Меккеде садақа сұраған блогердің көздегені не?

Қажылыққа мұқтаждардан гөрі қалтасы қалыңдар баратын болды

Олжас Қасым

  • 05.10.2023

Таң қалатын ештеңе жоқ, қазір Меккеге жағдайы бардың бәрі  ағылып жатыр.  Қажылыққа бір емес, бірнеше мәрте баруды әдет қылып алғандар да аз емес. Меккеге 100 рет барып, ұлан-асыр той жасаған Амангелді Әбдіхалықты жұрт ұмыта қойған жоқ.  Елордалық Фатима Адаева 35 рет қажылық парызын өтесе, экс-мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы 15 рет қажы атанған.  Жә, мәселе мұнда емес. Біз Меккеге табан тіреуді базарға барғандай көретіндер жайында айтамыз. Жақында ғана блогер Балқия Балтабай қасиетті жерден елге сәлем жолдап, халықты шу еткізді. 

«Маған бүгін мынадай идея келді. Қазір каспи көрсетемін. Осы каспиге садақа салған адамға эфирге шығам да, эфирге салдым дейсіздер де, өтірік айтпайтын шығарсыздар, салдым деп дұғаларыңызды жазасыздар. Мен эфирге шыққан кезде қағбаға қарап тұрып сол дұғаларыңызды оқып беремін. Мен бармын, қыздарым бар жанымда, кезекпен эфирге шығып оқып береміз. Сондықтан, бірақ біліңіздер, уайымдамаңыздар, жаман ой келіп тұрған болса осы жерде бірден айтайын, бұл берген садақаларыңыздың бір тиыны да менің қалтама түспейді. Сондықтан,   ниет етіңіз де садақаларыңызды аударыңыз»,-деді желі жұлдызы.  

Ислами психология тақырыбында тренинг өткізумен белгілі болған блогердің садақа сұраған сәлемдемесінен соң қоғам пікірі екіге жарылды. «Ауадан ақша жасайтындар ұят қайда?», «Меккеге қайыр сұрауға барды ма?», «Ақшаны ойламай, дұға қылса болмай ма екен», - деп  сынға алып жатқандар әлі көп.

ҚМДБ да бұл жағдайды теріске шығарды. «Фиқ кітаптарында садақаны алдымен өзіңе жаса, содан кейін жақындарыңа жаса деген. Дінде өз еліңде мұқтаждар бола тұра, басқа елге садақа беруді құп көрмейді, бұл ұнамсыз деп саналады», – деді діни басқарма өкілі.

 Балқияның тура Мекке түбінен неліктен мұндай әрекетке барғанын  дінтанушы маман Роман Бұрқаш та білместік деп есептейді.  Оның айтуынша, «Қағбаның түбінде Сіздердің аттарыңыздан дұға қыламын, сондықтан маған қайырымдылыққа ақша жіберіңдер аттарыңды жазыңдар» деуі  жөн емес. Теолог жалпы осындай  популистік, хайптық әрекеттерге түбегейлі  қарсы. Өйткені, бұл ислам дініне қара күйе жағатын нәрсе.   

«Кім дұғаға мұқтаж, сол адам өзі жасағаны абзалырақ.    Екіншіден, дұғаның  белгілі бір мекені жоқ.  Әрине, кейбір қасиетті жерлерге арнайы барып, тілек тілеуге болатын шығар.  Бірақ, қастерлі құндылықтар арзан сауданың құрбаны болып кеткендей. Исламдағы дұға, қағба, мұқтаждың ішкі жанайқайы секілді  асыл, қасиетті ұғымдардың құнын түсіретін әрекеттер деп есептеймін. Балқия Балтабай аяқ астынан топ ете қалған адам емес. Осылай болатыны о бастан-ақ белгілі еді.    Өйткені, сіздің қажылығыңыз қалтаңыздың қалыңдығына байланысты болып қалды.  Ол діни ритуал емес, сауда-саттықтың, маркетингтің  секторы болып кетті.  Неше түрлі курс шығаратындар саңырауқұлақтай қаптады.  Дұғаны дұрыс жасауды, намазды дұрыс оқуды үйретемін деген сияқты ақша мен діннің, популистік жағдайлардың бір бірімен қабаттасып кеткені соншалық, мұның қай жері дін, қай жері маркетинг екенін жыға танымайтындай күйге жеттік»,-дейді ол. 

Теолог блогердің «ақшаны өз қалтамызға салмаймыз, мұқтаж жандарға береміз, түскен қаржыны қайырымдылыққа жұмсаймыз» дегенін жөнсіз тірлік санайды.  Өйткені қазір біз  қайсысы дінді дәріптейді, қайсысы қаржыны көздейді ажырата алмайтын,  дүдәмал  халдеміз.

Иә, әлеуметтік желіде бір жағынан сауатсыз, интеллектуалдық деңгейі төмен молдалардың ала-құла уағыздары желдей есіп жатса, бір тұстан қажылық компаниялар Comfort пакет ұсынып  қасиетті ритуалдардың қадірін кетіріп жатқаны бәріне белгілі.   Сонымен қатар, интернетті «Ризық» деген курстар жаппай жаулап алған.

«Ақшасын төлесеңіз болды, Құрандағы ризықтар туралы сізге тәпсір жасап береді.  Осылайша әлдекімдер дінді саудаға айналдырып жіберді.  Мұның себебі, діндарлардың ішінде академиялық білімі бар  адамдардың тапшылығы.  Болса да қоғамды алатайдай бүлдіріп,  адамдардың санасын улап жүргендердің әрекеттерін батыл сынайтын, бейтарап түрде тойтарыс беретін зиялы діндарлар жоқтың қасы. Академиялық білімі бар ғалымдар да төбе көрсете бермейді.  Меккеге барып садақаға ақша жинау әрекетіне көз жұма қарауға болмайды»,-дейді дінтанушы. 

Сарапшы маман қасиетті парыз саналатын қажылықтың өзінен қадір кеткенін  31 жыл ішінде  діни жамағаттар мен жат ағымдар,  ұйымдардың көбеюінен көреді. Халықтан  ашықтан ашық   асарлатып жылу жинаудың артында ешқандай да сауап жатқан жоқ. «Оған елдің де еті үйреніп қалды. Бар кінә діни сауатсыздықтан. Қитұрқы жолдармен елдің ақшасын сорып, сорлатып отырғандар көбейіп барады»,-деп біледі Р.Бұрқаш.  

Қоғам белсенділері діннің атын жамылып бұқараның санасын сан саққа жүгіртетіндерді, желіде шындыққа жанаспайтын қияли уағыз жасайтындарды заңмен қатаң жазалауды сұрап отыр. Әзірше оны Үкіметтің, билік бишігін ысқыртып отырған шенеуніктердің  еститін, елейтін түрі байқалмайды.      

Байланысты жаналықтар

Дзюдошы Елдос Сметов мұқтаж жанға Ұмраға жолдама сыйлады

11.10.2024

Қазақстанда адам ағзасы саудаға түскен

12.09.2024

Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасында жүк көліктері кептеліп қалды

03.08.2024

Елімізде ішкі тауар айналымы 27,6 трлн теңгеге жетті

26.07.2024

Қазақстан мен Түмен облысы арасындағы тауар айналымы 113,3 млн долларға жеткен

25.07.2024

Енді еттің сапасын QR код арқылы анықтауға болады

12.07.2024
MalimBlocks
Дзюдошы Елдос Сметов мұқтаж жанға Ұмраға жолдама сыйлады

Олимпиада чемпионы өз тойында сыйлық жасауды жөн көрген

Қазақстанда адам ағзасы саудаға түскен

Органдарды сату үшін адам ұрлау бойынша екі іс тіркелген

Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасында жүк көліктері кептеліп қалды

Кептелік бірнеше шақырымға созылады

Елімізде ішкі тауар айналымы 27,6 трлн теңгеге жетті

Сауда және интеграция министрлігі заманауи сауда инфрақұрылымдық форматын құру үшін мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізуде.

Қазақстан мен Түмен облысы арасындағы тауар айналымы 113,3 млн долларға жеткен

Кездесу барысында мемлекеттік шекара арқылы жүк-жолаушы тасымалы бойынша көпжақты өткізу пунктін реконструкциялау жобасы қаралды.

Енді еттің сапасын QR код арқылы анықтауға болады

Қазіргі таңда жоба іске қосылып, барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істеп тұр.