«Мені қамап тастамақшы»
Төтенше жағдай кезінде қоғамдық белсенділердің қамалуы жалғаса бере ме? Бүгін белгілі кәсіпкер, қоғамдық белсенді Марғұлан СЕЙСЕМБАЙ «мені қамап тастамақшы» де мәлімдеме жасады.
Бұған дейін қоғамдық белсенділер Әлнұр ИЛЬЯШЕВ пен Арман ШОРАЕВ ұсталалған болатын.
«Достар, менің ізіме түскенге ұқсайды.Соңғы бірнеше күн бойы «Алель Агро» қызметкерлерінің тыныштығы қашты. Кеше түнде «Алель Агро» басшылығын тұтқынға алды. Күні бойы банктерден құжаттарын алдыртып, үйлерінде тінту жүргізді.Мүмкіндігімді пайдаланып, мен ешқандай да қылмыс жасамағанымды айтқым келеді. Бір де бір бизнесте мен ешнәрсеге қол қойып, болмаса басшылық етпедім. Қазір олар «Алель Агроға» қатысты субсидиялар алу кезінде алаяқтық пен қаржы жымқыру бойынша қылмыстық іс қозғап отыр. «Алель Агро» айып тағылатындай инвестициялық субсидиялар алған емес. Менің бұл субсидиялардың үлестірілуі, не алынуына ешқандай қатысым болмаған, қазір де еш қатысым жоқ. Сондықтан, бұл нағыз саяси іс, олар мені қамап тастамақшы немесе ауызымды жаптырғысы келіп отыр.Менің үйімнің айналасында 30-40 шақты адам жүр. Шамасы комитетчиктер», - деп жазды Марғұлан Сейсембай facebook.com парақшасында.
Марғұлан Сейсембай ел тәуелсіздік алған жылдары бизнеске келді. 1991-2009 жылдары «Сеймар» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2007-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Шахмат Федерациясының президенті қызметін атқарды. Бұл күнде «Форте» банк құрамына кіріп кеткен «Альянс Банк» иесі болды. 2009 жылы Марғұлан Сейсембай мен туған бауыры Ерлан СЕЙСЕМБАЙ және банктің несие комитетінің басшысы Сапаров 112 млн доллар жымқырыд деген айып тағылған. Тіпті қаржы полициясы халықаралық іздеу жариялады.
2011 жылы Алматыда судья М. Сейсембай «банк қаражатын заңсыз пайдаланды» деп екі жыл шартты жазаға кесілген. 2013 жылы диссидент Ермек НАРЫМБАЙ болса «Альянс банктің» жасырын пайыздар арқылы клиенттерін алдағанын мәлімдеген.
Марғұлан Сейсембай Қазақстаннан екі рет кетуге мәжбүр болған. 2010 жылы Қазақстанға оралған президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА адал екенін жария етті. Және банк ісімен енді араласпайтынын жеткізді. Қазір экс-банкир әлеуметтік желілерде өте белсенді. Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне қатысты ойларын айтып отырады.
Фото: dalanews.kz