Дағыстанда азалы күн. 30 адам қаза тапты
Дағыстан Республикасының Махачкала қаласындағы жанар-жағармай стансасы жарылып, 30 адам қаза тауып, жүзден астам адам жарақат алды.
Дағыстан басшысы Сергей Меликов 15 тамызды қаза болғандарды аза тұту күні деп жариялады.
Тергеу мәліметтері бойынша, 14 тамыз күні сағат 22.00 шамасында автокөліктерге техникалық қызмет көрсету кезінде автосервис ғимаратында өрт шығып, өрт жанармай құю бекетіне өтіп, газ-ауа қоспасы жарылған. Мәліметтерге сәйкес, 10 сұйық газы бар цистернаның екеуі жарылған. Тарап жатқан ақпараттарға қарағанда от жалыны 50 метр радиусты шарпып, жанып жатқан өртке қарап тұрғандар да зардап шеккен.
Өрт жарылыс болғаннан кейін төрт сағатқа жуық уақыттан соң сөндірілген.
Көптеген адамның қаза табуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтты.