«Мектепте оқығысы келмеген». Буллингке ұшыраған әйгілі тұлғалар
Қатты соққының әсерінен мұрыны сынып, ота да жасатқан
Буллинг көп жағдайда біреудің интеллектуалдық қабілетін, шығармашылық мүмкіндіктерін қызғанудан туады. Жас кезде алған психологиялық травмалар адам есейген кезде де толық жазылмауы мүмкін дейді психологтар. Десек те, әлімжеттік көрген балалардың дені әділетсіздікке тіке қарсы тұрмаса да, басқаша жол тауып, кекшілдікке бет бұрмай, көздеген мақсатына жеткен. Компьютерлік бағдарламалау ғасыры, жер шарын интернетпен қамту, ғарыш кеңістігін игеру сияқты адамзаттық, өркениеттік жаңалықтар буллингке тойтарыс беру туралы ойлардан, тоқтамдардан туғанын түсінуге болады. Өкінішке қарай, күйзеліске, өкінішті жағдайларға тіпті суицидке дейін апаратын зорлық-зомбылық азаймай тұр. Әлемде әрбір төртінші бала буллингтің құрбаны болады. Ат-атағы жаһанға мәлім тұлғалардың ішінде де мектептегі әлімжеттіктен айналып өткендері аз. Солардың бір парасына тоқталуды жөн санадық.
Атақты миллиардер, Microsoft Corporation компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс те бала кезінде сан мәрте буллингтің құрбаны болған. Біртоға, зерделі, ақылды оқушыны мектептегі қатарластары келеке етіп, әлімжеттік жасаған. Олар Биллге «Ботаник», «оқымысты» деген лақап ат қойып, үнемі келеке қылып, жүйкесіне тиетін. Болашақ миллиардерге мектеп кештері мүлдем ұнамады, спортқа екібастан қызығушылығы болмаған. Уақытының көбін физика, математика және бағдарламалау пәндеріне арнауды жөн санады. Дегенмен, көкірегін керген құрбылары оның уақытын ұрлауға, кедергі жасауға барын салып бақты. Ол мектебіндегі бұзақы, әумесерлерге ішіндегі қыжылын қанша оқталғанымен, білдіре алмады. Оған шамасы да жетпейтін. Есесіне өскенде бәрінен де миллион есе табысты болатынын дәлелдеу үшін мектепті тезірек бітіруді тағатсыздана күтеді. Қалай дегенмен де Гейтсті білім мекемесіндегі мүйіздеу, қоқан-лоққы көрсету әрекеттері алға қарай жүруге, қайрауға бағыттады. Алайда, өзінің айтуынша, балалық шағында көрген буллинг оның жан-дүниесінде өшпейтін жарақат болып сақталды. Содан да болар, ол жасаған Windows операциялық жүйесінде ағылшын тілінен аударғанда «Ботаник» деген мағына беретін «Con» қалтасын жасау әлі күнге мүмкін емес.
Қазір әлемді ауызына қаратып отырған миллиардер, инженер Илон Маск те мүйіздеу мен қоқан-лоққыны аз көрмеген. Балалық шағы Оңтүстік Африкада өткен ол буллингке қатты ұшырады. Илон сыныбындағы жасы жөнінен ең кішісі және шағын денелі бала болды. Осы әлсіздігін пайдаланып, мектептегі қатарластары оны бопсалап ақша алатын. Оның мектептегі жылдары өте қиын болды. Бірде бір топ бала Маскті елеусіз жерге апарып, есінен танғанша ұрады. Қуанышқа орай, жедел жеткен дәрігерлер жасөспірімді бір ажалдан аман алып қалды. Қатты соққының әсерінен мұрыны сынып, ота да жасатқан. Алайда қаншама рет жасалған әлімжеттік, психологиялық жарақат Илонға Пенсильвания университетін бітіріп, физика және экономика бойынша бірден 2 ғылыми дәреже алуға кедергі болмады. Өнертапқыш бүгінде әлемді өзгерткен адам. Ал оның жанына сызат салғандардың бір де біреуі туралы татымды дерек жоқ және олардың өмірі ешкімді де қызықтырмайды.
Буллинг қыздар арасында да жиі жасалады. Психологтардың пікірінше, жігіттерге қарағанда, қыздардың мүйіздеу, шеттетуі қатігез, аяусыз болып келеді. Мәселен, атақты актриса, режиссер мектепте оқығанда психотерапевттің көмегіне мұқтаж балалардың тобына жазылуға мәжбүр болған. Өзінің сұхбаттарында сыныптастары төмпештей берген соң сабаққа баруға құлқы болмағанын айтады. Жас Анджелина сыныбында көшбасшы ретінде көріне алмады. Оған «ұстамсыз, социопатияға бейім» деген мінездеме беріліп, тіпті ұстаздары да қыздың жанындағы жарақатты түсіне қоймаған. Орта сыныптарда Энджи макияжға көңіл бөліп, өзін өзгелерден ерекшелендіріп тұратын киімдерді кие бастайды. Өзгеше стильді қабылдай алмаған олар жеткіншектің ұзын аяқтары мен суық түсті көйлектерін мазаққа айналдыруын тоқтатпады. «Бәрі маған тек шабуыл жасайтын. Олар мені ақымақ, қорқақ»,- деп кемсіте беретін дейді Джоли. Бұл қатарда Джеки Чан, Кристиан Бэйл, Джессика Альба, Леонардо Ди Каприо секілді әлем жұлдыздары да бар.