Кентауда құтқарушылар суару каналына түсіп кеткен екі жасар баланы құтқарып қалды
Түркістан облысы Кентау қаласында құтқарушылар көше бойындағы суару каналына құлап кеткен екі жасар бала құтқарып қалды. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Оқиға бүгін, 30 сәуір кешкі уақытта орын алған. Сағат 19:47де Кентау қаласы, Хантағы ауылы, Төреқұлов көшесінде 500 мм суару құбырына кәмелет жасқа толмаған баланың құлап кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Құтқарушылар оқиға орнына барған кезде ересектердің қарауынсыз қалған 2020 жылы туған бала құбырға құлап, жер бетінен 15 метр қашықтықта тұрып қалғанын анықтаған.
Құтқару операциясына Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінен 3 құтқарушысы және 1 бірлік техникасы жұмылдырылған.
Құтқарушылар зардап шеккен баланы құбырдың ішінен алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстаған. Қазіргі уақытта баланың жағдайы бірқалыпты. Ол дәрігерлердің бақылауында болуы қажет.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігі балаларды ересек адамдардың қарауынсыз қалдырмауға кеңес береді. Және құбыр қақпақтары және суару каналдары орналасқан аумақта абай болуға шақырады. Көктемгі уақытта су қарқыны қатты әрі кең өңірлерде судың әлі суық екендігін ескере отырып, суға түсу маусымын әлі бастамаған жөн.