Есенғали Раушанов қайтыс болды
Ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов қайтыс болды. Бұл туралы ақын Ақберен Елгезек Facebook парақшасында жазған.
"Қадірлі ағайын! Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтан айырылып қалдық. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі" - делінген жазбада.
Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған.
1973 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе совхозындағы №192 орта мектепті бітірген соң, 1975–1977 жж. Кеңес әскери күштері қатарында Солтүстік Кавказ әскери округінде қызмет атқарды. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Өлеңдері 1973 жылдан бері жарияланып келеді. 1983 жылы «Бердәулет пен Жоламан» атты поэмасы Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен «Жалын» баспасының озық шығармаларға жариялаған бәйгесінде бірінші орын алды.
1983–1987 жж. «Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1988–1995 жж. «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бас редакторы қызметін атқарды. Қазір «Жазушы» баспасының директоры.