банк сияқты құзіреті жоқ екенін әлдекімдерден естиді де, ақшасын қайтармай-ақ қоюды жөн көреді. Ал, ұсақ қарыз берушілер қарыз төлемі кешікке сайын үстемақы пайызын аяусыз өсіре түседі. Осыдан келіп, қарыз алушы мен қарыз берушінің арасында түсінбеушілік туындайды. Былай қарағанда, екеуі де заң бұзушы. Біреусі қарыз қайтармай қойса, екіншісі арнайы сертификат немесе арнайы рұқсатсыз банк ісімен айналысқан. Осындай кезде сот не істеу керек, әрине, арбаны сындырмайтын, өгізді өлтірмейтін ортақ шешімін табуға міндетті. Міне, осындайда мамандандырылған сот жүйесі басты планға шығады.

Жалпы жедел несиені алу оңай. Азаматтар заңды тұлғалардың интернет-ресурстарындағы сілтемелеріне сәйкес займдарды ұсыну (несие) ережелерімен танысқан соң, қажетті сома мен қарыз мерзімін анықтап, ұялы телефонның нөмірін көрсетіп, өтініш-оферта толтырады. Ал қарыз беруші енгізілген ақпаратты зерделеп, несиеге берілетін соманы қарыз алушыдан қайтару мүмкіндігін бағалап, несиені растайды. Алайда, осы тәртіппен онлайн-несиені оңай рәсімдеген азаматтар несиені дер кезінде қайтара алмаған жағдайда туындайтын қиындықтарды есепке алмайды. Шағын несие беру ұйымдарының пайыздары өте үлкен. Мұны сотқа түскен істерден аңғару қиын емес.

         Бүгінгі күні республикамыздың аудандық және оған теңестірілген соттарында онлайн-несие қызметінен туындаған дау бойынша бірқатар азаматтық істер қаралған. Сонда байқалатыны қарыз берушілер несие ресімдегендерден артық пайда табу мақсатында негізсіз жоғары көлемде сыйақы мөлшерлемесін және тұрақсыздық айыбын талап еткен. Сондай-ақ жиі кездесетін шағымдардың тағы бір түрі қарыз алушылардан түседі. Мұндайда электронды түрде несие сомасын алған азаматтар кейін оны мойындамай сотқа жүгініп жатады.

         Мысалы, несиесін дер кезінде қайтармаған азаматты шағын қаржы ұйымы сотқа беріп, қарыз соманы сот арқылы өндірмек болған. Іс барысында анықталғандай тараптар арасында интернет ресурсы арқылы шарт жасалған. Аталған құжаттың талаптарына сәйкес талапкер жауапкерге 20 000 теңгені 31 күнге дейін күніне 2% сыйақы мөлшерлемесімен банк шотына аударған, алайда жауапкер уақытында шарт талаптарына сәйкес талапкерге 32000 теңгені қайтара алмаған. Осыған байланысты талапкер жауапкерден негізгі сома 20 000 теңге, сыйақы 12 000 теңге, тұрақсыздық айыбы ретінде 59 000 теңге өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Сот талапкердің талап арызын ішінара қанағаттандырып, талапкер пайдасына жауапкерден тек негізгі сома 20 000 теңгені өндірген, ал қалған талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан.

         Мұндай шешім қабылдауға не себеп? Өйткені, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының «Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы» қаулысының 1-тармағына сәйкес, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар беретін кредиттер бойынша сыйақының шекті жылдық  мөлшерлемесі 56%-дан аспауы қажет. Ал аталған іс бойынша шартқа сәйкес сыйақы мөлшерлемесі күніне 2%, ал бір жылдық тиімді мөлшерлемесі 730% құрап отыр. Өкінішке орай, оңай ақшаны алар кезде азаматтар бұған мән бермейді. Қарызы шарықтап өскенде ғана амалсыз сотқа жүгінуге, немесе сот арқылы қорғануға мәжбүр болады.

         Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңының 6-бабының 1-тармағы 1, 2-тармақшаларына сәйкес, уәкілетті органның тиісті лицензиясы жоқ бірде-бір тұлғаның негізгі немесе қосымша қызмет ретінде банк операцияларын орындауға құқығы жоқ. Бірақ сот тәжірибесінде байқалғандай тиісті лицензиясыз банк операцияларын жүзеге асыратын микро несие беру ұйымдары аз емес. Тезірек ақша алуды ойлаған азаматтар бұған да назар аудара қоймайды. 

         Тағы бір мысал ретінде Ақмола облысы Бұланды аудандық сотының шешімін негізге алуға болады. Онда аудан тұрғыны интернет ресурсы арқылы шарт жасап, микроқаржы ұйымынан 10 күн мерзімге 30000 теңге мөлшерінде қарыз алған, сыйақы мөлшерлемесі күніне 1,8% деп белгіленген. Осы шарт негізінде талапкер қарыз сомасын жауапкердің төлем картасына аударған. Бірақ ақша қайтарылмаған. Соған орай  талапкер қарыз соманы өндіру туралы талап арызында жауапкерден негізгі сома 30 000 теңге, сыйақы 69960 теңге, тұрақсыздық айыбы ретінде 3000 теңге өндіруін сұраған. Ал жауапкер болса олардың арасында шарт жасалмағанын, өзінің төлем картасы бұрынырақ жоғалғанын және несие сомасын алмағанын алға тартып, қарызды төлеуден бас тартқан. Мұндай жағдайда не істеу керек?

         Сот - ақ пен қара анықталатын орын. Мұнда жауаптылықтан қашу үшін жалған сөйлеуге жол берілмейді. Сот - дәлел, айғақтарға сүйеніп кесім айтылатын орын. Сот барысында жауапкер өз қарсылығын дәлелдейтін тиісті құжаттарды ұсына алмады. Ал шағын несие беру ұйымының өкілі төлем карта жауапкерге тиесілі екендігін және аударылған несие сомасы сол күні шешіп алғандығы туралы мәліметті алға тартқан.

         Осыған байланысты сот талапкердің талап арызын негізді деп танып, ішінара қанағаттандырған, онда талапкердің пайдасына жауапкерден негізгі сома 30000 теңге, сыйақы 30000 теңге, тұрақсыздық айыбы 3000 теңге өндірген. Сыйақыны ішінара қанағаттандыру себебі, шешімде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 725-1-бабының 1-тармағының 5-тармақшасына сәйкес қарыз шарты бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі берілген қарыз сомасының 100%-нан аса алмайтындығына сілтеме жасай отырып, сот негізгі сома көлемінде сыйақы мөлшерлемесін өндірген.

         Жалпылама айтқанда, осының өзі банктік дауларды қарауда, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша сотта әлі де іргелі істер атқарылуы керектігін көрсетеді. Қаржылық сауаттылық тек қана жеке тұлғаларға ғана емес, қарыз берумен айналысушылар үшін де маңызды мәселелердің бірі екендігін айта кеткен жөн.

 

Жандос Жетібаев

Ақмола облысы Ақкөл аудандық

сотының төрағасы

 

Байланысты жаналықтар

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024

Аякөз Еркінбекқызы: Жастарға Қазанғап, Әлшекей, Ақбала күйлерін саф күйінде жеткізгіміз келеді

24.06.2024
MalimBlocks
Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.

Аякөз Еркінбекқызы: Жастарға Қазанғап, Әлшекей, Ақбала күйлерін саф күйінде жеткізгіміз келеді

Ақбала Жаңқабылұлы мен Шағдар Ақылбековтың есімдері қалың көпшілікке таныс емес