Бекшин қатаң карантинді ұзартты
Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысымен Алматыдағы қатаң карантин 12 сәуірге дейін ұзартылды.
«2021 жылдың 21-28 наурызы аралығында Алматы қаласында коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі ic-шараларды күшейту туралы» Алматы қаласы бас мемлекеттік санитария дәрігерінің 20.03.2021 ж. № 11 қаулысына келесі толықтырулар мен өзгерістер енгізе отырып, эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін қаулының күші 12 сәуірді қоса алғанға дейін ұзартылсын", - делінген құжатта.
Қаулыдағы өзгерістер бойынша, наурыздың 28-і сәуірдің 12-сі аралығында төмендегі шектеу шаралары күшіне енеді:
- Мектептерде 15 адамнан аспайтын кезекші сыныптардың (1-5, 9 және 11-сыныптар) офлайн оқуына рұқсат етіледі.
- Мешіттерде ұжымдық рәсімдерге тыйым салынады (жұма намаз, бес уақыт намаз, жиналыс, т.б).
- Рамазан айында ұжымдық ауызашар өткізуге тыйым салынады (бір отбасы мүшелерінің ауызашарын қоспағанда).
- Мешіттерде Құдайға жеке құлшылық ету, дұға етуге рұқсат, бірақ келушілер арасында 1,5 метр арақашықтық сақталуы керек.
- Жерлеу рәсіміне 10 адамнан аспайтын жақын туыстардың қатысуымен өткізу (қайтыс болған адамның туыстарына және ресми дін қызметкерлерінің өкілдеріне мәйітті мүмкіндігінше ауруханаларда жуу ұсынылады).
- Тұрғын үй саясаты басқармасы жүргізетін профилактикалық дезинфекцияға қосымша қала саябақтары мен көшелеріна (орындықтар, банкоматтар, паркоматтар, төлем терминалдары) және шағын сәулет нысандарына дезинфекциялау жүргізілсін.
Қаулыға сәйкес, мына шектеулер күшінде қалды:
- Аумағы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік дүкендер таңғы 10-нан түнгі 22.00-ге дейін жұмыс істей алады.
- Сән салондары мен шаштаразға тек алдын ала жазылған адамдардың шашын қиюға рұқсат етіледі. Маникюр, педикюр, косметологиялық процедураларды жасауға тыйым салынды.
- Қонақ үй, отель, курорт нысандары 50 пайызға дейін ғана толуы тиіс.
- Ашық және жабық азық-түлік емес базарлардың жұмысына толық тыйым салынды.
- Сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері 22 наурыздан 28 наурызға дейін жұмыс істемейді.
- Ал сауда үйлері мен сауда ойын-сауық орталығындағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына шектеу қойылды. Олар тек үйге алып кету мен үйге жеткізіп беруге ғана тамақ сата алады.
- Кітапханалардың жұмысы тоқтатады.
- Қала және қалааралық қоғамдық көліктер жұмыс күндері штаттық режимде, ал демалыс пен мереке күндері таңғы 6.00-ден 10.00-ге дейін, ал кешке 17.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.
- Фитнес және сауықтыру орталықтары жұмыс істемейді.
- Медеу мұз айдынында жаппай сырғанақ тебуге тыйым салынды.
- Ал Шымбұлақ тау-шаңғы курорты келушілер 500 адамға дейін қысқартуы тиіс. Шымбұлақтағы қоғамдық тамақтану орындары тек үйге алып кету мен үйге жеткізіп беруге ғана тамақ сата алады. Шымбұлақтағы жазғы алаңдардың жұмысына тыйым салынды.
- Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері таңғы 09.00-ден түнгі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Алдын ала жазылған адамдарды қабылдайды. Демалыс күндері жұмыс істемейді.
- Компьютер, бильярд, боулинг орталықтары жұмыс істемейді. Тек Ashyq жобасына қатысып жатқан орталықтар ғана жұмыс істей алады.
Наурыздың 26-сы күні Жандарбек Бекшин Алматыда вирустың британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталғанын хабарлаған. Бекшиннің айтуынша, жаңа штаммдар өте жұқпалы, жұ,у көрсеткіші 70 пайызға дейін жетеді.