Билік ерекше балалар емсіз қалсын дей ме?
Биліктің коронавирустың өршуіне байланысты қабылдаған мектепке дейінгі мекемелерді жабу туралы шешімімен аутизммен ауыратын балалары бар ата-аналар келіспейді деп хабарлайды Malim.kz.
Дамуы баяу балалардың ата-аналарының аталған шешімге деген наразылығын AUTISM KAZAKHSTAN ұлттық ассоциациясы жеткізіп отыр. Олар Қазақстан үкіметіне, Елорда әкімі Алтай КӨЛГІНОВКЕ, Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан САИННЫҢ атына АШЫҚ ХАТ жазды.
Ашық хатта онлайн оқытуға немесе қашықтан жұмыс істеуге басқа салаларда мүмкіндік болғанмен, ерекше балаларды тәрбиелеу мен бейімдеу бойынша мүмкіндік жоқ. Мұның көптеген себептері бар. Орталық ата-аналар ұсынып отырған 5 уәжді алға тартады:
«Барлық ата-аналар осы санаттағы балалармен жұмыс істейтін орталықтардың жұмысын тоқтатпауды сұрайды, себебі:
- Ең бастысы, балаларды оңалту – бұл тек арнайы мамандардың белгіленген әдістемелер мен бағдарламалар бойынша жүргізілетін жұмыс;
- Бейімдеу орталықтарында жаттығуға арналған үй жағдайында қолдану мүмкін емес, қымбат тұратын құрал-жабдықтар пайдаланылады;
- Ұзақ уақыт сабақтан қалу немесе жаттығуды үзіп тастаудың салдарынан балалар дамуына кері әсерін тигізіп, денсаулығы нашарлап, аутоагрессия пайда болуы, аурулары асқынып кетуі мүмкін.
- Онлайн (қашықтан оқыту) сабақтар дамуында ерекшелігі бар балалар үшін жарамсыз, өйткені, олар жақсы даму үшін көзбен байланыс жасау маңызды, арнайы бағдарламалар бойынша тоьютормен жеке жұмыс істеу керек, сөйлеу техникасын және басқаларын үйренуге тиіс;
- Ата-аналар балаларымен өздері жұмыс істей тұрады дейтіндей елде мемлекеттік орталықтардың өзге аналогтары жоқ. Қымбат тұратын түзелту мен оңалту үшін жағдай жетпейді.
Хатта, сондай-ақ, балаларының дамуын тоқтатпау үшін олардың карантин жағдайындағы денсаулықтарына қатысты барлық жауапкершілікті ата-аналар өз мойындарына алатыны айтылған. Ассоциация да оңалту орталықтарында барлық санитарлық талаптар мен алдын алу шаралары қатаң сақталатынын айтады.
Мүгедек және дамуы тежелген балалардың ата-аналарының атынан ассоциация басшысы Нұргүл БАЛТАБАЙҚЫЗЫ қол қойған хатқа үкімет пен астана әкімдігі қандай жауап қататыны белгісіз. Ассоциацияның Facebook парақшасында жарияланған хаттың соңында Ақорданың баспасөз қызметін де белгілепті, демек, бұл жайттан президент аппараты да хабардар болуға тиіс.